АлЭС Әйелдер клубы – өсу мен ашық жүректердің мекені
АлЭС Әйелдер клубының өткен отырысы ресми тренингтен гөрі жақын құрбылардың бейресми кездесуі сияқты болды. Жылы шырайлы атмосферада қатысушылар гендерлік теңдік, көшбасшылық және қазіргі қоғамдағы әйелдің рөлі сияқты маңызды да күрделі тақырыптарды талқылады.

Алғашқы минуттардан-ақ бұл жерде әр әйел өз болмысымен еркін бола алатыны анық болды. Қатаң шектеулер мен ресмилік жоқ – тек шынайы қарым-қатынас, сенім мен қолдау. Әйелдер мансап пен отбасын қалай үйлестіруге болатыны, жүктемемен қалай күресу керек және ішкі үйлесімділікті қалай сақтау жайында ойларымен бөлісті.
– Бұл жай ғана дәріс емес. Бұл – диалог. Мен өзімді бір үлкен нәрсенің бөлшегі ретінде сезіндім, – деді А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО Қоршаған ортаны қорғау инженері Әсем Жалғасбаева.

Кездесуді психология магистрі, қолданбалы психология мен тиімді оқыту саласының сарапшысы, сертификатталған нұсқаушы Баян Нұрғалиева жүргізді. Ол 12 жылдан астам уақыт бойы интеллект пен тұлғалық әлеуетті дамыту бағытында жұмыс істеп келеді, BRAMT жылдам оқу және интеллектіні дамыту мектептер желісінің негізін қалаушы, бірнеше кәсіби сыйлықтардың иегері және бұқаралық ақпарат құралдарындағы айдардың авторы. Баян ханым «Тимбилдинг», «Көшбасшылық» және «Тиімді коммуникация» тақырыптары бойынша Қазақстанның жетекші компанияларында 120-дан астам тренинг өткізген. Мұндай тәжірибе әрбір тақырып нақты өмірде көрініс табатындай және әрбір қатысушыға түсінікті болатындай етіп кездесу бағдарламасын құруға мүмкіндік берді.

Теңдік қағидаттарын талқылау интерактивтерге ұласты: рөлдік ойындар, өнімділікке арналған тесттер, тыныс алу практикалары өткізілді. Қатысушылар күліп те алды, таңғалды, тіпті пікірталас та болды – мұның бәрі теңдік пен көшбасшылықтың өмірде қалай көрініс табатынын тереңірек түсінуге көмектесті.

– Бүгінгі тренинг өте керемет өтті. Біз көп білім алдық және сонымен бірге жақсы демалдық! Осындай кездесулер жиі болса екен, – деді БЖК зертханашысы Ләззат Тақперова.

Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО зертханашысы Гүлнар Сатыбалдиеваның сөздері ерекше есте қалды: «Осы жүрекжарды семинарды ұйымдастырған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Барлығы жеңіл әрі көңілді өтті, сонымен қатар терең мағыналы болды. Мұндай кездесулер біздерге шабыт береді».

Металдар және дәнекерлеу қызметінің жетекші инженері Татьяна Власова да жылы сезімдерін білдірді:
– Әйелдер клубының кезекті отырысы бізге тағы бір мәрте біз – әйелдер екенімізді еске салды. Гендерлік теңдік ерлерге қарама-қайшылық емес, керісінше, бұл үйлесім мен ынтымақтастық. 1-ЖЭО ұжымы кездесуді үй жағдайында өткізді десек те болады. Осы жылуылық үшін рахмет.

АлЭС Әйелдер клубы әріптестердің жай кездесуінен асып, күш-қуат, даму және өзара қолдаудың алаңына айналуда. Мұнда болашақ жетістіктер үшін идеялар мен шабыт туады. Әрбір кездесу – әйелдердің өздерін сенімді, еркін және мәнді сезінетін орта құруға жасалған маңызды қадам.
АлЭС Әйелдер клубы әртүрлі мамандықтағы және өндірістік бөлімдердегі әйелдерді біріктіріп, олардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асырып, компанияның дамуына ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы теңдік пен үйлесім құндылықтарын нығайтуға да үлес қосуына ықпал етеді.