АлЭС Алматы марафонында: командалық рух пен қуаттың көрінісі
Алматы марафоны – бұл жай ғана спорттық шара емес, бұл – ерік-жігердің, бірліктің және салауатты өмір салтының мерекесі. Биыл марафонға мыңдаған жүгіруші қатысты, олардың қатарында «АлЭС» АҚ-ның командасы да болды – сегіз әріптесіміз өздерін сынап, күш-қуаттарымен бөлісіп, қалаға командалық рухтың жарқын үлгісін сыйлау үшін жарыс жолына шықты.

Көптеген қатысушылар үшін бұл жүгіру ерекше дәстүрге айналған.
– Алматы марафоны мен үшін жай ғана спорт емес. Биыл мен оны үшінші рет жүгіріп өттім, және әр жолы бұл – мінезді шыңдайтын сынақ, ерекше эмоциялар мен өз-өзіңе деген мақтаныш сыйлайтын тәжірибе. Қолдау мен бірлікке толы атмосфера марафонды шын мәнінде ұмытылмас оқиғаға айналдырады, – деді Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы Дина Әбдімәжит.

Өз әсерімен «Энергожөндеу» ӨЖК ӨТБ өндірісті дайындау жөніндегі инженері Жанерке Панарханқызы да бөлісті:
– Бұл марафон мен үшін ең жеңіл өткен марафон болды. Жақсы нәтиже көрсетіп, келесі қадам ретінде жартылай марафонға қатысуды мақсат еттім. Сонымен қатар, бұл марафон менің медальдар жиынтығымды сегізінші медальмен толықтырды. Іс-шара жоғары деңгейде өтті, ал біз әріптестерімізбен осындай маңызды оқиғаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз.

Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО турбиналық цехының аға машинисті Айдос Мәсіралімов үшін биылғы марафон шын мәнінде үлкен сынаққа айналды:
– Алғашқы 21 шақырым жеңіл өтті, бірақ 25-ші шақырымнан кейін өз-өзіммен күрес басталды – аяқ тартылып, шаршау мен шиелініс сезілді. Толық марафонға жай ғана жүгіру жеткіліксіз екенін түсіндім – арнайы дайындық қажет. Алайда дәл осындай қиындықтар рухтышыңдайды, сондықтан келесі жолы мықтырақ болып ораларыма сенімдімін.
БЖК Жөндеу жұмыстарын дайындау тобының инженері Рамазан Молдақадыр марафонға командалық рух ерекше мән бергенін атап өтті:
– Көктемде алғаш рет 21 шақырым, ал биылғы күзде – 10 шақырымжүгірдім. Екі жарыс та маған зор мотивация мен қуат сыйлады. Бұл жолы бізбен бірге көп әріптестер болды. Әркім өз қашықтығын жүгіргенімен, барлығымыз бір командадай сезіндік. Жарыс бойы бір-біріміздің қолдауымызды айқын сездік.
Алматы марафоны әріптестеріміз үшін жай ғана спорттық шара емес, даму мен жаңа мақсаттарға ұмтылыстың символына айналды. Әрбір қатысушы өз шегінен асып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты және ерік-жігер мен командалық қолдаудың алға жетелейтін күш екенін дәлелдеді.
Компания үшін бұл қатысу – біздің ортақ рухымыздың көрінісі: біз тек жұмыс барысында ғана емес, одан тыс жерлерде де біртұтас команда бола аламыз. АлЭС – өндірісте болсын, марафон жолында болсын, бізді алға жылжытатын қуат көзі.