Тәлімгерлер. АлЭС-тың алтын қоры
Тәлімгерлік «дәстүр» санатынан кәсіпорынның немесе компанияның жүйелі жұмысына ауысқан кезде жас кадрларды даярлау, қызметкерлердің кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыру, әлеуметтік лифтілерді іске асыру жеңілдетіледі, ойын ережелері түсінікті табиғи үдеріске айналады.
Әрине, тәлімгерлік – кадрлармен жүйелі жұмыс істеудің негізгі тіректерінің бірі ғана. Алайда білікті жұмысшы кадрлар тапшы кезеңде оның маңыздылығы арта түседі. Егер нарықта ондай мамандар болмаса, онда өз маманыңды өзің тәрбиелеуге болады – дәл осындай ұстанымды 1990-жылдардан бастап «Алматы электр станциялары» компаниясы жүйелі түрде қолданып келеді.
Оны АлЭС-тің статистикасы да растайды: биылғы жылы 35 жасқа дейінгі 91 жас жұмысшы тәлімгерлермен бірге жұмыс істеді немесе әлі де жұмыс істеп жатыр. Компанияда 110 маман тәлімгер мәртебесіне ие – бұл құрметті әрі ақылы қызмет.
Осының нәтижесінде ұжымды сақтап қалып, жастарды жұмысқа тарту мүмкін болды. Көптеген жас қызметкер үшін тәлімгермен жұмыс алғашқы кәсіби қадам болып табылады және дәл сол кезде ол: қалу немесе кету туралы шешім қабылдайды.
90 жылдық тарихы бар мектеп
Бүгінде АлЭС-те 3087 адам еңбек етеді, оның ішінде өндірістік персонал саны – 2921. Ұжымның 14%-ын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Негізгі тіректі 30 бен 50 жас аралығындағы мамандар қалыптастырып отыр – олардың саны 1632, ал компания қызметкерлерінің орташа жасы – 43. Бұл буындар арасындағы тепе-теңдіктің бар екенін көрсетеді: тәжірибе алмасатын жастар да бар, оны бөлісетін ардагер мамандар да бар. Сондай-ақ кәсіби біліммен қаруланған, жоғары білікті орта буын өкілдері де жеткілікті. Бұл жай ғана ұрпақтар алмасуы емес, бұл – нағыз кәсіби сабақтастық.

Тәлімгерлік мектебі Алматы энергетикасы құрылған алғашқы күннен, яғни 1935 жылы, алғашқы ЖЭО (сол кезде ОЭЖ) іске қосылған сәттен бастау алады. Алғашқы жұмысшылардың басым бөлігі тәжірибені іс орнында меңгерді, өйткені дайын мамандарды табу мүмкін болмады. Уақыт өте келе бұл жүйеге айналып, алғашқы шәкірттердің көпшілігі кейіннен өздері де тәлімгерлергеайналды.
Алматы энергетика кешенінің 90 жылдық тарихында бұл дәстүр үзілген жоқ. Тіпті керісінше, ол қызметкердің мәртебесін көтерудің айқын жолын қалыптастырды: шәкірттен шеберге, инженерге және тіпті басшыға дейін.
Жүйенің қалай жұмыс істегенін 2012 жылдан 2022 жылға дейін «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы болған Нұрлан Мұхамед-Рахимов та айтып берді. Себебі ол да осы мектептен өткен: – Бастапқыда мен тағылымдамашы болдым, ал менің тәлімгерім станцияның ауысым бастығы Юрий Григорьевич Семенюк болды.Алғашқыда келгенде, менің міндетім – қосалқы электртехникалық жабдықтарға қызмет көрсету болды, яғни, қажетті қосқыштарды қосу, монтаждау мен баптау ұйымдарына жұмыс орындарын дайындау сияқты жұмыстарды атқардым.
Содан кейін техника қауіпсіздігі және техникалық пайдалану бойынша дайындықтан өтіп, емтихан тапсырдым. Одан соң лауазымға бейімделу кезеңі басталды, яғни тәжірибелі маманмен қатар жұмыс істей отырып, барлық міндеттерді іс жүзінде үйрендім. Кәсіпке ену жолындағы осы кезеңдердің барлығынан өткеннен кейін ғана маған өз бетімше жұмыс істеуге рұқсат берілді. Өйткені жоғары оқу орнында оқу – бір бөлек, ал өндірісте нақты жағдайда жұмыс істеу – мүлдем басқа. Мұнда құрал-жабдықтардың орналасуын, олардың өзара байланысын толық меңгеру қажет еді.
Кәсіби өсу баспалдағы
Бүгінде жұмысшы мамандарға деген сұраныс әлі де жоғары. АлЭС қызметкерлерінің 44%-ы жоғары білімге ие, инженерлік және басқарушылық қызметтерде еңбек етеді. Алайда ең ауқымды, әрі еңбекқорлықты талап ететін жұмыс бөлігі жұмысшы мамандықтарға тиесілі.Бұл саланың бір ерекшелігі – мұнда кәсіби өсу жолын барлығы бірдей төменгі сатыдан бастайды: қатардағы жұмысшылар да, колледж түлектері де, жоғары оқу орнын бітіргендер де. Энергетика – бұл тек теорияны ғана емес, практиканы да меңгеруді талап ететін сала. Мұнда әр маман тек басымен ғана емес, қолымен де жұмыс істей білуі керек, яғни, тәжірибе мен шеберлік – табыстың басты кепілі.

– Компанияға жаңадан келген әр қызметкерге, әдетте, тәлімгер бекітіледі. Олар тәжірибелі, білікті мамандардың арасынан таңдалады, – дейді «АлЭС» АҚ Қызметкерлерді дайындау бөлімінің бастығы Жібек Құрманғали. – Әр тәлімгерде жас маманды дайындауға арналған арнайы бағдарлама болады. Бұл бағдарлама әр қызметкерге жеке бейімделеді. Лекция материалдары дайындалады, күндерге бөлінген арнайы журнал жүргізіледі. Жаңадан қабылданған қызметкерлер бір ай бойы өз тәлімгерімен бірге болады. Осы кезеңнен кейін олар техника қауіпсіздігі және өз мамандығы бойынша емтихандар тапсырады.
Сонымен қатар, разрядты көтеруге арналған тәлімгерлер де бар. Төртінші разрядқа дейін цехтық біліктілік комиссиясынан өтеді. Ал бесінші, алтыншы және одан жоғары разрядтар бойынша емтихандар орталық тарифтік біліктілік комиссиясында тапсырылады. Емтихан нәтижелері бойынша хаттама рәсімделіп, оның негізінде разряд беріледі.
Жаңадан қабылданған қызметкерлер емтихан тапсырғаннан кейін олардың жалақыларына 30% үстеме ақы тағайындалады, ал разряд тағайындалған қызметкерлерге олардың разрядына сай төлем қосылады. Содан кейін цех басшылары қызметтік жазба жазып, барлық құжаттарды (журнал, есеп, емтихан ведомостарын) тапсырады, сол арқылы тәлімгерлерге қосымша төлем төленеді. Аталған үстемелер тек негізгі цехтарда – турбиналық және қазандық цехтарында ғана беріледі. Қосалқы цехтар мен қызметтерде тәлімгерлік үшін қосымша төлем жасалмайды, бірақ онда да тәлімгерлер бар.
Компанияда емтихан қабылдайтын Тұрақты әрекет ететін емтихан комиссиясы (ТӘЭК) құрылғанын атап өткен маңызды. Оның құрамында кемінде үш маман болады. ТӘЭК өз жұмысында «Азаматтық қорғау туралы» заңына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманы басшылыққа алады. Білімді тексергеннен кейін комиссия екі шешімнің бірін қабылдайды: «тапсырды» немесе «тапсырмады».
Жалпы кадрлар даярлау құрылымына «АлЭС» АҚ ішіндегі жаттықтырушылар институты да енгізілген. Бұл институт ішкі жаттықтырушыларды оқытуға дайындайды, оқу курстарының тізбегін дамытады, ішкі жаттықтырушылар жұмыстан кеткен жағдайда оқу бағдарламаларын үйлестіреді және білім алмасу үдерісіне ықпал етеді. Ішкі жаттықтырушылардың міндеттері – оқу шараларының қатысушыларына сапалы, әрі қолжетімді түрде материал мен ақпарат жеткізу, оқу іс-шараларын белгіленген кестеге сай уақтылы өткізу. Ішкі жаттықтырушылар ретінде компания қызметкерлері – өз кәсібінде сарапшылар, қажетті құзыреттері, дағдылары мен шеберліктері бар мамандар және энергетика ардагерлері тағайындалуы мүмкін. Мұндай тәсіл бүгінгі күні «Алматы электр станциялары» АҚ-ның барлық персоналының жоғары кәсіби деңгейін қолдауға мүмкіндік береді. Бұл – сегіз өндірістік актив, онда әрбір қос жұмысшы қол және әрбір тәлімгер – алтын қазына.
КТУ жоғалған кезде
Компанияда, әрине, 90-жылдары осындай кезең болды – сол кезде тәлімгерлік қызмет тоқтап қалуы мүмкін еді. Бірақ, қалай дегенмен де оғаштыққа қарамастан, ең күрделі жағдай дәстүрді нығайтып, оны дамытуға түрткі болды: жұмысшылар даярлайтын барлық мектептер мен КТУ-лар кенеттен жабылды. Дипломы бар жұмысшылардың, әсіресе құбырларды дәнекерлеуге рұқсаты бар электр дәнекерлеушілердің жетіспеушілігі кезеңі басталды. Қалған кәсіпорындардың жалғыз жолы – ол жұмысшыларды өз бетінше дайындау болды.

Дәл сол жылдары «Энергожөндеу» ӨЖК Металдар және дәнекерлеу қызметінің (МжДҚ) жетекші инженері Татьяна Васильевна Власова тәлімгер болды. Қазіргі таңда ол – 2-деңгейлі металтанушы, 3-деңгейлі дәнекерлеу өндірісінің маманы, 30 жылдық жұмыс тәжірибесі бар маман және осы істі әлі де болса жалғастыруда.
Бірақ 1998 жылы, Металдар және дәнекерлеу қызметі (МжДҚ) қызметін оңтайландыру және оны нақты өндіріске жақындату мақсатында Алматы энергетика кешенінің Бас кеңсесінен «Энергожөндеу» ӨЖК кәсіпорнына берілген кезде, Татьяна Власова өз кезегінде аңызға айналған тұлға еді. Ол тек жоғары санатты маман ғана емес, сонымен қатар ғалым да болды. Оның артында көптеген жетістіктер бар: Томск мемлекеттік университетінің қатты денелер физикасы кафедрасы (рентген құрылымдық талдау мамандығы); жартылай өткізгіштер бойынша сәтті дипломдық жұмыс қорғауы; Новосибирскідегі НПО «Восток» ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеуі; Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Органикалық катализ және электрохимия институтында «Ішкі жану қозғалтқыштары үшін керамикалық платина-рутений катализаторлары» тақырыбында диссертация қорғауы. Осының барлығы оның біліктілігі мен ғылыми тереңдігін айқындайды.
– 90-жылдары біздің компанияға шұғыл түрде бірінші және төртінші санат аралығындағы жұмысшы мамандар қажет болды. Бұл ТЖ қазандықтарды қадағалау жөніндегі талаптарына сәйкес болатын, – деп еске алады Татьяна Власова. – Осы мақсатта 1998 жылдың наурызында МжДҚ жанынан арнайы оқыту курстары ұйымдастырылды. Бұл менің тікелей міндеттерімнен тыс жұмыс болғанымен, оның біз үшін, жалпы Алматы энергетикасы үшін маңыздылығын терең түсіндім.
Біздің кәсіпорында жұмысшылардың біліктілігін арттыруға арналған өндірістік курстар ұйымдастырылған кезде, мен бірден металтану пәнін оқытудың әдістемесін және оқу бағдарламаларын әзірлеуге кірістім. Кейін осы бағдарламалар бойынша сабақ бере бастадым. Негізгі мамандығыма қоса дәнекерлеу өндірісін де меңгеруге тура келді. Оның үстіне, 1998 жылы мамандар тапшылығы ерекше күрделі болған тұста, біздің бөлімге жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау міндеті де жүктелді. Бұл – электр станцияларындағы ескірген жабдықтардың жағдайына байланысты туындаған өмірлік маңызы бар қажеттілік еді. Сол кезеңде осы бағыттағы мамандарды да дайындау қажет болды, – дейді Татьяна Власова.
Оның өзін де тәжірибе жинақтап, өндірістегі нақты жұмыс үдерістерін игеру үшін осыған дейін компанияға 6-разрядты лаборант ретінде қабылдаған еді. Қазіргі таңда ол сол алғашқы кәсіби білім мен дағдыны үйреткен энергетика саласындағы алғашқы тәлімгерлеріне: Михаил Николаевич Лобановқа, Артур Дмитриевич Бржестовскийге, Виктор Иванович Каралкинге және басқа да білікті мамандарға алғысын білдіреді.
Мүмкін, сондықтан да болар, Татьяна Власова тәлімгерлік қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны өзінің кәсіби борышы деп қабылдады. Ол жас жұмысшыларға жаңа мамандықты меңгеруге көмектесіп қана қоймай, өндірістік тәртіптің барлық талаптарын: түйіспелерді жинау және дәнекерлеу технологиясын сақтау, термиялық өңдеуді дұрыс жүргізу, қазандар мен турбиналардың техникалық параметрлеріне сай электрод таңдау, болат түрлерін ажырату сынды білім мен дағдыларды үйретуге бар күшін салды.
– Біз іс жүзінде тәлімгерлік мектебін қайтадан нөлден бастап қалыптастырдық. Бұл оңай болған жоқ, түрлі қиындықтар кездесті. Мысалы, кейбір жас жұмысшылар мектепте толық білім алмаған немесе білім деңгейінде кемшіліктері де болды. Осындай жағдайда тәлімгердің басты міндеті – қорықпай, өз тәжірибесін, білімін бөлісе білу, – деп еске алады ол. – Жас жұмысшыларға білімдерін толықтыруға және жаңа мамандықтарды игеруге көмек көрсете отырып, өз тәжірибелері мен білімдерін өскелең ұрпаққа беруден қорықпау үшін тәлімгер керек.
Шеберге жол ашқан тұлғалар
27 жыл бойы тәлімгерлікпен айналысып келе жатқан Татьяна Власованың қанша маман тәрбиелегенін нақты есептеу қиын. Ол жүздеген жаңадан келген жұмысшыны кәсіби жолға бағыттап, шеберлікке баулыды. Оның үстіне, МжДҚ жыл сайын барлық электрдәнекерлеушілер мен газбен кесушілерді қайта аттестаттаудан өткізеді. Бұған қосымша термистер мен операторлар да тұрақты түрде оқытылады. Осылайша, үш онжылдық ішінде Татьяна Власова тәлім берген мамандар саны 4500 адамға жуықтайды.
– Ұстазсыз, шеберсіз өз ісіңнің маманы болу өте қиын», – дейді Татьяна Власова. – Біз өз компаниямызда осы дәстүрді, яғни жас мамандарға біліміміз бен тәжірибемізді ұсыну мүмкіндігін жоғалтпай, бірнеше онжылдық бойы сақтап, дамытып жатқанымызға мақтанамыз. Тәлімгерлік тек жаңа мамандар үшін емес, ол барлық қатысушыларға пайда әкеледі: оқушыларға да, тәлімгерлерге де, себебі жастардан үйренетініміз көп…

Компанияның жас тәлімгерлерінің бірі – Металдар және дәнекерлеу қызметінің өндірістік оқыту шебері Эдик Омаров. 2013 жылы ол 3-разрядты электр дәнекерлеуші ретінде жұмысқа кіріп, келесі жылы дипломдық электр дәнекерлеуші мамандығын оқып шықты. Оның тәлімгерлерінің қатарында Қазақстанның танымал дәнекерлеушісі Татьяна Константиновна Михно болды. Кейін ол Қанат Аманғазыұлы Мұсаханов пен Аққадыр Жолдыбаевтан тәжірибе алған.
Эдик – жалғыз ғана мысал емес, дәл осылай маманды кәсіби шыңға дейін жетелеу тәлімгерлік мектебі АлЭС-те де жұмыс істейді.Эдик Омаров аға буыннан тәжірибе жинап, түрлі сайыстарға қатыса отырып, 6- разрядқа дейін көтерілді. Қазір ол өзімен бірге жұмыс істейтін жас әріптестерін оқытады.
– Тəлімгерлік – бұл менің саналы таңдауым. Жастарға өз мамандығымды үйрету – олардың кәсіби дағдыларын дамытуға көмектесу, өсуіне жәрдемдесу деген сөз, – дейді Эдик Жарқымбекұлы. – Тəлімгер үшін әр оқушыға дұрыс жол таба білу өте маңызды. Мен үшін тəлімгер ретінде олар мүмкіндігінше көп білім алып, білікті маман болып шығуы аса маңызды.
БЖКК пайдалану тобының ауысым бастығы Андрей Васильевич Водопьянов энергетика саласында 37 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол жұмысшы-тағылымдамашыдан бастап тәлімгер деңгейіне дейінгі жолдан өтті. Осы уақыт ішінде ол 30-дан астам жас энергетикті даярлап шығарды.
«Тәлімгерлік – бұл жастарға өз тәжірибең мен біліміңді беру мүмкіндігі. Бірақ бұл – сонымен қатар еңбек, әрі өзің де жаңашылдыққа үйренуді қажет ететін үдеріс», – дейді Андрей Васильевич. – «Компания үшін тәлімгерлік – қажеттілік. Себебі біздің сала – күрделі, қауіпті өндірістер қатарына жатады. Мұнда жоғары білікті кадрлар қажет. Оның үстіне, маман өзі еңбек ететін нақты өндіріс орнын жақсы білуі тиіс. Ал бұл білімді беретін – тәлімгер. Яғни, кәсіпорын үшін белгілі бір кепілдікті де сол қамтамасыз етеді. Тәлімгерлік – жаңадан келген қызметкерлер үшін де маңызды. Олар алған білімдерін тәжірибе жүзінде, тәлімгердің бағыттауымен қолдана алады. Бұл – маман ретінде қалыптасуға берілетін нақты мүмкіндік».

АлЭС компаниясындағы тәлімгерлік бұл жай ғана рәсім емес, үлкен жауапкершілікпен қатар жүретін күрделі еңбек. Бұл жұмыс көбіне негізгі қызметпен қатар атқарылады, сондықтан мол күш-қайратты, білім мен жанашырлықты талап етеді. Бұл жол оңай емес екенін Б.Оразбаев атындағы1-ЖЭО электр цехының шебері Бақытжан Ермекұлы Сайлыбаев жақсы біледі. Ол осы іспен 25 жылдан бері айналысып келеді, осы уақыт аралығында жиырмаға жуық маманды тәрбиелеп шығарды.
«Бұл жұмыстағы ең қиын нәрсе – ол жас маманға өзімнің көп жылдық тәжірибем мен білімімнің құндылығын түсіндіру. Әрине, жастардың жаңа идеялармен, тың әдістермен келетін кездері жиі кездеседі. Бұл – қуанышты жағдай! Алайда кейде олар дәстүрлі тәсілдерге немесе жылдар бойы жинақталған кеңестерге бірден құлақ аспауы мүмкін, – дейді тәлімгер. – Ал оларға кейбір әдістердің уақыт сынынан өткенін, әрі сол арқылы өз жолдарын жеңілдетуге болатынын дәлелдеу – оңай шаруа емес.
Мен әрқашан шәкірттерімнің жетістіктерін мақтан тұтамын. Әсіресе Александр Алексеевич Климов есімде ерекше қалды. Ол тек өз ісінің білікті маманы ғана емес, бүгінде біздің электр цехының басшысы атанды. Бір сәтте ол тіпті өзіме де… тәлімгер болды. «Шәкірт ұстаздан озды» деген сөз жай ғана қанатты сөз емес – бұл өмірде орын алатын шындық. Оның кәсіби жолында өз үлесімді қоса алғаныма шын жүректен қуаныштымын», – дейді ол.
Теория мен тәжірибе
Жыл сайын жас мамандармен толықтырылып отыратын тәлімгерлер тобынан бөлек, мұнда мамандарды даярлаудың келесі деңгейі – «АлЭС» АҚ Қызметкерлерді дайындау бөліміжұмыс істейді. Бұл бөлімнің қызметі туралы біз 2024 жылдың қазан айында «КП» газетінде жазған едік. Қазіргі таңда дуалды оқыту элементтерімен тәжірибеден өту жүйесі іске қосылып, табысты жұмыс істеп жатыр. АлЭС-те жыл сайын екі оқу курсы өткізіледі – «Турбина жабдықтары бойынша қараушы-машинисі» және «Қазандық жабдықтары бойынша қараушы-машинисі» курстары.
Дуалды білім беру жүйесін белсенді түрде енгізе бастаған алғашқы жоғары оқу орындарының бірі – Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ КЕАҚ. 2018 жылдан бастап Б. Оразбаев атындағы 1-ЖЭО мен «АлЭС» АҚ Қызметкерлерді дайындау бөлімібазасында 166 студент өндірістік тәжірибеден өтті. Олардың көпшілігі бүгінде компанияның жас буыны ретінде еңбек жолын жалғастыруда.

Оқу цехтарда тек нақты уақыт режимінде ғана емес, сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жөндеу жұмыстарына байланысты нақты мәселелерді шешу барысында өтті. Бұл оқу тәжірибесі болғанымен, оқу үдерісі мен барлық іс-әрекеттер «көрсетілім үшін» емес, нақты өндірістік міндеттерге негізделіп жүргізілді.
Мысалы, қазандық жабдықтары бойынша қараушы-машинистеріне арналған курс бағдарламасына келесі тақырыптар енгізілген: өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары; қазандықтардың жұмыс режимдері мен тиімділік көрсеткіштері; бөлшектерден өлшем алу және оларды эскизге түсіру; бу және су жылыту қазандықтарының қосалқы жабдықтарының сызбаларын оқу.
Бірқатар сабақтар материалтану пәніне арналды, ал ең ауқымды блоктардың бірі – «Су дайындау және су-химиялық режим» тақырыбы болды. Студенттер оттектік коррозияға қарсы күрес әдістерін, сондай-ақ жылулық, вакуумдық және басқа да деаэрация тәсілдерін меңгерді. Оқу бағдарламасына сондай-ақ «Электртехниканың негіздері» атты бөлім енгізіліп, отын түрлерінің классификациясы, қазандық агрегаттардың түрлері және басқа да тар бағытталған кәсіби тақырыптар қамтылды. Студенттер өндірістік үдерістің барлық кезеңдерінен, соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мәселелерінен өтті және қорытынды емтихандарды сәтті тапсырды.
Турбина машинистеріне арналған курс та жеңіл болған жоқ. Сабақтар төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде персоналдың іс-қимылдары тақырыбынан басталды. Тағылымдамашылар жылу электр станциясының технологиялық циклін оқып, сызбалар мен схемаларды оқуды, сондай-ақ оларды өз бетінше жасауды үйренді.Сонымен қатар, олар қорғаныс бұғаттау құрылғыларын және дабыл жүйелерін іске қосу, сорғылар мен электрқозғалтқыштарды тоқтату және ажырату дағдыларын меңгерді. Курс соңында барлық турбина машинисі тағылымдамашылары емтихандарды сәтті тапсырып, жақсы нәтижелер көрсетті.
Энергетиктер өздерімен жақын арада бірге жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, сенім артуға болатын мамандарды іріктеп, бақылап жатыр. Бүгінде техникалық және біліктілік талаптары бойынша жұмысшы мамандықтары инженерлік мамандықтардан кем түспейді. Оқыту да күрделене түсуде. Осындай өндіріс пен жоғары оқу орындарының бірлескен жобалары арқылы ел мен салада жоғары білікті жұмысшы элитасын тәрбиелеу мүмкіндігі артады.Дәл осы мақсатта «АлЭС» АҚ-ның кадрлармен жұмыс жүйесі бағытталған.
Айри ЖАН, Алматы
«Казахстанская правда» газеті, 2025,31 шілде