Қанат ШАЙЗАНОВ, ОҚТО Бас инженері
Мен еңбек жолымды Алматы-1 станциясындағы ВЧД-25 вагон-дөңгелек шеберханасында жылжымалы құрамды жөндеу слесарі болып бастадым. Ал цехтағы негізгі жұмысшы мамандықтарының дағдыларын меңгергеннен кейін, учаске шебері болдым. Сол кезеңде бригада мүшелерінің бірі ауырып қалған жағдайда өндіріс процесіне зиян келтірмей, оны алмастыра алу үшін мүмкіндігінше көбірек мамандықты меңгеруге ұмтылдық.

Содан кейін мен «Ырысты» вагон жөндеу зауытының дөңгелек-арба цехының бастығы болып тағайындалып, комсомол-жастар бригадасын құрдым. Жұмысшыларға тапсырмаларды сауатты қою үшін өз шеберлерім мен инженерлерімнен жұмысшы мамандықтарын меңгеруді талап еттім. Себебі орындалған жұмыстың сапасына вагон қозғалысының қауіпсіздігі тікелей байланысты болды.
Мен энергетика саласына 2000 жылы келдім – бұл кездейсоқтық па, әлде тағдырдың жазуы ма, бірақ содан бері бүкіл ғұмырым осы саламен тығыз байланысты. Бұл мамандыққа мені АӨК Бас директорының орынбасары Бақытжан Мұхамбетқалиұлы Жақсалиев шақырды. Сол кезеңде компанияға ОҚТО жаңа департаментіне теміржол саласы құрылымында жұмыс тәжірибесі бар маман қажет болды.
Сұхбаттасу барысында АӨК басшылығы маған ОҚТО департаменті басқарушы директорының орынбасары лауазымын ұсынды. Алдымда мынадай міндеттер қойылды: қысқа мерзім ішінде теміржол жабдықтарының техникалық жағдайын Қазақстан Республикасы темір жолдарының ТПҚ талаптарына сәйкестендіру, вагондарды түсіру кезіндегі тұрып қалу уақытын қысқарту және маневрлік жұмыстар барысында вагондардың рельстен шығу жағдайларын азайту. Бұл өз кезегінде темір жол тарапынан салынатын айыппұл санкцияларын төмендетуге алып келуі тиіс еді.
Осы міндеттерді шешу үшін экономистермен бірлесіп, есептеулер арқылы және нормативтік талаптарға сәйкес жол жөндеуші монтерлер мен локомотивтерді жөндеу слесарларының штаттық бірліктерін көбейту қажеттігін дәлелдеуге тура келді.
Орталықта вагон қараушылар, пойыз құрастырушылар, бағыттама бекеттерінің кезекшілері сияқты жаңа штаттық бірліктер ашылған кезде, біз өз жұмысшыларымызды өндірістен босатпай осы мамандықтарға оқыту туралы шешім қабылдадық. Осы мақсатта Қазақ қатынас жолдары университетімен келісімшарт жасалды: оқытушы бізге келіп, жұмысшыларымызды тікелей жұмыс орнында оқытты. Мен оларды да өз шәкірттерім деп есептеймін, өйткені оқу барысында үнемі олардың жанында болып, емтихандарға қатысып отырдым.

Сондай-ақ бізге маневрлік тепловоздар мен теміржол кранының техникалық құжаттамасын Көлік және коммуникациялар министрлігінің (КжКМ) талаптарына сәйкестендіру қажет болды. Әртүрлі мекемелерді аралап, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарынан кейін жылжымалы құрамның әрбір бірлігі Қазақстан Республикасы КжКМ Көліктік бақылау комитетінде тіркелді.
Алайда ең күрделі міндет теміржол жабдықтарын ағымдағы күтіп ұстауға және маневрлік тепловоздарды, теміржол жолдары мен бағыттама бұрмаларын жоспарлы жөндеуге бөлінетін бюджетті ұлғайту қажеттігін басшылыққа дәлелдеу болды. Дегенмен бұл кезеңнен де сәтті өттік. Бүгінгі күні маневрлік жұмыстар барысында вагондардың рельстен шығу жағдайлары толықтай жойылды. ОҚТО-ның қалыптасуына орталықтың алғашқы директоры Бақтыбек Тілеукенұлы Шоланбаев, Бас инженер Рафхат Газизович Мамкин, сондай-ақ департаменттің Бас экономисі Валентина Алексеевна Яковлева үлкен үлес қосты. Мен өз кезегімде жұмыс барысында Бас инженер Рафхат Газизович Мамкиннен даналық пен тәжірибе үйренсем, ал күрделі жағдайларда жедел әрі дұрыс шешім қабылдауды департамент директоры Бақтыбек Тілеукенұлы Шоланбаевтан меңгердім. Олардың қолдауының арқасында біз қысқа мерзім ішінде локомотивтердің жұмысындағы ақауларды, жылжымалы құрамның рельстен шығу жағдайларын айтарлықтай қысқартып, вагондарды түсіру кезіндегі тұрып қалулар үшін теміржол тарапынан салынатын айыппұл санкциялары мәселесін толық шештік.
Өз жетістіктерім ретінде мыналарды атап өтемін: ОҚТО теміржол жабдықтарының апатсыз жұмыс істеуі, өндірістегі жарақаттану жағдайларының толық жойылуы және уәкілетті органдар тарапынан айыппұл санкцияларының болмауы. ОҚТО-ның алдағы кезеңге арналған негізгі мақсаттары – кірме жолдар қызметтерін көрсету және үшінші тарап клиенттердің түсіру фронттарына вагондарды беру-жинау бойынша өзге де қызмет түрлерінің көлемін ұлғайту.

Басқа міндеттердің қатарында – жол монтерлері мен локомотивтерді жөндеу слесарларының қол еңбегін жеңілдету үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында заманауи инновациялық жабдықтарды сатып алу да бар. Сондай-ақ 3-ЖЭО учаскесінде вагондардан көмірді қолмен түсіруді механикаландырылған тәсілге көшіру қажет. Қазіргі уақытта Басқарма Төрағасының тапсырмасына сәйкес, осы мәселе бойынша ұсыныстар нарығына маркетингтік талдау жүргізілуде.
Еңбек жолымды бастаған кезде білікті жұмысшының жалақысы шебердің немесе инженердің жалақысынан 2-3 есе жоғары болатын. Материалдық қызығушылық жоғары деңгейде еді. Менің ойымша, жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесін де шешуіміз қажет, өйткені негізгі материалдық құндылықтарды солар жасайды.
Сондықтан Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау бастамасын дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Білікті жұмысшы мамандықтарының тапшылығы әсіресе еңбек ардагерлері зейнетке шыққаннан кейін қатты сезіле бастады. КСРО ыдырағаннан кейін бұрынғы кәсіптік-техникалық училищелер нарықтық экономикаға төтеп бере алмай, жабылып қалды. Материалдық-техникалық және оқу базасы тозып, ұрланды. Жалақының төмендігі мен жұмыстың ауырлығына байланысты жұмысшы мамандықтарының беделі төмендеді. Ал жастар болса, аз физикалық күш жұмсап, тез табыс табуды басты орынға қоя бастады.

Алайда жастарды бұл мамандыққа тарту қажет, сала жаңа буынсыз қалмауы тиіс. Сондықтан компанияда болашағы бар жастарды таланттар қорына тарту бойынша іс-шаралар өткізіліп, олар жыл сайын мамандықтары бойынша оқыту мен тағылымдамадан өтеді. Мен де өз тәжірибемді жас мамандарға қуана жеткіземін, оларға көмек пен кеңес беруден ешқашан бас тартпаймын, кейде өзім де жастардан үйренемін.
Мені, мысалы, кез келген сәтте менің орынбасарым Әділет Мелісұлы Бейсенбаев алмастыра алады. Сондықтан бір жылдан кейін бар ынтаммен лайықты демалысқа шығуыма болады деп сенемін. Бас инженер лауазымына білікті әрі жауапты маманды даярладым деп ойлаймын. Ең маңыздысы – оның өндірісті ішінен жақсы білетіні: еңбек жолын жұмысшы болып бастап, учаске бастығы, инженер-технолог қызметтерін атқарған, ал қазір департамент Бас инженерінің орынбасары – ӨТБ бөлімінің бастығы қызметін атқарып келеді.
Сонымен қатар жаңа технологиялар мен механизмдердің қарқынды түрде өндіріске енгізіліп жатқанын көріп отырмыз, сондықтан өз бетімізше немесе «АлЭС» АҚ оқу орталығы ұйымдастыратын біліктілікті арттыру курстарында оқып, үнемі үйренуге тура келеді. Қазіргі таңда өзін-өзі оқытусыз жұмыс істеу мүмкін емес.
Болашақта, шамасы, жоғары дәлдікті білдектердегі жұмыстарды роботтар орындайтын болады, ал адамдарға тек олардың жұмысын және орындалу сапасын бақылау ғана қалады. Локомотивтер де барлық маневрлік жұмыстарды, вагондарды түсіру фронттарына қоюды қашықтан ұйымдастырып, басқаратын бірыңғай диспетчер арқылы басқарылуы мүмкін. Ауыр және зиянды физикалық жұмыстар болмайды. Жасанды интеллект, ықтимал, экономистерді, бухгалтерлерді және логистерді алмастырады. Дегенмен, адамдардың ақыл-ойы олардың жұмысын қатаң бақылауда ұстауы тиіс.
АлЭС-те ширек ғасырдан астам еңбек еткен уақыт ішінде компания менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ол тұрақты түрде дамып келеді, мен оған өркендеу тілеймін, ал әріптестеріме мықты денсаулық, отбасында және жұмыста амандық пен табыс тілеймін.