«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Алматы 2-ЖЭО нысанына жұмыс сапарымен барды
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов жұмыс сапары аясында Алматы қаласына барып, «АлЭС» АҚ басшылығымен және өндірістік департамент өкілдерімен кеңес өткізді. Кеңес барысында ол компанияның соңғы 5 айдағы қаржылық-шаруашылық қызметі туралы есепті, сондай-ақ алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық шеңберінде жүргізіліп жатқан жөндеу науқанының барысы жөніндегі ақпаратты тыңдады.

Кеңес қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу, сондай-ақ алдағы күзгі-қысқы кезеңге толық дайындықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

Кеңестен кейін «Самұрық-Энерго» басшысы Алматы 2-ЖЭО аумағында салынып жатқан жаңа бу-газ қондырғысының құрылыс алаңын аралап көрді. Қазіргі уақытта онда алғашқы газ турбинасының жиынтығын орнату жұмыстары басталған.

Айта кетсек, Алматы 2-ЖЭО-сын қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайта отырып жаңғырту жобасы Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында іске асырылуда.
