Қол мен рухтағы күш
Артқа
08.08.2025

Қол мен рухтағы күш

Биылғы «Самұрық-Қазына» АҚ X Спартакиадасында қол күресі сайысында «Самұрық-Энерго» компаниясының намысын абыроймен қорғаған әріптесіміз – Батыс жылу кешенінің қазандық машинисі Мұхамед Қуан болды.

Оның энергетика саласындағы жолы алты жыл бұрын басталды, ал 2021 жылы ол «АлЭС» ұжымының бір бөлігіне айналды. Өз жұмысында ол тәртіптілікті, дәлдікті және жауапкершілікті жоғары бағалайды – бұл қасиеттер оған тек өндірісте ғана емес, спортта да мықты болуға көмектеседі.

Мұхамед қол күресіне деген қызығушылығын студенттік жылдары, 2015 жылы танытқан. Содан бері бұл спорт түрі оның жай ғана әуесқойлығы емес, жүрек қалауына, нағыз құмарлығына айналды. Соңғы төрт жыл қатарынан ол «Самұрық-Энерго» командасы сапында «Самұрық-Қазына» АҚ Спартакиадасының жарыс алаңына шығып келеді. Осы жылдар ішінде үш мәрте чемпион атанып, тек білек күшін ғана емес, жеңіске деген темірдей жігері мен табандылығын да көрсете білді.

Оның спорттағы мықты формасының сыры – үнемі өзімен жұмыс істеуінде. – Аптасына төрт  рет жаттығу залына барамын, бос уақытымды да белсенді өткізуге тырысамын: тауға шыққанды, бассейнде жүзгенді жақсы көремін. OneFit қосымшасының арқасында спортпен айналысу әрдайым түрлі әрі қызықты өтеді. Аптасына екі рет күш жаттығуларын жасасам, қалған күндері техника мен жылдамдықты жетілдіремін. Мұндай тәртіп маған жан-жақты дамып, тұрақты нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі,– дейді Мұхамед.

Биылғы маусымда бәсекелестік бұрынғыдан да жоғары болды. Алайда Мұхамед барлық кезеңдерден сенімді түрде өтіп, құрметті 4-орынға ие болды. Бұл жолы да ол нағыз спортшы үшін тек нәтиже ғана емес, ең бастысы – табандылық пен күреске деген жігер маңызды екенін дәлелдеді.

Әріптестері оның жетістіктерін мақтанышпен айтады, себебі ол – жұмысындағы кәсібилікті жарқын спорттық нәтижелермен үйлестіре білген жанның жарқын үлгісі.