Ұжымдық шарт

Ұжымдық шарт

2025 жылғы 20 маусымда Қоғамда 2025-2028 жылдарға арналған «Алматы электр станциялары» АҚ Ұжымдық шарты – ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт жасалды.

Әлеуметтік әріптестіктің негізгі құжаты болып табылатын осы сегізінші редакция Екіжақты комиссияның жұмысының нәтижесінде әзірленіп, келісіліп, бекітілді. Комиссия тепе-тең негізде құрылып, оған Жұмысшылар тарапынан (Қоғамның құрылымдық бөлімшелеріндегі Кәсіподақ комитеттерінің сегіз төрағасы – «Энергия» Жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің мүшелері) және Жұмыс беруші тарапынан (Басқарма Төрағасының басшылығымен қызмет бағыттары бойынша сегіз басшы) кірді.

«АлЭС» АҚ-ның бұған дейінгі Ұжымдық шарттарының редакциялары үш мәрте Қазақстан Республикасындағы үздіктердің бірі болып танылған:

– «Парыз-2015» байқауында «Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ең үздік ұжымдық шарт» номинациясының лауреаты ретінде;
– «Парыз-2020» байқауының нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің Алғыс хаттарымен марапатталды;
– «Парыз-2023» байқауының нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ұжымдық шарттың алдыңғы редакциясына өзгерістер мен толықтыруларды енгізу бойынша ұсыныстарды әзірлеу барысында Тараптар:

– Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарын, оның ішінде еңбек саласындағы кемсітушілікке жол бермеу, тараптардың өзара жауапкершілігі, өзара міндеттемелерді ерікті түрде қабылдау, оларды нақты қамтамасыз ету және міндетті түрде орындау қағидаттарын;
– Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Бас, салалық және өңірлік әлеуметтік әріптестік келісімдері мен Ұжымдық шарттың алдыңғы редакциясымен салыстырғанда қызметкерлердің жағдайын жақсарту қажеттілігін басшылыққа алды.

Ұжымдық шартта бір жағынан еңбек ұжымы мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бойынша Жұмыс беруші – «АлЭС» АҚ-ның міндеттемелері, ал екінші жағынан Жұмыс берушінің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бойынша еңбек ұжымы мүшелерінің міндеттемелері айқындалып, бекітілген.

«АлЭС» АҚ Ұжымдық шарты 13 бөлімнен тұрады. Бұл бөлімдер Қоғамда еңбек қатынастарын, жұмыс уақыты мен демалыс уақытын, еңбекақы төлеуді, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайларын, тараптардың материалдық жауапкершілігін, көтермелеу шараларын, әлеуметтік жеңілдіктерді, кепілдіктер мен өтемақыларды реттеуді, жеке еңбек дауларын қарауды және басқа да мәселелерді қамтиды. Аталған мәселелердің барлығы 11-қосымшада егжей-тегжейлі баяндалған.

2025-2028 жж. арналған «АлЭС» АҚ Ұжымдық шартының өзектендірілген редакциясына келесі негізгі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап келесі төлемдер мөлшері ұлғайтылды:
– сауықтыруға арналған біржолғы жәрдемақының (демалысқа берілетін материалдық көмек) ең төменгі мөлшері.

2. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап келесі төлемдердің мөлшері арттырылды:
– баланың дүниеге келуіне байланысты берілетін материалдық көмек;
– қызметкердің жақын туыстары: жұбайы (зайыбы), балалары, ата-анасы, немерелері, туған және жартылай туған бауырлары мен әпке-қарындастары қайтыс болған жағдайда берілетін материалдық көмек;
– электр энергетикасы саласында үздіксіз еңбек өтілі бар қызметкерлерге (50 және 60 жасқа толуына орай) берілетін біржолғы көтермелеу сыйақылары;
– мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, үкіметтік емес ұйымдардың медальдарымен марапатталған, құрметті атақтар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болған, Құрмет тақтасына енген, түрлі байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздарына (марапаттың мәртебесіне қарай) берілетін біржолғы ақшалай көтермелеу төлемдері;
– Қоғам зейнеткерлеріне ауыр материалдық жағдайға байланысты берілетін материалдық көмектің ең жоғары мөлшері;
– Қоғам зейнеткерлеріне кәсіби мереке – «Энергетик күніне» орай (энергетика саласындағы үздіксіз еңбек өтіліне байланысты) берілетін біржолғы сыйақылар.

3. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Жұмыс берушінің қосымша міндеттемелері енгізілді:
– 1 қыркүйекке 1-ден 11-сыныпқа дейінгі мектеп жасындағы балаларға арналған мектеп құрал-жабдықтарын сатып алу үшін өтемақы төлеу: жалғызбасты аналар мен әкелерге (заңды некеге тұрмаған және баланың асырауына алимент төленбейтін ата-аналарға), сондай-ақ Қоғамда жұмыс істейтін көпбалалы отбасындағы (төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар) ата-аналардың біріне әр балаға арналған өтемақы;
– 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың (қамқоршының) біріне жылына екі күнтізбелік күн әлеуметтік демалыс беріп, орташа жалақысын сақтап қалу.

4. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Кәсіподақтың қосымша міндеттемелері енгізілді:
– кәсіподақ мүшелерінің жарналары есебінен еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы қоғамдық бақылау функцияларын орындайтын техникалық инспекторларға ай сайынғы ақы төлеу.

5. «АлЭС» АҚ қызметкерлеріне арнайы киім мен басқа жеке қорғану құралдарын беру нормаларына» қызметкерлерді арнайы киім, арнайы аяқ киім және басқа жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету тізімін нақтылау және кеңейту, сондай-ақ олардың пайдалану мерзімдерін белгілеу бойынша өзгерістер енгізіліп, толықтырылды.

6. Сонымен қатар, Ұжымдық шартқа Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, Бас, салалық және өңірлік келісімдермен, сондай-ақ алдыңғы редакциямен салыстырғанда Қоғам қызметкерлерінің жағдайын жақсартатын бірқатар өзге де нормалар енгізілді.

2025-2028 жылдарға арналған «АлЭС» АҚ Ұжымдық шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 156-бабы 11-тармағының талаптарына сәйкес «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті» РММ-де мониторинг және есептік тіркеу рәсімінен өтті (тіркеу №КД 48, 2025 жылғы 24 маусым), 2025 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді және 2028 жылғы 30 маусымға дейін жарамды. Шарт Қоғам еңбек ұжымының барлық мүшелеріне қолданылады.

Ұжымдық шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 97-бабының 3-бөлігіне сәйкес, Ұжымдық шарт талаптарын орындамаған кінәлі тұлғаларға 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу көзделген.