ОМАРОВ Эдик: Оқушыларымның жетістікке жеткеніне қуаныштымын
Жақсы тәлімгер жақсы мұғалімнен басталады деп дауласу қиын. Бұл эстафета сияқты, өзгелердің даналығына, тәжірибесіне, жүректілігіне үйретілген маманның борышы, өзінің жас және тәжірибесіз әріптестерін кәсіпке тарту сияқты.
Жалпы, бұл тәлімгерлік мектебін, кәсіби сабақтастықты және өндірістегі кадрлық ұйытқыны қалыптастырады, деп «АлЭС» АҚ-да есептейді. Бұл жерде тәлімгерлік – менеджмент те, кәсіподақ та, ал ең бастысы жұмысшылардың өздері қолдайтын көпжылдық дәстүр. АлЭС тәлімгерлерінің көпшілігі өздері салыстырмалы түрде жас болғанымен, олардың кәсіби беделі мен тәлімгерлік тәжірибесі ұжымда үлкен құрметке ие.
Жас тәлімгерлердің бірі – МжДҚ өндірістік оқыту шебері Омаров Эдик Жархымбекович. Өзінің кәсіби жолының басталуы туралы айта келе, ол бірінші кезекте өз мамандығындағы ұстаздарын зор ықыласпен еске алады.
«Мен 2013 жылдан бастап «Энергожөндеу» ӨЖК-да 3 разрядты электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істей бастадым. Ал келесі жылы дипломды электрмен дәнекерлеуші ретінде оқудан өттім, – деп еске алады Эдик Жархымбекович. – Менің алғашқы тәлімгерім Михно Татьяна Константиновна болды. Ол маған дәнекерлеуді үйретті. Маған сондай-ақ дәнекерлеу жұмысын Мусаханов Канат Амангазинович та үйретті. Олардың мектебінің арқасында 2014 жылы мен 4 разрядты алдым.
Бірақ мен мұнымен тоқтаған жоқпын. Кейінгі жылдары мен тәжірибелі электрмен дәнекерлеуші және өндірістік учаскедегі жаңа тәлімгерім – Аккадыр Жолдыбаевтан тәжірибе жинадым. Біз оны жай ғана – Алик ағай деп атадық. Ол маған көп нәрсені үйретті. Сонымен, тәжірибе жинап, электр дәнекерлеу бойынша конкурстарға қатыса отырып, мен 6-разрядқа да жеттім. Мен басынан бастап металды басқаруды ұнататынмын және менің табандылығымның, сауатты тәлімгерлерімнің арқасында мен мамандықтың жоғары деңгейіне жеттім деп ойлаймын».

Қазір Омаров Эдик өзінің жас әріптестерін өзі оқытып жатыр. Бір жағынан ол өзінің тәлімгері – Татьяна Константиновнаның орнын басып жатқанын ұяла отырып айтады.

«Мен өзімді оның орнында ешқашан елестете алмадым, яғни, жас дәнекерлеушілерге сабақ беріп, практикалық дағдыларды беремін деп ойламадым, – дейді Эдик Жархымбекович. – Бірақ бұл саналы таңдау болды: қазіргі таңда біздің салада сауатты және жақсы электрмен дәнекерлеушілер өте тапшы. Мен үшін жастарды өз мамандығыма үйрету – бұл оларға кәсіби дағдыларын дамытуға көмек көрсету, олардың кәсіби өсуіне көмектесу.
Бұл әрдайым оңай бола бермейді. Тәлімгер жұмысының ең қиындығы – адамның оқығысы келмеуінде. Мұнда көп нәрсе тәлімгерге, оның оқушыны қызықтыру қабілеттілігіне байланысты. Мен балаларға қолжетімді, достық жолмен түсіндіруге тырысамын… Бірақ, шынымды айтсам, бұл бәріне бірдей жүре бермейді. Сондықтан біреуге қатал түрде сабақ беріп, жиі және қатаң түрде сұрау керек болып тұрады.

Мен көбінесе адамның оқуға құлшынысы бар екендігін көріп тұрамын, бірақ… жалқаулық оның ұмтылысын әрдайым тоқтатып тұрады. Бұл жағдайда мен адамға қатаң тәртіп қажет екендігін түсінемін. Яғни, әр тәлімгер үшін әрбір білім алушыға тәсіл таба білу өте маңызды. Сондықтан мен өз тыңдаушыларыма барлық оқушыларға бірдей сай келетін аргумент келтіремін: «Жақсы, ойланып оқу керек, егер олар мықты маман болса, кез келген салада сұранысқа ие бола алады және үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады». Бірақ ол үшін, атап айтқанда, дәнекерлеушілер үшін көбірек тәжірибе қажет!»

2020 жылы Омаров Эдик өндірістік оқыту шебері лауазымына ауыстырылды. Осы уақыт ішінде ол 50-ден астам қызметкерді «нөлден» бастап, сонымен қатар дипломды электрмен дәнекерлеушілерді оқытып шықты. Оның оқушыларының арасында осы кәсіпке келе отырып, оның ерекшелігін толық түсінбегендер де болды. Мысалы, оқуға келгендердің арасында… электр тоғынан қорғатындар да болды. Сондықтан ол өзінің қамқорлығындағы адамдарға үйрететін бірінші ережесі: «Егер техникалық қауіпсіздікті сақтасаңыз, онда ештеңе болмайды». Нәтижесінде көпшілігі осы қорқынышты жеңіп, бірнеше сабақтан кейін жақсы маман болып, түрлі жарыстардың жеңімпаздары немесе жүлдегерлері атанды.

«Менің оқушым жарыстың жүлдегері атанып немесе тәжірибелі мамандардан асып түссе, бұл мені өте қатты қуантады, – дейді өз шәкірттерінің жетістіктері туралы Омаров Эдик. – Мысалы, менің алғашқы оқушыларымның бірі екінші орынды иеленді және мен оған өте қуанышты болдым. Себебі бұл қысқа мерзімдегі оған да, мен үшін де жақсы жетістік деп есептеймін. Өйткені тәлімгерліктің құндылығы тәжірибе беру, мықты мамандарды дайындау. Мен үшін тәлімгер ретінде білім алушылардың мүмкіндігінше көбірек білім алып, жақсы маман болып шығуы өте маңызды».
Жастарды оқытуды жалғастыра отырып, Эдик Жархымбекович болашаққа қарап, «АлЭС» АҚ сияқты кадрлық саясат, тәлімгерлік практикасы компания мен саланы жоғары білікті жұмысшы кадрлармен толтырып қана қоймай, болашаққа жақсы үлес қосады деп есептейді. Энергетика – бұл көптеген техникалық кадрларды, жаңартуларды қажет ететін заманауи сала және компания практикалық тәлімгерлік дәстүрлерін қолдай отырып, әр түрлі мамандықтағы сұранысқа ие мамандарды оқыту процесін жүйелі және үздіксіз етеді.