Тұтқаны көтеріңіз – ар жағынан тарих үн қатады
Бүгінгі жастардың дені дискілі нөмір тергіші бар телефонды ешқашан қолына ұстап көрмеген. Олар үшін бұл – жай ғана мұражай жәдігері немесе ескі фильмдердегі реквизит. Алайда Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-інде мұндай аппараттар әлі күнге дейін өзінің басты міндетін – адамдар арасында байланыс орнатуды атқарып келеді.

Салмақты тұтқасы мен айналмалы дискісі бар бұл телефондар мұнда бірнеше онжылдықтан бері жұмыс істеп тұр. Олар хабарлама жібере алмайды, интернетке шықпайды, суретке де түсірмейді. Есесіне, энергетика саласында ерекше бағаланатын қасиетке – сенімділікке ие.
Станциядағы әрбір гидроагрегаттың өзіне тиесілі тікелей байланыс телефоны бар. Бір ғана қоңырау арқылы машинист Орталық басқару қалқанымен лезде хабарласып, жабдықтың жұмыс режимі туралы баяндай алады, диспетчерден нұсқау алып немесе маңызды ақпаратты жедел жеткізе алады. Энергетикалық нысандарда мұндай байланыс желілері күрделі өндірістік жағдайдың өзінде қарапайым әрі тұрақты байланысты қамтамасыз ететіндіктен, жедел басқару жүйесінің маңызды бөлігі болып қала береді.

Бұл аппараттардың көбінің жарты ғасырдан астам уақыт бойы мінсізқызмет етіп келе жатқанына сенудің өзі қиын. Осы уақыт аралығында қызметкерлердің бірнеше буыны ауысты, компьютерлер, цифрлық басқару жүйелері мен заманауи байланыс құралдары пайда болды. Ал дискілі телефондар станцияның алғашқы жылдарындағыдай өз жұмысын сол бұрынғы сенімділікпен атқаруда.
Жас мамандар кейде ерекше аппаратқа күлімсірей қарап, аға буын әріптестерінен: «Бұл телефонмен қалай хабарласуға болады?» – деп сұрап жатады. Бірақ оның сыры қарапайым: станцияда бұл телефондар көптен бері тікелей байланыс қағидатымен жұмыс істейді. Тұтқаны көтерсең болғаны – желіде диспетчер тұрады. Ал диск бүгінде Қапшағай ГЭС-індегі жедел байланыс тарихының неден басталғанын еске салатын уақыт нышаны іспетті.

Осы ондаған жыл ішінде бұл телефондар станция тарихының тілсіз куәгеріне айналды. Гидроагрегаттарды іске қосу кезіндегі пәрмендер де, жөндеу жұмыстарының аяқталғаны туралы хабар да осы телефондар арқылы берілді. Сондай-ақ ауысымдардың жұмысы үйлестіріліп, Қапшағай ГЭС-інің сенімді жұмысын айқындайтын шешімдер қабылданды.

Технологиялар бірнеше жыл сайын өзгеріп тұратын заманда бұл аппараттар сенімділіктің ешқашан сәннен қалмайтынын еске салады. Турбиналар гуілдеп, су энергиясы электр қуатына айналып жатқанда, ескі дискілі телефондар энергетиктердің қасында өз қызметін үнсіз, білінбей, бірақ әр сөздің құны ерекше жоғары жерде адамдарды бұрынғысынша сенімді байланыстырып, атқаруын жалғастыруда.