1-ЖЭО-дағы ашық есік күні: болашақтың энергиясы жастардың қолында
Артқа
15.09.2025

1-ЖЭО-дағы ашық есік күні: болашақтың энергиясы жастардың қолында

2025 жылғы 12 қыркүйекте Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да Алматы энергетика және электрондық технологиялар колледжінің студенттеріне арналған Ашық есік күні өтті. Іс-шараға 60 студент пен оларды ертіп келген оқытушылар да қатысты.

Іс-шараны құттықтау сөзімен станция директоры Кәрім Сартаев ашты. Ол Алматы қаласы мен өңір үшін энергетиканың маңыздылығы, кәсіпорынның құрылымы мен оның өндірістік департаменттерінің міндеттері туралы айтып берді. Сонымен қатар, ол жас мамандардың компания болашағындағы рөліне ерекше назар аударды. Директор «АлЭС» АҚ-да жұмыс істеудің артықшылықтарын атап өтті: тұрақты жалақы, толық әлеуметтік пакет, корпоративтік іс-шаралар мен даму бағдарламалары, оның ішінде жалақысы сақталатын оқуға жіберу мен тренингтерге қатысу мүмкіндігі.

Еңбек мобильділігі орталығының Жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің жетекшісі Айсұлу Ботаева студенттерге жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларды таныстырды. «Жастар практикасы» бағдарламасына, студенттердің сабақтан тыс уақытта жұмысқа орналасуына, сондай-ақ мемлекеттік бюджет есебінен кәсіптік оқудан өту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, мансапты жоспарлаудың заманауи құралдары ретінде Enbek.kz цифрлық платформасы мен «Мансап компасы» сервисі таныстырылды.

– Біз студенттермен бірге Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да өткен Ашық есік күніне қатыстық. Бұл іс-шара өте танымды әрі пайдалы болды. Студенттер өндіріс барысымен, жұмыс үдерісімен танысты. Жастар «АлЭС» АҚ-дағы өзекті бос жұмыс орындары, мансаптық өсу мүмкіндіктері мен өндірістік тәжірибеден өту тәртібі туралы ақпаратты мұқият тыңдады. Мұндай іс-шаралар студенттерге үлкен тәжірибе береді, ал бізге – болашақ мамандармен жақынырақ танысуға жақсы мүмкіндік, – деп атап өтті Дильназ Дюсембаева, «Энергожөндеу» ӨЖК кадрларды даярлау жөніндегі инженері.

Іс-шараның соңғы кезеңі – Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ға экскурсия болды. Қауіпсіздік техникасы жөніндегі инспектордың басшылығымен студенттер энергетикалық жабдықтардың нақты жұмысымен танысып, мыңдаған алматылық отбасыны жарық пен жылумен қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылатынын өз көздерімен көрді.

– Біз электр энергиясының қалай өндірілетінін өз көзімізбен көрдік. Үлкен қазандықтардың, турбиналар мен генераторлардың жұмысын тамашаладық. Инженерлер бізге электр энергиясын өндіру үдерісін егжей- тегжейлі түсіндіріп берді. Экскурсия өте қызықты өтті, өйткені теорияда оқығанымызды іс жүзінде көрдік. «АлЭС» компаниясының Алматы өңірі үшін маңызы зор екенін түсіндік, себебі ол аймақты жарықпен де, жылумен де қамтамасыз етіп отыр, – деп өз әсерімен бөлісті Мөлдір Бақытжан, ТЭ-2400 тобының студенті.

Ашық есік күні сәтті өтті және кәсіби бағдарлаудың маңызды кезеңіне айналды. Студенттер жаңа білім мен әсер ғана емес, сонымен қатар болашақтарын энергетика саласымен байланыстыруға деген ынта да алды.

«АлЭС» АҚ болашақтың энергиясы – бүгінде үлкен энергетикаға қарай алғашқы қадамдарын жасап жатқан жас мамандардың қолында екеніне сенімді.