«АлЭС» мақтанышы: Руслан мен Назерке байқаудың жеңімпаздары атанды
Артқа
29.08.2025

«АлЭС» мақтанышы: Руслан мен Назерке байқаудың жеңімпаздары атанды

«Алматы электр станциялары» АҚ өз қызметкерлерін мақтан тұтады. Олар тек компанияның игілігі үшін адал еңбек етіп, энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосып қана қоймай, қоғам өмірінің түрлі салаларында да белсенділік танытып келеді. Жақында Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы мен «Бізбен бірге» қорының қолдауымен ұйымдастырылған «One Day Life» реалити-шоуы қызметкерлеріміздің энергиясы, таланты мен тапқырлығы жеңістерге жетелеп, әріптестерінің мақтанышына айналатынын дәлелдейтін жарқын мысалы болды.

Біздің қызметкерлеріміз жоғары нәтижелерге қол жеткізді: Каскад ГЭС электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электр слесарі Руслан Нұрғалиев бас жүлдені жеңіп алса, Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО электр станциялар автоматикасы мен өлшеу құралдарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр слесарі Назерке Ахметова бірінші орынды иеленді. Бұл жетістіктер – компанияда тек өз ісінің шеберлері ғана емес, сонымен қатар жан-жақты дамыған, талантты жандар еңбек ететінінің айқын дәлелі.

Шоудың түсірілімдері Алматы қаласындағы Open Cinema алаңында өтті. Қатысушылар саны он адамға дейін шектеліп, олар өмірдің әртүрлі салаларын қамтитын алты кезеңнен тұратын сынақтардан өтті. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – көрермендерді жұмысшы мамандықтарымен таныстыру, жастардың еңбекке деген қызығушылығын ояту, сондай-ақ олардың тапқырлығын, шығармашылық қабілетін және жігерін ашу болды.

Шоудың бағдарламасы өте мазмұнды әрі қызықты болды: мебель жасау, аспаздық сайыстар, физикалық сынақтар, сурет салу бойынша шығармашылық тапсырмалар, батутта секіру, жасанды бұқаға мініп шабу және тіпті көлік жасау сияқты кезеңдер болды. Әрбір сынақ қатысушылардың жаңа қырларын ашып, олардың күш-жігерін, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуеті мен табандылығын көрсетіп отырды.

– Шоу өте қызықты және әрі түрлі бағытта өтті. Біз өзімізді ағаш ұсталығы, аспаздық және сурет салу сияқты салаларда сынап көрдік. Мұндай формат адамды әртүрлі қырынан ашуға, тек күшін ғана емес, шығармашылық қабілетін де көрсетуге мүмкіндік береді. Мен үшін ерекше есте қалған кезең – сурет салу болды. Дәл осы тапсырма маған бірінші орынды алып келді. Бұл мені шабыттандырды және шығармашылықтың да басқа қабілеттермен бірдей бағаланатынын дәлелдеді, – деп өз әсерімен бөлісті Назерке.

– Мен үшін ең есте қаларлық сәт – аспаздық тапсырма болды, онда мен алғаш рет шеф-аспазшы ретінде өзімді сынап көрдім. Байқаулар әртүрлі, әрі қызықты өтті, бұл жобаның шынайы әрі тартымды болуына себеп болды. Әр қатысушы өз қабілетін көрсетті: біреуі күшін, біреуі тапқырлығын, енді бірі шығармашылығын танытты, – деді Руслан.

Қызметкерлеріміздің осындай жарқын, әрі көп қырлы жобада жеңіске жетуі – АлЭС-та дамуға ұмтылатын, кәсіби шеңберден тыс та жетістікке жете білетін мамандар жұмыс істейтінінің айқын дәлелі. Олардың жетістіктері бүкіл ұжымға шабыт беріп, корпоративтік тарихымыздың бір бөлігіне айналып, компаниямызда ең қадірлі әрі талантты қызметкерлер жұмыс істейтініне деген сенімділігімізді нығайтады.

Мұндай жеңістер – біздің ортақ мақтанышымыз. Олар бірге көп нәрсеге қабілетті екенімізді, ал әрбір қызметкердің жеке жетістіктері компания тарихындағы тағы бір жарқын параққа айналатынын растайды.