ОЭС-тен 1-ЖЭО-ға дейін: қосымша жылумен қамту
Өткен ғасырдың 60-70-жылдары Қазақстан астанасында тұрғын үй құрылысы өнеркәсіптік негізде, жоғары қарқынмен жүргізілді. Бұл өз кезегінде қаланың түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұрған шағын қазандықтарды азайту үшін коммуникацияларды дамытуды, тұрақты электрмен жабдықтауды және орталықтандырылған жылумен қамтуды талап етті.

Сол себепті Алматы ОЭС-інде қайта құру жұмыстары басталды: 1960-1961 жылдары төртінші кезекті кеңейту аясында жоғары қысымды екі энергетикалық қазандық пен өнеркәсіптік тұтынушыларға және су жылытқыштарға бу беретін турбина орнатылып, іске қосылды. Көп ұзамай станция электр энергиясымен қатар жылу энергиясын да өндіре бастады. Осы жаңа қызметіне байланысты ОЭС атауы Алматы 1-ЖЭО болып өзгертілді.
1-ЖЭО-дан алғашқы жылу ресми түрде 1961 жылдың төртінші тоқсанында беріле бастады. Жылуландыруды қолдану электр энергиясын өндіруге кететін шығынды күрт азайтты. Ал станцияның өзі 50-60-жылдары көптеген көрсеткіш бойынша КСРО-дағы үздіктердің қатарында болды. Оның ішінде оңтайландыру жұмыстары және энергияның бір бірлігін өндіруге жұмсалатын отын шығыны көрсеткіші бойынша да алда еді. Сол кездегі 1-ЖЭО-ның анықтамалары мен есептерінде жылуландыруды пайдалану электр энергиясын өндіруге жұмсалатын отын шығынын күрт азайтқаны атап өтілген. Мәселен, есептерге сәйкес, 1963 жылы электр энергиясын босатуға жұмсалған отын шығыны 1961 жылмен салыстырғанда 150 г/кВт*сағ-қа, ал 1936 жылмен салыстырғанда 10 есеге жуық қысқарған!

Бір қызығы, 60-жылдардың басында-ақ станция мен сала басшылығы деңгейінде алғаш рет қоршаған ортаны қорғау және станцияны таза отынға көшіру қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Бұған қала сыртында салынған ОЭС-тің 60-жылдары қала аумағына еніп кетуі де себеп болды. ЖЭО қазандықтарының күйесі мен шығарындылары ауаны ластап, техникалық шешімдер қабылдау қажеттілігі туындады. Солардың алғашқысы 1963 жылы қаралды. Сол кезде КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің «Башоргэнергонефть» монтаждау-жөндеу басқармасы «Алматы ЖЭО қазандығын газ тәрізді отын жағуға көшіруге арналған жобалық тапсырма» әзірледі.
Тіпті станцияны газға көшіру жұмыстарының егжей-тегжейлі кестесі де жасалды. Техникалық тапсырмада Бұхара-Хиуа кен орындарының табиғи газы буферлік отын ретінде пайдаланылатыны айқындалды.
Жұмыс жобасын орындау КСРО Энергетика және электрлендіру жөніндегі мемлекеттік өндірістік комитетінің 1965 жылға арналған жобалау жұмыстарының жоспарына енгізілді. Бұл – кеңейтудің бесінші кезегі еді.
1-ЖЭО-да табиғи газдың алғашқы көлемі 1971 жылдың ақпанында жағылды. Осы кезеңнен бастап отынның үш түрі қолданылды. Энергетикалық қазандықтар үшін негізгі отын ретінде Қарағанды бассейнінің тас көмірі алынды, ал тұтандырғыш отын ретінде және қажет болған жағдайда алауды күшейту үшін мазут пайдаланылды. Газ жылыту маусымдары аралығында табиғи газдың артық мөлшері жағылған кезде энергетикалық қазандықтарда қолданылды. Су жылыту қазандықтары үшін негізгі отын ретінде мазут пен газ пайдаланылды.
Бір айта кетерлігі, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Алматы посткеңестік кеңістіктегі барлық тұтынушылар, яғни халық, коммуналдық мекемелер, өнеркәсіп орындары «Алматыэнерго» жылу желілерінен ашық су алу схемасы бойынша ыстық суды пайдаланған санаулы қаланың бірі болды. Жалпы «Алматыэнерго» Алматы, Қапшағай, Текелі қалаларының, Энергетический және Үлкен кенттерінің халқы мен халық шаруашылығының 90%-дан астамын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етті.