ЖЭО-2 ЖАҢҒЫРТЫЛҒАННАН КЕЙІН СТАНЦИЯНЫҢ АТМОСФЕРАҒА ШЫҒАРЫНДЫЛАРЫНЫҢ ЖЫЛДЫҚ МӨЛШЕРІ 94%-ҒА АЗАЯДЫ%
Алматының қалалық ЖЭО шығарындылары екі жыл ішінде 26%–ға – 50-ден 37 мың тоннаға дейін төмендеді. Бұл туралы «Алматы электр станциялары» АҚ («АлЭС») қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Рамиль Ғалиев айтты.
«Қаланың атмосфералық ауасына түсетін жүктемені азайту үшін «АлЭС» 2007 жылдан 2012 жылға дейін ЖЭО-ның барлық қазандық қондырғыларын қайта жөндеуден өткізді. Шығарындыларды тазарту дәрежесі іс жүзінде 100% құрады. Оттық құрылғылары жаңартылды, ЖЭО-1 2017 жылдан бастап толығымен газға ауыстырылды. Қалалық ЖЭО шығарындыларының жалпы көлемі 26%–ға – 2007 жылғы 50 мың тоннадан 2019 жылы 37 мың тоннаға дейін төмендеді», – деді Рамиль Ғалиев.
Ол ЖЭО-2-ні газға ауыстырудың алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленгенін, онда жобаны жүзеге асырудың бірнеше нұсқалары ұсынылғанын айтты. ЖЭО-2-ні жаңғырту бойынша күрделі шығындар ұсынылған жобалардың қайсысы таңдалатынына байланысты 100-ден 560 миллиард теңгеге дейін бағаланды.
«Жобалар қымбат, таңдалған нұсқаға байланысты 2020-2029 жылдарға арналған мерзімдері бар. Мәселені тек «АлЭС» немесе «Самұрық-Энерго» ғана шеше алмайды, сондықтан олар мұны әкімдік пен Үкімет деңгейінде істеп жатыр. Сондай-ақ, ЖЭО–2 модернизациялау нұсқасын таңдағанына қарамастан, жобаны іске асыру электр энергиясы мен жылу тарифінің айтарлықтай өсуіне әкелетінін түсіну керек», – деп атап өтті Рамиль Ғалиев.