Болашақтың энергиясы – жастардың қолында
Артқа
15.08.2025

Болашақтың энергиясы – жастардың қолында

«АлЭС» АҚ жас мамандары Астанада өткен жұмысшы мамандықтары форумында

Астана энергетика саласының жас мамандарын Қазақстанның түкпір-түкпірінен қарсы алды. Мұнда «Самұрық-Энерго» АҚ ұйымдастырған «Жұмысшы мамандықтары: болашақтың энергиясы» атты жұмысшы мамандықтарының жастар форумы өтті. Форум алаңына холдингтің еншілес ұйымдарының жұмысшы мамандық иелерінен құралған 100-ден астам қатысушы жиналды.

«Алматы электр станциялары» АҚ командасы компанияның өндірістік бөлімшелерінде жұмыс істейтін жас мамандарды лайықты түрде таныстырды. Форум олар үшін кәсіби өсуге арналған шынайы мектепке айналды.

Форумның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру, сондай-ақ командалық өзара іс-қимылды дамыту. Бағдарлама квиздер мен панельдік пікірталастардан бастап инженерлік тимбилдингке дейінгі бай зияткерлік және практикалық-бағдарланған белсенділікті қамтыды.

«Адам. Команда. Нәтиже» атты мотивациялық сессия ерекше қызығушылық тудырды, онда әр маманның рөлі мен командалық сәйкестіліктің маңызы талқыланды. Жарқын сәттердің бірі – «Гольдберг машинасы» инженерлік челленджі болды: қатысушылар бірегей тізбекті реакциялар тудыратын конструкцияларды жобалап, жинады. Бұл тапсырма жұмысшы мамандықтың тек шеберлік пен жауапкершілікті ғана емес, сонымен бірге шығармашылықты, техникалық ойлауды және командалық жұмысты талап ететінін дәлелдеді.

– Мен үшін форум әріптестерімнің басқа өңірлерде қалай жұмыс істейтінін және кәсіпорындарда қандай инновациялар қолданылатынын білудің тамаша мүмкіндігі болды. Жастарға сенім артып, маңызды тапсырмаларды жүктегенін көру ерекше шабыт береді, – деді Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС электр монтері Дильназ Көбеген.

Батыс жылу кешенінің электр монтері Ақжол Тұрсын «Алматы электр станциялары» АҚ атынан өкілдік еткенін мақтан тұтады: «Мұндай форумдар білім беріп қана қоймай, одан әрі дамуға көмектесетін жаңа байланыстар да береді».

– Мен үшін форумға қатысу – бұл тәжірибе алмасу және өз мамандығыма жаңа көзқараспен қарау мүмкіндігі. Әріптестермен танысу әсіресе, кәсіби өсуге шабыт береді, – деді А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО электр слесарі Ақсұңқар Бақтыбай.

Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО электр монтері Назерке Ахметова Форумның атмосферасы достық және шабытты болғанын, барлығы өз идеяларымен және тәжірибелерімен белсенді бөлісіп отырғанын атап өтті: «Әсіресе, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығы туралы ғана емес, сонымен қатар олардың технологияны дамытудағы рөлі туралы сөз болғаны ұнады. Квиздер мен тимбилдинг бағдарламаны одан әрі қызықтырды, жаңа достар табуға және командалық рухты сезінуге көмектесті. Форумнан жақсы көңіл-күймен және жұмыс істеу үшін көптеген идеялармен қайттым».

Астанадағы форум жұмысшы мамандықтар – бұл тек еңбек пен жауапкершілік қана емес, сонымен қатар жасампаздық энергиясы, инновациялар мен креативті тәсіл екенін көрсетті.

«АлЭС» АҚ-да жас мамандардың осындай іс-шараларға қатысуы корпоративтік мәдениетті нығайтуға, даму мотивациясын арттыруға және болашақ энергетиканың іргетасын құрайтын кадрлық резервті жасауға септігін тигізед деп сенеді.