Александр НЕВЕРОВ: энергетика – менің тағдырым
Александр Неверов жас кезінде «кім болам?» деп ойлаған да емес. Бәрі онсыз да айқын еді: энергетиктер әулетінде дүниеге келген ол кім болатынын бала кезінен-ақ білетін. Тек нақты кім болатынын ғана шешу керек болды, деп нақтылайды Александр Петрович. Ал «бұл салаға қалай келдіңіз?» деген сауалға еш күмәні мен ойтолғағы болмағанын растайтын жауабы қысқа да нұсқа: «Үндемей. Бұл – тағдырдың жазуы. Мен армандаған жоқпын. Бұл мамандықты мен де таңдадым» – деп қысқа қайырды.

Шынымен де, бала кезінен осы салаға бет бұрған: жеті жасынан бастап демалыс күндері әкесі Петр Яковлевич Неверовқа жұмыс орнына түскі асын таситын. Әкесімен бірге 3-ЖЭО-ның барлық қазандығы мен турбинасын аралап шыққан. Сондықтан станциямен бала кезінен таныс еді. Сол кездегі ең әсерлі оқиға – станцияның іске қосылуы. «Бірінші мұржадан алғаш рет түтін шыққанын» бақылау өте қызықты болды.
Ол сүйікті ісіне адал қызмет етуімен өзіне де мамандық таңдауға, тағдырын сеніммен қолға алуға жәрдемдескен ата-анасы туралы зор құрметпен және ризашылықпен айтады. Неверовтар отбасындағы тұңғыш энергетик – оның анасы Екатерина Евдокимовна Кудленко. Ол 1943 жылы Кузнецк металлургия комбинаты жанындағы ФЗУ-ды электромонтер мамандығы бойынша бітірген. Оны бірден КМК ЖЭО электр цехына, яғни басты басқару қалқанына жұмысқа алған. Осы «қалқаншы» лауазымындағы жұмысын 1962 жылы Алматы Мемлекеттік аймақтық электр станциясында жалғастырып, күйеуі Петр Яковлевич Неверовпен бірге Алматыға көшіп келді. Кейіннен ол Алматы МАЭС тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында электрик, содан соң «Алматыэнерго» компаниясының «Энергосбыт» бөлімінде бақылаушы болып жұмыс істеді.
Александрдың әкесі Петр Яковлевич – шаруаның баласы, энергетик мамандығына бірден келмеген. Ол ауыл мектебінің төрт сыныбын бітіріп, соғыс кезінде МТС-тің трактор бригадасында есепші болып жұмыс істеген. 1944 жылы Петр Неверов 17 жасқа толғанда, оны әскерге шақырды. Бөлініс бойынша Қара теңіз флотына түсіп, ондағы оқу отрядында «қазандық қондырғыларының машинисі» мамандығын алды, крейсерде қызмет етті. 1945 жылы фашистік флот жеңімпаз елдер арасында бөлінгенде, ол кемелерді Қара теңіз флотына айдап әкелу үшін Германияға жіберілді.
Әскери қызметін аяқтаған соң, Орск-Халилов металлургия комбинатының ЖЭО-да жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп, білім алды. Алматы ГРЭС-інің жақында іске қосылатынын білгеннен кейін, 1961 жылдың жазында Алматыға көшіп келді. Мұнда Петр Яковлевич еңбек жолын қазандық цехының ауысым бастығы қызметінен бастады. Оқуын да жалғастырды: 1969 жылы дипломын қорғап, станция ауысымының бастығы лауазымына ауыстырылды. Осы қызметте зейнетке шыққанға дейін, дәлірек айтсақ, «Трактебель» компаниясы Алматы энергокешенін басқаруға келгенше жұмыс істеді.
Александр Неверов үшін ата-анасының басты үлгі-өнеге болғаны таңқаларлық емес. Ал отбасы мен ошақ қасы – өмірдегі ең маңызды құндылық. Неверовтар әулетінің отбасылық жәдігеріне алтын сағаттың айналуының да өзіндік символдық мәні бар. Үш ағайынды Неверовтар оны әкелерінің 50 жылдық мерейтойына сыйлаған еді. Ал қазір ол сағат әулеттің үшінші буынының қолында. Мызғымас Неверовтар әулеті ұрпақтарының сабақтастығы осындай.
Ата-анасы дәл осы үлгісімен Александрдың таңдауын да, тағдырын да айқындап берді.
«Бір қызығы, 15 жасымда АГРЭС-тің құрылысына өз үлесімді қостым.
1970 жылы станцияда №7 қазандықты монтаждау жұмыстары жүргізілді. Мен «СредАзЭнергоМонтаж» тресі монтаждаушылар бригадасының құрамында шәкірт ретінде сол қазандық агрегатын монтаждауға қатысқан едім. Сондықтан қазандық цехы да маған электр цехындай жақсы таныс,» – деп еске алады Александр Петрович.
8-сыныпты бітірген соң, ол бұрынырақта әкесі тәмамдаған Алматы құрылыс техникумына оқуға түседі. 1973 жылы әкесінің кеңесімен диплом алдындағы тәжірибеден өтуге Алматы МАЭС-інің ЭТЛ электр цехына электромонтер болып орналасады. Жұмысын үзбестен «техник-электрик» мамандығын алып, дипломын қорғап шығады. Ол 3-ЖЭО-тегі алғашқы жұмыс күнін, әсіресе басшылар мен аға жолдастарының көрсеткен жылы ықыласын жақсы есте сақтапты.

«Қауіпсіздік техникасы бойынша емтиханды бірінші реттен-ақ тапсырғанымда, олардың әкеме айтқан сөздері әлі күнге дейін есімде. Емтиханды электр цехының бастығы Ивкин мен ЭЗЖ бастығы Феофанов қабылдаған. Олар: «Бәрекелді! Бізде он жылдық тәжірибесі бар төртінші топтағы қызметкерлердің өзі бұлай жауап бере алмайды. Бірге жұмыс істейтін болдық», – деп баға берген еді, – деп еске алады Александр Петрович. – Ол кезде менің жұмыс күнім таңертең зертханаға цех бастығы Ивкиннің келуінен басталатын. ЭЗЖ бастығымен бірге міндет қойып, біз шебер Федоров екеуміз оны орындауға кірісетінбіз. Олардың қатарында: жабдықты жоғары вольтты сынау, КЖҚ ұяшықтарындағы автоматика мен релелік қорғанысты жөндеу және тағы басқа жұмыстар болды. Маған тәжірибе мен білім берген тікелей басшыларым: цех бастығы Ивкинді, ЭЗЖ бастығы Феофановты, шебер Федоровты, алғашқы тәлімгерім – бригадир Игорь Муллоны және басқа да көптеген жанды әрдайым жылылықпен еске аламын».
Тағдыр Александр Неверовты өз мамандығына өзі жетелегендей: тіпті әскердегі қызметі де мамандығына сай келді – стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерлерінде, энергетикалық қамтамасыз ету тобында болды.
«Әскердегі екі жылымда АГРЭС-тегі жұмысыммен, яғни жоғары вольтты сынақтармен және кабель желілерінің зақымданған жерлерін анықтаумен айналыстым. Әскери қызметімді электротехникалық зертхана бастығы болып аяқтадым, – деп жалғастырды сөзін Александр Петрович. – Қызметімді өтеп болған соң, 1976 жылы Алматы энергетика институтының күндізгі бөліміне оқуға түстім. Сонымен қатар АГРЭС-тің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында электрик болып жұмыс істедім. Ал 1982 жылы мені Алматыэнергоның Энергетикалық кентінде жаңадан құрылып жатқан Энергоқадағалау өндірістік учаскесіне инженер ретінде жұмысқа шақырды».

Бұл – білімімді шыңдап, тәжірибе жинақтап, ұжыммен жұмыс істеу қағидаттарын қалыптастырған өте жауапты кезең болды. Осы жұмыстың қаншалықты қауіпті әрі жауапты екенін әрдайым есте сақтаудың маңыздылығын да түсіндім. Қиялға берілмей, өз күшің мен мүмкіндігіңді шынайы бағалай білу, команданың кәсібилігіне сенім арту, қол астыңдағы адамдар үшін жауапкершілікті сезіне отырып, олармен жұмыс істей білудің маңызы зор екен. Сондай-ақ ортақ істің табысы ұжымның әрбір мүшесінің психологиялық күйіне тікелей байланысты екенін ұқтым.
Қайта құру және одан кейінгі елдің ыдырау кезеңінде дұрыс қабылданған шешім, мамандардың кәсібилігі мен сауатты әрекеттердің арқасында ғана ауыр төтенше жағдайлардың алдын алған сәттер аз болған жоқ.

1999 жылдың 31 желтоқсаны ерекше есімде қалыпты. Сол күні сондай қатты жел тұрды, содан бері ондай дауыл болған емес. Ағаштар құлап, электр желілері үзілді. Апат өте көп болды. Оларды жөндемек болып едік, бірақ жағдайды ушықтырып бара жатқанымызды тез түсіндік, себебі тізгіннен айырыла бастадық. Мен ауа райы түзелгенше барлық жұмысты тоқтатуға шешім қабылдадым. Кешкі тоғызға дейін күттік – түк шықпады. Үйді-үйімізге тарастық. Кереметі сол, кешкі сағат 11-де жел кенеттен сап тыйылды. Жаңа жылды бүкіл аудан зұлмат қараңғылықта қарсы алды.
Ал 1 қаңтар күні таңғы сағат 8:00-де еш ескертусіз бүкіл қызметкерлер учаскеге жиналды. Сағат 8:30-да бізге аудан әкімі Н.Н. Логутов ерген-тергенімен келді. Қалай жұмыс істеу керегін үйретпек болған шығар, бірақ… оған ешкім жүгіріп бармады. Барлығы оған пысқырып та қарамай, өз істерімен айналысып жатты: апаттардың сипатын анықтап, қажетті материалдарды дайындап, техниканы шығуға әзірлеп, жұмыс жүргізуге наряд-рұқсаттамаларды рәсімдеді.
Бір-екі минут үнсіз тұрған Логутов орынбасарларына бұрылып: «Біздің мұнда істейтін ештеңеміз жоқ,» – деді де, кетіп қалды. Күн ішінде бекітілген учаскедегі барлық апаттар жойылды, ал біз тағы 10 күн бойы басқа бөлімшелердің апатты қалай жойып жатқанын рациядан тыңдап жүрдік.

2000 жылы Александр Неверов Алматы механикаландырылған колоннасына бас инженер болып жұмысқа ауысып, 0,4-тен 500 кВ-қа дейінгі желілер мен қосалқы станциялардың құрылысымен айналысты. Соның ішінде 110 кВ-тық жаңа ұяшықтарды монтаждап, 3-ЖЭО-дағы 35 кВ-тық ұяшықтарға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді.
«Бір қызығы, сонау 2000 жылдың өзінде біздің «АЭСС» АҚ құрылыс-монтаждау ұйымымыз «Балқаш атом станциясы» атауымен болашақта салынатын АЭС-тің орналасу аймағының айналасына сейсмостанциялар жүйесін салған болатын, – дейді ол. – Кейін АЭС-тің орнына жылу станциясын салу туралы шешім қабылданған соң, біз тоңып жатқан Үлкен кентінің жылумен жабдықтау жүйесін іске қосу қазандығынан электр қазандықтарына ауыстырумен айналыстық. Біз Балқаш көліндегі су сорғы станциясын қайта жаңғыртып, сол кезде қараусыз қалған Үлкен кентіндегі ауыз су дайындау қондырғысына дейін су құбырын тарттық».

Алайда тағдыр маған болашақ атом станциясы үшін жұмыстарды жалғастыруға мүмкіндік берді. 2010 жылы «Caspian Contractors Trust» ЖШС компаниясына ауысқаннан кейін мен Үлкен кентінің ауыз су дайындау қондырғысын жобалап, қайта жаңғырттым, сондай-ақ кәріз-сорғы станциялары мен басқа да коммуникацияларын салып, қайта құрдым».

Қазір Александр Петрович зейнетте. «Қалай демалып жатырсыз?» деген сұраққа: «бірдеңе істеп» деп қысқа қайырады. Ал өткен жолына баға бере келе, кәсіби арманының орындалғанын айтады: «Мен өзім қалаған әрі жетік білетін лауазымдарда қызмет еттім және қаламаған іспен айналыспадым». Ол өзімен үйлесімді өмір сүреді және достарының: «Петрович орындалмайтын міндет қоймайды. Ал қойған міндетін әрдайым орындайды» деген бағасымен келіседі.
Ол ұлын жұмысқа ертіп келіп, оның тұңғыш басшысы Александр Петрович болғанын қалайтынын айтқан әріптес досының бұл ісін таза адами тұрғыдан өте жоғары бағалайды. Мұндай сенім мен бағаның құны зор.
Шынында да, Александр Неверовтың тәжірибесінде табысты, сауатты шешімдер мен жүйелі де нәтижелі жұмыстар аз болмаған. Ол заңды түрде мақтан ететін жетістіктері де бар.
«Мен АЭЖ-ге (РЭС) жұмысқа келгенде, учаскеде сынған үстел мен орындық және басылып қалған диван ғана бар еді, ал аулада үнемі бұзылып тұратын жалғыз көлік тұратын. Жұмыс жағдайы мен баспананың жоқтығына наразы бірнеше электр монтері болды, – деп еске алады ол. – Ал мен кеткенде, біз тамаша ғимаратқа орналастық, менімен бірге жұмыс бастағандардың барлығы пәтер алды. Аулада тұтас автопарк тұрды: УАЗ-469 жеңіл көлігі, «бригадкалар», автокран, самосвал, шұңқыр қазғыш, Алматыэнергоның өзіне беймәлім жолдармен алынып, кабель желілеріндегі зақымдарды табу үшін өзіміз қайта жасаған АЭК-тегі (АПЭС) жалғыз зауыттық жылжымалы электр зертханасы болды.

Ең бастысы, кәсіби жарыстардың барлығында бірнеше рет жеңіске жеткен және кез келген істі дөңгелете алатын тамаша ұжым қалыптасты. Мен үшін бүгінгі күнге дейін әрбір нақты жағдайда қолымнан келгеннің бәрін жасадым деген сезім маңызды. Кәсібімде де».
Көптеген энергетик секілді Александр Петрович те зейнетке шықса да, сүйікті ісінен қол үзбей, сырттай бақылап отырады. Ол компанияға табыс тілей отырып, «персоналға, оның кәсіби өсуіне көбірек көңіл бөлуге» шақырады. Олардың жетістіктері мен кемшіліктерін байқап, атап өтіп, ұжыммен талқылап отыру керектігін айтады.
Өйткені алдағы күрделі техникалық мәселелерді шешетін – дәл осы адамдар. Қиын сәтте қол ұшын созатын да – тек солар».