Каскад ГЭС-і: ГОЭРЛО-ның верныйлық тұңғышы
1920 жылғы 29 қарашадағы кеңестік ГОЭЛРО жоспарының бір тарауы Түркістан аймағын электрлендіру жоспарына арналған. Құжатқа қазіргі Алматы облысын қамтитын Жетісу өңірі, соның ішінде Верный қаласының тау бөктеріндегі аймағы енгізілген. Кейінгі жылдары дәл осы өңірде, жоспарға сәйкес, бірегей Каскад ГЭС-і салынды.

«Түркістан үшін арзан энергия мәселесі аса маңызды мәнге ие. Адамзатқа қажетті жерлерге жеткізілген арзан су мен арзан энергия – бұл Түркістан өңірі дамуының негізгі көрсеткіштері. Түркістанның табиғи жағдайы өте қолайлы: мұнда оңай әрі арзан пайдалануға болатын су энергиясы мол. Түркістан мен Жетісу өңірінің тау жоталарынан бастау алатын өзендер әктас пен шоғыр тастан түзілген таулы шатқалдарды жарып өтіп, қуатты ағындармен төменге құлайды. Осы тар шатқалдарды жасанды бөгеттермен бөгеп, өзендердің деңгейін бірнеше ондаған сажынға көтеруге және гидравликалық энергияны тиімді пайдалануға жағдай жасауға болады».
«ГОЭЛРО жоспары», 1920 ж.
Верный (Алматы) маңындағы тау бөктеріндегі өзендерінде ГЭС салу жоспары сол жылдардағы құжаттарға сүйенсек, XX ғасырдың 1920-жылдары-ақ Кеңес мемлекетінің даму жобаларының қатарында тұрған. ГОЭЛРО жоспары бойынша бұл жобаны екінші кезекке жатқызғанымен, құжатта 20-30 су турбинасын орнату қарастырылған, олардың әрқайсысының қуаты 2 мыңнан 10 мың кВт-қа дейін жетуі тиіс болған. Жалпы алғанда, екінші кезектегі станциялардың құрылысы сол кездегі 30-51 миллион рубльге бағаланған. Назар аударатын деректің бірі: Верный (Алматы) маңындағы өзендерде станциялар салу кезектілігі мен қажеттілігі бастапқыда Пішпек – Верный теміржолының құрылысымен негізделген. Алайда, бұл жоспар жүзеге аспады.

1939 жылғы ақпанда КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары Максим Сабуров Алматы маңындағы тау өзендерінде суэлектр станцияларын салу қажеттігін еске салды. Ол жобаны қосымша пысықтауды және бір үлкен станцияның орнына бірнеше шағын ГЭС салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Шын мәнінде, бұл ұсыныс бірнеше жылдан кейін, мүлде басқа жағдайда – Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында іске асырылды.
1942 жылы Каскад ГЭС-і бойынша жобалау және дайындық жұмыстары «Гидропроект» институтының Ленинградтық бөлімшесінде басталды, ал 1943 жылдың сәуір айынан бастап алғашқы электр станциялардың құрылысы қолға алынды. Алдын ала жоба бойынша, 1,5 мың метрлік өзен құламасын пайдалана отырып, 11 гидроэлектростанция салу жоспарланған. Алдымен салынуы жеңіл шағын гидроэлектростанциялар жобаланды, атап айтқанда, су тегеуріні 32 метрді құрайтын №11 ГЭС және бірнеше ірі станциялардың бірі болып табылатын, су қысымы 92 метрлік №5 ГЭС жоспарға енгізілді.

Каскад ГЭС құрылысы басталған тұста, яғни 1943 жылғы 9 тамызда, КСРО Электр станциялары халық комиссариатының №157 бұйрығымен Алматыда Қазақ аудандық энергетикалық басқармасы – «Казахэнерго» құрылды. Басқарма Алматы Орталық электр станциясын (ЦЭС), Алматы электр желілері басқармасын және іске қосылғаннан кейін жаңадан салынған гидроэлектростанцияларды басқару міндетіне алды.
Жаңа ГЭС-тер 1943 жылы халық құрылысы әдісімен жүзеге асырылды. 1944 жылдың сәуір айында белгіленген қуаты 0,8 МВт болатын ГЭС 11, ал қыркүйекте біртипті ГЭС 5, 9 және 10 іске қосылды. Турбиналардың басым көпшілігі Алматыда жасалды.