АлЭС-тің мерейтойлық Спартакиадасы: күш-қуаттың, бірлік пен спорттық жеңістердің он жылы
Артқа
05.05.2025

АлЭС-тің мерейтойлық Спартакиадасы: күш-қуаттың, бірлік пен спорттық жеңістердің он жылы

Спортшылардың жарқын жетістіктері, жеңіске деген ерік-жігері және белсенді қатысу үшін 201 медаль мен 57 грамотаға ие болуы мерейтойлық жыл үшін лайықты қорытынды болып табылады

2025 жылдың 24 сәуірінен бастап 4 мамырын қоса алған уақыт ішінде Алматының спорттық алаңдарында корпоративтік өмірдің ең жарқын және асыға күткен оқиғаларының бірі – «АлЭС» АҚ 10-шы мерейтойлық Спартакиадасы өтті. Бұл жай ғана дәстүр емес, бұл компания мәдениетінің жүздеген жұмыскерлерді ортақ мақсатқа, жарыс рухына және үздік болуға деген ұмтылыс арқылы біріктіретін бөлінбес бір бөлігі.

Спартакиадаға компанияның барлық өндірістік департаменттерінен келген 200-ден астам жұмыскер қатысып, спорттың баскетбол мен волейболдан бастап, тоғызқұмалақ, бес асық және тіпті киберспортқа дейінгі 12 түрі бойынша бақ сынасты. Алаңдардағы атмосфера үлкен спорттық фестивальді еске түсірді, ол жердегі әр ұпай, әр беріліс және әр қадам командалық рух пен жеке батылдықтың айқын көрінісіне айналды.

Бұл жай ғана спорттық турнир емес – бұл тебіреністерге, командалық қолдауға, жарқын жеңістер мен бөлісуге тұрарлық шынайы жеке оқиғаларға толы апта болды.

Медина Айкан, А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО ББҚ инженері, бірнеше жылдан бері спартакиадаға қатысып келеді және өзінің алған әсерлерімен бөліседі: «Спартакиада маусымы – ерекше уақыт. Ол күнделікті өмірден алыстап, қуат алуға, жаңа достар табуға және өзімізге бір команда екенімізді еске салуға мүмкіндік береді. Жыл өткен сайын қатысушылардың спорттық деңгейі артып келе жатқанына ерекше қуаныштымыз. Бұл спортқа деген саналы көзқарас пен сүйіспеншілікті білдіреді. Мен осындай іс-шаралардың көптеп өткізілгенін шын жүректен қалаймын!»

БЖК инженері Мөлдір Жампозова Спартакиадаға үшінші жылы қатысып жатыр: «Мен бес асық пен волейболға қатысамын. Бұл жарысты өте жақсы көремін, өйткені оның атмосферасы ерекше. Осы жылдар ішінде көптеген достар таптым. Бұл жерде мен өзімді үйдегідей сезінемін».

Спартакиаданың шын мәніндегі қаһарманы деп А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО баскетбол командасының капитаны Жандос Төребековты атауға болады. Аяғынан жарақат алғаннан кейін ол финалға шықты ды, команданың шешуші алты ұпай жинап, жеңіске жетуіне көмектесті: «Менің табанымда жарық пайда болды, бірақ мен команданы ұятқа қалдыра алмадым. Аяғымның ауырғанына қарамастан алаңға шықтым. Бұл, асыра сілтеусіз айтқанда, тарихи ойын болды. Бала кезімнен баскетбол ойнап келе жатырмын, мұндай ойынды мәңгі есте сақтайтын боламын. АлЭС өз чемпиондарын одан әрі өсіре берсін!»

Спартакиада күндері Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да заманауи спорт алаңдары ашылды. Турбиналық цех сорғылық қондырғыларының машинисі Ерсін Атамқұл: «Біз аптасына екі рет жаттығамыз. Командамыз мықты, көңіл-күйіміз жігерлі. Спорт – бұл біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігі».

А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО сорғылық қондырғыларының машинисі Камилла Атеш жарқын жаңалықтардың біріне айналды. Ол армрестлинг сайысына алдын ала дайындықсыз келіп, бірінші орынды иеленді: «Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға үлкен рахмет! Бұл нағыз спорттық мерекенің апталығы болды. Тіпті жаңадан келген адам үшін де ыңғайлы әрі қызықты болды. Бұл тек басы ғана деп үміттенемін – алда әлі көптеген жеңістеріміз бар!»

А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО автоматиканы жөндеу жөніндегі электр слесарі Бейбіт Байнөсеров мақтанышпен былай деді: «Біздің команда барлық турнирлерге қатысып, төрт алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Барлығы жоғары деңгейде – айқын, үйлесімді, кәсіби деңгейде ұйымдастырылды. Осындай оқиғаның бір бөлігіне айналу үлкен қуаныш!»

Бас кеңсе командасының капитаны – Әдіснама басқармасының бас менеджері Жомарт Дәулетбаев футбол турнирінің басты қаһармандарының біріне айналды. Команда турнирлік жолды сенімді жүріп өтіп, футболдан бірінші орынды иеленді – бұрын бұл спорт түрінің фавориттері қатарына кірмеген команда үшін нағыз серпіліс. Турнирдің шарықтау шегі танымал фаворит болып табылатын «Энергожөндеу» командасына қарсы шиеленісті финал болды. Негізгі уақыт тең болып аяқталды, матчтың тағдыры пенальти сериясында шешілді. Жинақылығының, ұстамдылығының және үйлесімді іс-қимылының арқасында Бас кеңсе командасы алғаш рет футбол подиумына көтеріліп, ерікті жеңіске жетті. Жомарт басшылық еткен команда тамаша әдісті, бірлік пен жеңіске деген ұмтылысты көрсетті. Бұл нәтиже – табанды жаттығулардың, өзара қолдаудың нәтижесі.

3-ЖЭО метрология жөніндегі инженер Елмира Тұрымбетова алған жарақатына қарамастан армрестлинг сайысында қола жүлдеге қол жеткізді: «Келесі жылы міндетті түрде бірінші орын үшін күш салатын боламын. Волейбол командасында да ойнаймын. Биыл бізде жаңа келгендердің барлығы дерлік бар, бірақ шамамыз келгенше тырыстық. Карантин кезеңін қоспағанда, 2015 жылдан бері корпоративтік спорт жарыстарына қатысып келемін. Бұл – менің АлЭС-пен және Спартакиадамен бірге өткізген онжылдығым!»

А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО электр слесарі Камиль Ахматшаевтың әңгімесі ерекше әсерлі болды. Оның кішкене қыздары ең шынайы жанкүйерлерге айналды: «Біздің команда баскетболда 1-ЖЭО-дан жеңіліп қалған кезде менің қыздарым көз жасына ерік берді. Ал есеп 32:33 болғанда, олардың көзі әкесі мен 2-ЖЭО үшін мақтаныштан жайнап тұрды. Бұл сәт менің жадымда әркез сақталатын болады».

А. Жақұтов атындағы 2-ЖЭО Күрделі құрылыс бөлімінің бас маманы Сабина Имаева үстел теннисінен үшінші рет алтын ұтып алды: «Көңіл-күйім шарықтап барады! Жарыс соншалықты жарқын және мазмұнды өткендіктен, уақыт байқалмай өтті. Барлығы керемет!»

Зияткерлік спорт түрлері бойынша да тартысты дода өрбіді. Каскад ГЭС-інің метрология жөніндегі инженері Сымбат Тұрсынбек тоғызқұмалақтан екінші орынды иеленді және Самұрық-Энерго Спартакиадасына компания атынан қатысатын болады: «Спартакиада – бұл маңызды оқиға. Ол командалық рухты нығайтады, ішкі мүмкіндігіңді ашып, өзіңді үлкен де күшті ұжымның бір бөлігі екеніңді сезінуіңе мүмкіндік береді».

Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-і кәсіподағының төрайымы Гүлжан Бақтыбаева олардың қыздары волейболдағы кәсіби базасыз да жоғары нәтиже көрсетіп отырғанын атап өтті: «Мектептерде жаттығамыз, бірақ бұл біздің жеңіске жетуімізге кедергі келтірмейді. Біздің команда жүлделі екінші орынды иеленді. Сондай-ақ, биылғы жылы – Ділназ Көбегеннің еңбегі сіңген алтыны!»

Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің электр слесарі Ділназ Көбегеннің өзі бес асық бойынша чемпион атанды: «Ең қиыны толқуды жеңу болды. «Энергожөндеу» ӨЖК-мен жартылай финалда соңғы секундта жиналып, жеңіске жеттім. Бұл шешуші сәтте орын алды, бірақ біз жеңіске қол жеткіздік!»

ОҚТО бас инженерінің орынбасары – ӨТБ бастығы Әділет Бейсенбаев 2011 жылдан бастап футбол ойнап келеді:

«Аптасына екі рет, тұрақты түрде ойнаймыз. ОҚТО командасы жаттығулар мен жолдастық кездесулер өткізіп отырады. Бұл біздің бірлігімізді арттырады және нығайтады!»

3-ЖЭО жетекші бухгалтері Оксана Костарева волейбол мен жүзуден өткен сайысқа қатысты: «Біз залды жалға алып, үнемі жаттығып отырамыз. Командамызбен жаттығып, бір-бірімізді сезінеміз. Одан әрі дамығымыз келеді. Біздің қыздар жарайды!» Өткен жылы Оксана Самұрық-Энерго спартакиадасында жүзуден екінші орынды иеленді. Биылғы жылы да жеңіске жететініне сенімді.

Каскада ГЭС-інің кезекші инженері Рысбек Өмірәлиев: «Біздің футбол командамыз – мықты құрам. Команданың негізгі ойыншылары үш жылдан бері тұрақты түрде ойнап келеді. Біздің өз капитанымыз – Логистика бөлімінің бастығы Олег Чехов. Төртінші жыл ойнап келеміз, өз алаңымыз бар!»

Командалық есептің нәтижелері:

– 1 орын – А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО. Команда екінші жыл қатарынан жеңіске жетті – бұл жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл нәтиже қатысушылардың еңбегі ғана емес, сонымен қатар мықты да біртұтас ұжымның көрінісі болып табылады.

– 2 орын – Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО. Команда жылдан жылға сенімді түрде көтеріліп келеді: өткен жылы – қола, ал биыл күміс. Мұндай ілгерілеу қатысушылардың мақсаттылығын, тәртіптілігін және тамаша спорттық дайындығын білдіреді. Үйлесімді жұмыс, ішкі уәждеме мен жігерлі көңіл-күй 1-ЖЭО-ның көшбасшылар қатарына енуіне мүмкіндік берді.

– 3 орын – Батыс жылу кешені. Осы маусымның жарқын серпіні – команда спартакиада тарихында алғаш рет жүлдегерлер қатарына енді. Бұл табысқа жоғары командалық рух, шынайы дайындық және амбиция мен еңбекқорлық тіпті жаңа бастағандарды да корпоративтік спорт элитасына шығаруға қабілетті екенін дәлелдеуге ұмтылу арқылы қол жеткізілді. Батыс жылу кешені биылғы маусымның фавориттерінің қатарына енді.

80-нен астам жүлдегерлер мен медаль иегерлері: АлЭС-тің энергия мен қуат қана еместігін, сонымен қатар рух күшінің, командаға деген адалдық пен спорттық бауырластықтықтың не екенін дәлелдеп берді. Іс-шараға қатысушылар 201 медаль мен 57 грамотаға ие болды.

10 жыл – бұл тек бастамасы ғана!

Мерейтойлық спартакиада біздің ортақ құндылықтарымыздың – бірліктің, өзара көмектің, мақсатқа деген талпыныстың көрінісі болды. Бұл біздің әрқайсымыз туралы әңгіме. Бүкіл команданың күш-жігері арқылы қол жеткізілетін жеңістер туралы әңгіме. Өмір бойы есте қалатын сәттер туралы да әңгіме.

Спорттық жарыстар дәстүрі жалғасын таба берсін! Баршамызды біріктіріп, шабыттандыратындай болсын! АлЭС қуаты әрдайым өмір қуатына айналсын.

P.S. Спартакиадада екінші орын алған Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО баскетбол командасы жүлде қорының бір бөлігін бұрынғы әріптесі – Бауырхан Баясиловқа тапсырды. Ол 1- ЖЭО-да 12 жыл байланысшы болып жұмыс істеді. Бүгінде оның бес жасар ұлы Батырхан
ауыр диагнозбен – жедел лимфобласттық лейкозбен күресіп жатыр.

Бұл күміс жүлде тек спорттық жетістік қана емес, көмек көрсету мүмкіндігіне айналды. Команданың күші – әрекетте. АлЭС-тің күші – адамдарында.