Сандық шешімдер толқынында
Артқа
21.04.2025

Сандық шешімдер толқынында

«АлЭС» АҚ жұмыскерлері Өскемен ГЭС-інде «Енисей» жүйесі бойынша техникалық семинар жөнінде әңгімелеп берді

Вибродиагностика жүйесі машинаға арналған стетоскоп секілді. Ол тіпті турбинаның әлсіз «тынысын» сезеді, көзге көрінбейтін ауытқуларын аңғарып: «Мына жерде – мұқият тыңда», – дегенді хабарлап тұрады. Мұндай тәсіл – жай ғана тренд емес, қажеттілікке айналғандай: гидроэнергетика барған сайын ақылдырақ бола түсуде, ал сенімділік пен қауіпсіздік сандық шешімдермен тығыз байланысты ұғымға айналып келеді.

– Біз жай қондырғыны ғана көріп қойған жоқпыз. Біз бүкіл жүйенің миын – сенсордан бастап барлық дерек нақты уақыт бойынша көрсетіліп тұратын экранға дейінгінің бәрін көріп келдік. Бұл жұмыс істеп тұр. Бұл әсер қалдырарлық нәрсе, – деген ойымен бөлісті Ш. Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің директоры Әлібек Тастанбеков.

«Ракурс» компаниясының (Санкт-Петербург) өкілдері «Енисей» жөнінде жай әңгімелеп беріп қана қойған жоқ – олар оның жұмысын да көрсетіп берді. «Енисей» архитектурасы, оның ТҮ БАЖ және SCADA бойынша интеграциясы, реттеулерінің икемділігі, басқа нысандарға қатысты кейстер – осының барлығы оған деген қызығушылығымызды оятты.

Оның модульдік құрылымы мен жүйесінің деректерді еш қиындықсыз, бірақ барынша ақпаратты түрде көрсетіп тұратыны қатысушылардың назарын ерекше аударған нәрсе болды.

– Интерфейстің тек экранда ғана емес, тікелей инженердің жұмыс орнында қалай жұмыс істеп тұрғанын көргенімізге қуаныштымын. Бұл –симуляция емес, бұл жабдықтың сандар бойынша сүретін өмірі, – деп атап өтті Каскад ГЭС-і Автоматика, өлшеулер және байланыс цехының бастығы Нұридилла Матиев.

Теориядан кейінгі практика. Қатысушылар бөгет, бір фазалы трансформаторлар, диспетчерлік бөлме сияқты негізгі нысандар бойынша жүріп өтті. Барлық жерде – кіріктірілген және шынайы түрдегі «Енисей».

– Ешқандай да теория көзбен тікелей көргенді алмастыра алмайды. Біз жүйені іс жүзінде көріп шығып, ол жөніндегі ойымызды әріптестерімізбен бірге талқыға салдық. Бұл бізге өз жұмысымызды іске асыруымызға қатысты көптеген идеяларды алып келді, – дейді Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-і электр техникалық зертханасының бастығы Андрей Иванов.

Семинар технологияның жай таныстырылымы ғана болып қоймай, кәсіби қарым-қатынас алаңына да айналды. Инженерлер, басшылар, IT мамандары мен энергетиктер бір тілде, яғни дәлдік, сенімділік және іске деген сүйіспеншілік тілінде сөйлеп кеткендей болды.

– Техника ести бастаған сәтте адамдар бір-бірін одан да жақсы түсіне бастайды, – деді қатысушылардың бірі күлімсіреп.

Қатысушылардың ойы бір жерден шыққандай: осындай кездесулер қажет, өйткені бұл жай ғана білім алмасу емес, бүкіл саланың өсіп-өркендеуіне де қатысы бар нәрсе ғой.