Барлығы дәлдікпен жұмыс істегенде
Артқа
01.08.2025

Барлығы дәлдікпен жұмыс істегенде

«Энергожөндеу» ӨЖК Арматуралық-механикалық цехының 5-разрядты токарі Дулат Ілиясовтың оқиғасы

– Мен көп сөйлегенді емес, істеген ісімнің сөйлегенін қалаймын. Бөлшектің дәлдігі, механизмдердің кідіріссіз жұмыс істеуі, станокқа жақындағанда бәрінің қалыпты екенін көру – осы сәттер мен үшін шынайы кәсіби қанағаттың белгісі.

Осы сөздермен әңгімесін бастаған Дулат Ілиясов бүгінде төрт жылға жуық уақыттан бері «Энергожөндеу» ӨЖК Арматуралық-механикалық цехында токарь қызметін атқарып келеді. Бұл мамандық оған мінезі мен болмысына сай – мұқияттылықты, зейінділікті және алға жоспарлай білуді талап етеді. Дулаттың энергетика саласын таңдауы да кездейсоқ емес: мұнда тек қолмен жұмыс істеп қана қоймай, тұтас өңірдің тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ететін технологиялық жүйенің бір бөлшегі болуға болады.

– Бала кезімде бөлшектеп, қайта құрастыруға болатын дүниелердің барлығы мені қатты қызықтыратын, – дейді ол. – Сағаттармен, велосипедтермен, тұрмыстық техникалармен жиі айналысатынмын. Техниканың тартымдылығы – ол оның қисынында, дәлдігінде және нәтижесінде.

Энергетикаға келуі сол қызығушылықтарының нәтижесінде болды. Ол токарь мамандығын меңгерді, бұл – зейін қойып, бөлшектерге құрметпен қарауды қажет ететін күрделі жұмыс.

– Энергетика саласы үнемі дамуда. Жаңа технологиялар, цифрлық жүйелер және автоматтандыру енгізілуде. Алайда негізгі талап өзгермейді: барлық жүйе сенімді, қауіпсіз және дәл жұмыс істеуі тиіс. Бұл жабдық жұмысына ғана емес, адамдардың қауіпсіздігіне де әсер етеді, – дейді ол.

Дулат өзінің алғашқы жұмыс күнін ұсақ-түйегіне дейін әлі де болса есінде сақтап қалған, яғни өндірістің ауқымы, ауыр агрегаттар, зейінді жұмыс атмосферасы. Ол бұл жерде бәрі шынайы екенін және кез келген қателік қымбатқа түсетінін бірден түсінді. Сол сәттен бастап оның кәсіби жолы басталды.

– Маған ең маңыздысы істеген ісімнің дұрыс болғанын білу. Шапшаңдық пен асыра сілтеусіз, бірақ дәл, әрі нақты. Кәсіпте тәртіп, тыныштық пен мұқияттылықты бағалаймын. Ал қауіпсіздік болса, әрқашан басты орында тұрады.

Жұмыс орнында Дулат көп сөйлемейтін, сенімді адам. Қиын жағдайларда сабырлы, ойланып әрекет етеді. Әріптестері оны салмақтылығы, дәлдігі және жауапкершілігі үшін ерекше құрметтейді. Ол өз командасы туралы былай дейді:

– Мұнда мықты, әрі өз ісінің кәсіби шеберлері жұмыс істейді. Міне, осы кәсіби шеберлер, мен алғашқы рет осы жұмысқа келгенде маған үлкен қолдау көрсетті. Қазір мен де басқаларға осылай көмектесуге тырысудамын.

Бұл мамандықты ол оңай деп санамайды, бірақ оның маңыздылығын жақсы түсінеді. Ол үшін тұрақтылық, кәсіби тұрғыда даму және жаңғырту процесіне қатысу – аса құнды. Бос уақытында кітап оқығанды, табиғат аясында серуендегенді және дене шынықтырумен айналысқанды ұнатады. Барлығын асықпай, ретімен жасағанды жөн көреді. Өзі айтқандай, ең маңыздысы – жұмысыңа адал болып, ішкі тепе-теңдікті жоғалтпау.

– Кейде шаршау да, шамадан тыс жүктеме де болады, – деп мойындайды ол. – Бірақ не үшін істеп жатқаныңды түсініп, соған сенсең, тоқтамай жүре бересің. Сабырлы. Өз қарқыныңмен. Міне, ең маңыздысы – осы.

Бейнені қараңыз https://www.youtube.com/watch?v=mxagOpLlJJE