Наурыздың жылы бояулары: Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да мәдениет пен бірліктің мерекесі өтті
Көктемнің жарқын мерекесі – Наурыз қарсаңында Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО өндірістік департаментінде ерекше атмосфера орнады. Мұнда «Наурызнама» он күндігі ұйымдастырылып, оның шарықтау шегі «Ұлттық киім күні» ұлттық киімдер байқауы болды. Дәстүрдің жылуы мен заманауи шығармашылықтың өзара әдемі үйлесім тапқан бұл шарасы станция жұмыскерлерін табиғаттың жаңаруын, қазақ мәдениетінің байлығын бірге атап өтуге жинады.
Станцияда тарихтан шабыт алған керемет дефиле өтті. Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО және «Энергожөндеу» ӨЖК-нің 14 жұмыскері ұлттық киімдер байқауында өнер көрсетіп, көрермендерге ұлттық стильдің алуан түрлі қырын ұсынды. Арулардың ұлттық киімдері өзінің әсемдігімен көз тартты: нәзік кестемен өрнектелген көйлектер, көркем камзолдар мен дәстүрлі әшекейлер қазақ мәдениетінің тереңдігі мен талғамын айқындай түсті. Ерлердің ұлттық костюмдері батылдық пен абыройдың көрінісі болды. Әрбір бейне өткен мен бүгінді байланыстыратын алтын көпірге айналып, ғасырлар бойғы дәстүрлердің заманауи өмірде қайта жаңғыруын көрсетті.
– Ұлттық киім – бұл біздің жанды тарихымыз. Бүгін біз жай ғана киім үлгілерін көрсетіп қоймай, халқымыздың рухани дүниесінің бір қырын ұсынып отырмыз, – деп бөлісті Бухгалтерлік есеп бөлімінің бухгалтері Ләззат Солтанқұлова.
Қазылар алқасы, оның құрамында станция директоры Жанабек Әділханов та бар, жеңімпаздарды анықтау оңай болмағанын мойындады.
– Әрбір киім ерекше! Қатысушылардың бейнелерін үлкен ықыласпен дайындағаны анық көрініп тұр. Бұл жай ғана байқау емес – бұл біздің мәдениетімізге деген мақтаныш пен бірліктің мерекесі, – деп атап өтті ол.
Мереке тек ұлттық киім көрсетумен шеектелген жоқ. Кәсіпорын қызметкерлері ұлттық ойындарға қызығушылықпен қатысып, көпшілікті бір арнаға тоғыстырған «Қара жорға» биін биледі. Алғаш рет сахнаға шыққандар да бұл көтеріңкі көңіл-күйден шет қалмады. Домбыраның қоңыр үні сыңғырлаған сәтте зал тына қалды. Қазандық цехының орталық жылу қалқаны басқармасының машинисі Ардақ Қалибек «Ерке сылқым» күйін орындап, домбыраның жай ғана аспап емес, ата-бабаларымыздың дауысы екенін, оның ғасырлар қойнауынан жеткен үн екенін еске салды.
– Наурыз – бұл табиғат пен адам жүрегінің жаңару уақыты. Осындай сәтте халқымызды ғасырлар бойы шабыттандырған әуендер де бірге жаңғырып тұруы маңызды, – деді Ардақ өз өнерін аяқтаған соң.
«Энергожөндеу» ӨЖК ӨТБ инженері Жанерке Панарханқызының орындауындағы ән де көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Оның үні көктемнің жылы самалындай залды жылулық пен үмітке толтырды.
Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО департаментіндегі Наурыз мерекесі жай ғана көктемді қарсы алу шарасы емес, нағыз ұрпақтар сабақтастығының көрінісіне айналды. Бұл жерде қуаныш пен шығармашылық, дәстүрге деген терең құрмет тоғысты. Шараның басты мағынасы – дәстүрді сақтау арқылы өз болмысымызды сақтау екенін тағы бір мәрте еске салды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай мерекелер ұжымды тек жұмыс тобы ғана емес, әрқайсысының өзіндік орны мен үлесі бар үлкен отбасы ретінде біріктіреді.
Қоңыр домбыра үні шарықтап, әсем ән әуелеп тұрғанда, ұлттық нақыштар өмірімізді сәнге бөлеп тұрғанда Қазақстанның мәдениеті өміршей әрі жасампаз бола бермек.