Айбол Айтқұл: әр жүрісі маңызды ойын
Артқа
11.08.2026

Айбол Айтқұл: әр жүрісі маңызды ойын

Тоғызқұмалақ – кездейсоқтыққа сүйенетін ойын емес. Мұнда логика, есеп, шыдамдылық және әрбір шешімнің салдарын алдын ала болжай білу маңызды. Кейде ойын тағдырын бір ғана жүріс шешіп кетеді.

Айбол Айтқұл үшін бұл зияткерлік ойын әлдеқашан өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Ол тоғызқұмалақпен мектеп қабырғасында танысып, сол кездің өзінде-ақ құрдастарының арасында жақсы нәтижелер көрсеткен. Уақыт өте келе бала кездегі әуесқойлық ойынға деген байыпты көзқарасқа ұласып, ол бүгінге дейін сақталған.

– Алғашқы жылдардан-ақ қолымнан жақсы келді, өз жас санатымда оза шаптым. Уақыт өте келе тоғызқұмалақ мен үшін жай ғана ермек емес, нағыз спорт түріне айналды, – дейді Айбол.

Оны бұл ойында бәрінен де бірнеше жүріс алда жүріп ойлау қажеттілігі қызықтырады. Тек өзің үшін жақсы жүріс табу жеткіліксіз, қарсыластың ықтимал жауабын болжап, ойынның бірнеше даму нұсқасын көре білу және солардың ішінен ең ұтымдысын таңдау керек.

Дәл осы себепті тартысты кездесулерде соңына дейін нәтижені болжау мүмкін болмағанда ерекше құлшыныс пайда болады.

Айболдың жарысқа дайындалу тәсілі де қызықты. Оның басты қарсыластарының бірі – өзі.

– Негізінен, өзіммен-өзім ойнаймын. Әр адам – өзіне лайықты күрделі қарсылас. Өзіңнің күшті және әлсіз тұстарыңды, дағдылы жүрістеріңді білесің, сондықтан екі жақтың да қадамын есептеуге тура келеді. Оған қоса, партияларды талдап, қателіктерімді саралаймын. Үнемі талдау жасау ғана дамуға көмектеседі деп ойлаймын, – дейді ол.

Айбол «Самұрық-Қазына» спартакиадасында төртінші орынға ие болды. Әсіресе, жоғары нәтижеге жетуге бір-ақ жүріс жетпей қалған шешуші партиясы есінде қалыпты.

Партия соңына дейін тартысты өтті. Екінші орынға қол созым жерде тұрғандықтан, кездесу аяқталған соң, әрине, өкініш сезімі қалды. Дегенмен спортшы дәл осындай сәттердің аса құнды болатынын айтады.

Өйткені олар ойынды тағы бір рет талдап, өз қателіктеріңді көруге және алда немен жұмыс істеу керектігін түсінуге итермелейді.

– Бір-ақ жүрістің партия тағдырын шешуі мүмкін екенін түсінгенде, ең бастысы – асықпай, сабыр сақтау. Нәтижеге емес, позицияға назар аударып, ықтимал нұсқаларды байыппен есептеу керек, – деп атап өтті Айбол.

Тоғызқұмалақ дамытатын дағдылар оның кәсіби қызметіне де септігін тигізеді. Жұмыста да техникалық мәселелерді талдауға, түрлі сценарийлерді қарастыруға және қабылданатын шешімдердің салдарын алдын ала бағалауға тура келеді.

Айболдың айтуынша, қағидасы көп жағдайда ұқсас: келесі қадамды жасамас бұрын, оның неге әкеп соғуы мүмкін екенін түсіну қажет.

Спартакиадаға қатысу ол үшін тек жеке спорттық сын-тегеурін ғана емес. «АлЭС» атынан шыққан спортшы әріптестері мен ұжымының алдында ерекше жауапкершілік сезінеді.

«Өз компанияңның намысын қорғаған кезде, лайықты нәтиже көрсетіп, әріптестеріңнің сенімін ақтағың келеді. Әрине, бұдан да жоғары көтерілгім келді, бірақ мұндай деңгейдегі жарыста төртінші орын алу – мен үшін жақсы нәтиже, әрі алға қарай ұмтылуға түрткі болды», – дейді ол.

Айбол ішкі спорттық бәсекелестікке де үлкен мән береді. Оның пікірінше, компания ішінде мықты ойыншылар неғұрлым көп болса, жалпы деңгей де соғұрлым жоғарылайды.

Мықты қарсылас жаңа шешімдер іздеуге, көбірек жаттығуға, өз партияларыңды мұқият талдап, үнемі өзіңді шыңдауға мәжбүрлейді. Ал мұндай күрес тәжірибесі ірі жарыстарда өзіңді сенімдірек сезінуге көмектеседі.

«Компания ішінде бәсекелестік неғұрлым күшті болса, спортшылардың өздері де соғұрлым мықты болады. Бұл «АлЭС» атын жоғары деңгейдегі жарыстарда лайықты танытуға мүмкіндік береді», – деп сенеді Айбол.

Бұл жолы оның жүлделі тұғырдан көрінуіне сәл ғана жетпей қалды. Бірақ, бәлкім, дәл осындай партиялар ең маңызды болып шығатын да шығар.

Олар тоғызқұмалақта да, өмірде де бір сәтсіз жүрістің бүкіл жолды айқындамайтынын еске салады. Ең бастысы – дұрыс қорытынды шығарып, бірнеше қадам алда жүруді ойластыру және келесі партияға дайын болу.