Қауіпсіздік пен жаңғырту басымдыққа ие
«АлЭС» АҚ-да жас мамандардың қатысуымен жөндеу штабының көшпелі отырысы өтті
Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да жастар ұйымы өкілдерінің қатысуымен «АлЭС» АҚ жөндеу штабының жаңа форматтағы көшпелі отырысы өтті. Қатысушылар станцияны жаңғырту барысына баға беріп, 2025 жылғы наурыз айының соңында жеткізілген жаңа 80000/110 ТДЦ трансформаторын қарап шықты.
Жабдықтың жаңартылуы
1970 жылы пайдалануға берілген №6 ст. ТД-80000/110 трансформаторы екі парктік ресурс жұмысын өткерді. Оның заманауи ұқсас түрімен ауыстырылуы энергия жүйесінің сенімділігін арттыру бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
– Біздің жұмысымыз ашық және айқын сипатқа ие. Басты міндеттеріміз – жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен өндірістің тиімділігі. Басшылық пен жұмыскерлер арасында ешқандай тосқауыл болмауы тиіс, – деп атап өтті «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Ерік Маширов.
Қауіпсіздік еңбек мәдениетінің негізі ретінде
Отырыстың негізгі тақырыбы қауіпсіздік техникасын сақтауға қатысты болды.
– 2025 жыл ел бойынша Жұмысшы кәсіптері жылы, ал «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобында ҚТ жылы деп жарияланды. Біздің мақсатымыз жұмыскерлер үшін қауіп-қатерлерді барынша азайту болып табылады. Олардың қайталануына жол бермеу үшін 1-ЖЭО-да және 3-ЖЭО-да орын алған оқыс оқиңғаларға егжей-тегжейлі талдау жүргіземіз», – дегенге баса назар аударды Басқарма Төрағасының орынбасары – Бас инженер Бауыржан Қалиев.
Қатысушылар биылғы жылы тіркелген қауіпті жағдайлардың себептеріне талдау жасап, олардың әлсіз тұстары мен жойылуына қатысты шараларды белгіледі. Жас мамандарды даярлауға ерекше назар аударылды:
– Қауіпсіздік мәдениеті – бұл әр жұмыскердің қандай әрекетті жасауы керектігін және қандай әрекетті жасауға болмайтынын анық білуі. «Стоп жұмыс» карточкасы – өмірді құтқаруға мүмкіндік беретін құрал, – деп атап көрсетті Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының бастығы Кәрім Сартаев.
Оқытуға баса назар аударылуда
1-ЖЭО-да станцияның бұрынғы бас инженері А.А. Ким әзірлеген пайдалану және ҚТ жөніндегі оқу бағдарламасы енгізілді. Энергетика ардагері оқытуды аптасына екі рет жүргізеді:
– Қазандық цехы курсты әлдеқашан аяқтаған болса, келесі аптада сабаққа электр және турбиналық цехтардың жұмыскерлері кіріседі. Тестілеуден өте алмаған жұмыскерлер оқытудан қайта өтеді, бірақ баса назар санкцияларға емес, білімге аударылады, – деп түсіндірме берді 1-ЖЭО директоры Жаңабек Әділханов.
3-ЖЭО-да да бақылауды күшейту жоспарлануда:
– Қауіп-қатерлерді қайта бағалап, қауіпті аймақтардың тізімін жасаймыз, қосымша нұсқамалар өткіземіз, – деді станцияның бас инженері Төлеген Көшкінбаев.
Жөндеу штабының отырысына алғаш рет жастар өкілдері қатысты:
– Бұл бізге басшылығымыздың жұмыскерлер қауіпсіздігіне қаншалықты маңызды көңіл бөлетінін көрсетіп берді. Қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін әр оқиға бойынша ұсақ-түйек жайтқа дейін талдау жасалады. Бұл жауапкершілікке баулиды, – деген ойымен бөлісті Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО БӨАжА инженері Әділ Әбілдаев.
Мердігерлерді бақылау
Жөндеу жұмыстарының кестесін мердігерлік ұйымдармен келісу кезінде ҚТ сақтауға ерекше назар аударылды. Барлық шарттар өндірістік департаменттердегі қауіпсіздікке қойылатын қатаң талаптарды қамтитын болады.
«АлЭС» АҚ жабдықтарды жаңғырту мәселесін персоналды жүйелі түрде оқытумен ұштастыра отырып, қауіпсіздік мәдениетін нығайтуды жалғастыру үстінде. Жастардың басқару үдерістеріне тартылуы және басшылық пен жұмыскерлер арасындағы ашық диалог компания үшін жаңа нормаға айналып келеді.