«АлЭС» АҚ тәуекелдерді басқару жүйесі

«АлЭС» АҚ тәуекелдерді басқару жүйесі

«АлЭС» АҚ тәуекелдерді басқару жүйесі корпоративтік басқарудың ажырамас бөлігі болып табылады және Қоғамның тұрақты дамуын, қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және іскерлік беделін сақтауға бағытталған. Тәуекелдерді басқару орнықты даму қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

Тәуекелге бағдарланған басқаруды ұйымдастыру, сыртқы және ішкі ортаның өзгерістеріне уақтылы ден қою, сондай-ақ тәуекелдерді іске асыру кезінде ықтимал шығындарды азайту мақсатында Қоғамда тәуекелді үйлестіруші және арнайы комитеттерді тағайындауды қамтитын тәуекелдерді басқарудың корпоративтік жүйесі енгізілген және қазіргі уақытта жетілдірілуде. Тәуекелдерді басқаруға жауапты Комитеттің мүшелері және тәуекел-үйлестірушілер тәуекелдерді басқару рәсімдері мен әдістерін енгізуді, тәуекелдер туралы ақпаратты ұдайы жаңартуды, деректерді өзектендіру мен құжаттандыруды, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі нормативтік құжаттарды әзірлеуді қамтамасыз етеді.

Қоғамның Директорлар кеңесі шоғырландырылған тіркелімді, тәуекелдер картасын, негізгі тәуекелдерді сипаттай және талдай отырып, негізгі тәуекелдерді басқару жөніндегі тоқсан сайынғы есептерді бекітті. Тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану мақсатында Қоғамның Директорлар Кеңесі қызметтің келесі үш түрі бойынша бөлінген тәуекел-тәбетті бекітті: инвестициялық, қаржылық және операциялық.

Тәуекелдерді сәйкестендіру кезінде Қоғам сараптамалық бағалауға, статистикалық деректерге, орын алған залалдардың дерекқорына, аудиторлық және өзге де тексерулердің нәтижелеріне және т.б. сүйенеді. Сәйкестендірілген тәуекелдер оларды кейіннен бағалау, басқару және мониторинг жүргізу үшін Қоғамның тіркеліміне және тәуекелдер картасына қалыптастырылады. Тіркелімге және тәуекелдер картасына кіретін тәуекелдер өзектілігін және мәнділік деңгейін айқындау үшін тұрақты түрде (жыл сайын) қайта қаралады.

Тәуекелдерді басқару саясатына сәйкес Қоғам мынадай тәуекелдерді бөліп көрсетеді: стратегиялық, операциялық, қаржылық, құқықтық.

Қазақстан Республикасы экономикасының өсу қарқынының төмендеуі, ұлттық валюта бағамының әлсіреуі, электр энергетикасы нарығы құрылымының өзгеруі және тарифтің оңтайландырылуы жағдайлары Қоғамның жұмыс істеу жағдайына түйінді әсер етеді. Бұл ретте, мемлекет пен Жалғыз акционер тарапынан қолдаудың болуы ішкі нарықта бәсекеге қабілеттілікті дамыту және арттыру үшін мүмкіндік береді. Осылайша, 2026 жылға «АлЭС» АҚ тәуекелдерді сәйкестендіру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижелері бойынша Қоғам қызметіне тән 37 тәуекел сәйкестендіріліп, бағаланды, ПӘК шекті мәндері жаңартылды, тәуекелдер иелері тәуекелдер факторлары мен оларды төмендету жөніндегі іс-шараларды өзектендірді. Сондай-ақ Қоғам жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі және төмен көміртекті экономикаға көшу проблемаларының жоғары маңыздылығын түсінеді, сондықтан 2026 жылы тәуекелдер тіркелімінде стратегиялық тәуекелдер санатында климаттық физикалық тәуекелдер мен климаттық өтпелі тәуекелдер сақталуда.