ОҚТО: бельгиялық із және жібек парашют
1996 жылы Алматының энергетикалық жүйесін сатып алған бельгиялық компания оны толықтай реформалауға кірісті. Шетелдік инвестордың жаңашыл реформаларының ішінде, қазіргі«АлЭС» АҚ-да оңынан қабылданатын жаңалықтардың бірі – Отын қабылдау және түсіру орталығын (ОҚТО), яғни энергетикалық кешенде теміржол торабын құру бастамасы.
Бұл орталықты құру туралы бұйрықты белгиялықтар 1998 жылы рәсімдеді. Осылайша, ОҚТО қазіргі күнде «АлЭС» АҚ-ның маңызды инфрақұрылымдық бөліміне айналып, теміржол арқылы отын тасымалдау мен өңдеуді тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен, энергетиктердің айтуынша, осы құрылымды ұйымдастыру идеясын алғаш көтерген – сол кездегі«АПК 2-ЖЭО» АҚ бас инженері Нұрлан Мұхамед-Рахимов болатын. Жаңа департаменттің алғашқы басшысы болып Бақтыбек Шоланбаев тағайындалды.

Ол басшы ретінде департаменттің ұйымдастыру мәселелеріне ғана емес, штаттық кесте, бюджет және басқа да әкімшілік міндеттерге де көңіл бөлді. Сол кезде көптеген энергетиктер жаңа департаменттің мақсаты мен бірегейлігін түсінген еді. Оның негізгі идеясы – энергетикамен тікелей байланысты емес функцияларды бөлек бөлімге беру, арнайы дайындалған мамандардан тұратын команда құру болды.
ОҚТО құрылатын кезде теміржол жолдарының және тартқыш локомотивтердің техникалық жағдайы өте нашар еді. Ағаш шпалдары шіріген рельстердің аралығын өзгертіп, жолды тек уақытша жөндеумен ұстап отырды, кейде рельс арасына металл шегелер орнатылды. Маневрлік тепловоздар жиі істен шығып, қосымша жөндеу жұмыстарына қосымша персонал тартуға тура келді. Осындай көптеген факторлар 2-ЖЭО және 3-ЖЭО учаскелерінде жүктерді уақтылы түсіруге кедергі келтірді. Энергетиктер вагондардың тоқтап қалуына байланысты үлкен айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, энергетика саласында кәсіби теміржол мамандары болмағандықтан, бұл мәселелерді кәсіби және тиімді шешу мүмкін болмады – екі сала экономикада түбегейлі әртүрлі болған еді.

Мамандандырылған департамент құрылғалы, көптеген мәселелер тез шешіле бастады. Департаменттің мақсатты қаржыландыруы іске қосылып, бөлек бюджет жасалды, қаржы қаражаттары мақсатты түрде қолданылды. Алғашқы жұмыс жылы-ақ ОҚТО жол апаттарын айтарлықтай азайтты, вагондардың рельстен шығуы тоқтады. Компания жұмыскерлері вагондардың тоқтауына байланысты айыппұлдарды ұмытқандай болды. Департамент алғашқы жылдан-ақ құрылуының тиімділігін дәлелдеді.

Департаменттің көптеген материалдық-техникалық мәселелері бірден шешілген жоқ. Алайда жаңа автокөлік алу оқиғасы ОҚТО жұмыскерлерінің арасында аңызға айналған. Департамент жұмыс барысын қадағалау, қауіпсіздік техникасын сақтау және автопаркты жаңарту мақсатында сол кездегі АПК-ның бас менеджері Валерий Сауранович Торламбаевқа хат жазып, жаңа қызметтік автокөлікті бюджетке қосу ұсынылды. Торламбаев әзілмен: «АПК» ЖАҚ ұйымдастырған алдағы шарада директор парашютпен секірсе, өтінішіңіз орындалады» деді.
«Директорды «мүмкін емес» дегенмен тоқтату мүмкін болмады. Департамент құрылғанда бізге ескі автобустар мен машиналар берілді. Директор Бактыбек Тлеукеновичке ескі «Волга» тиді. Сол кезде Торламбаев АПК-ның бас директоры еді. Ол бізді 1 мамыр мерекесінде Байсерке аэродромына апарып, әзілдеп: «Кім жаңа қызметтік көлік алғысы келсе, секіреміз!», дегені бар.
Бақтыбек Тлеукенович өмірінде бірінші рет парашютпен секірді. Нәтижесінде оған KIA маркалы жаңа машина берілді. Біз де кейін парашютпен секіруден өттік – ерікті және жартылай міндетті түрде», – деді Канат Шайзанов, теміржол шаруашылығының бас инженері.
Әрине, басқаларға мұндай мүмкіндік берілмеді, бірақ бұл оқиға ОҚТО-ның толыққанды және маңызды департаментке айналғанын, кәсіби және өз міндеттеріне сай дамып, жетілгендігін, жабдықталғанын көрсетеді.