Петр Неверов. Әулеттің теңіздей терең жаны
Артқа
29.07.2026

Петр Неверов. Әулеттің теңіздей терең жаны

«АлЭС» АҚ-ның белгілі әрі тамырын тереңге жайған әулеттерінің бірі – Неверовтар отбасы. Олардың энергетика саласындағы жалпы еңбек өтілі 60 жылдан асады. Бұл әулеттің негізін қалаған әйел адам болса да, яғни энергетикаға алғаш болып он жеті жастағы Екатерина Кудленко (кейіннен Неверова) келгенімен, бұл шаңырақтың жаны да, діңгегі де – Петр Яковлевич Неверов. Тағдыры таңғажайып жан. Екатерина Кудленко осы кісіге тұрмысқа шыққан. Кейіннен олардың ізін басып, ұлдары, немере-шөберелері де энергетика саласына келді…

Петр Неверов 1927 жылы Чкалов облысының (1957 жылдан бастап – Орынбор облысы) Бузулук қаласына жақын орналасқан ауылда дүниеге келген. «Оның әкесі де, атасы да қарапайым колхозшы болған. Айта кетейін, олар азамат соғысы кезінде Чапаев дивизиясының қатарында соғысқан, ал менің әжем Василий Иванович Чапаевтың ординареці Петьканы танитын еді,» – дейді Петр Яковлевичтің ұлы Александр Неверов. – Соғысқа дейін әкем ауыл мектебінің төрт сыныбын бітірген, ал соғыс жылдары машина-трактор станциясының трактор бригадасында есепші болып жұмыс істеді. 1944 жылы 17 жастағы бозбаланы әскер қатарына шақырды. Ол кезде әскерге 17 жастан бастап алатын. Сөйтіп әкем соғыс кезіндегі соңғы шақырылымға ілікті.

Облыстық әскери комиссариатта тоғыз мың жаңа сарбаздың ішінен іріктелген 11 адаммен бірге әкемді Қара теңіз флотына жіберді. Севастопольде оны Қара теңіз флотының оқу-жаттығу отрядына жіберіп, сол жерде ол қазандық қондырғылары машинисі мамандығын алып шықты. Оқу-жаттығу отрядын бітірген соң әкем Қара теңіз флоты крейсерлерінің бірінде қызмет етті.

1945 жылы фашистік флотты жеңімпаз елдер өзара бөліскен кезде, әкем Қара теңіз флотына кемелерді айдап әкелу үшін Германияға жіберілді. 1951 жылы әскери қызметін аяқтаған соң, ол ұйымдастырушылық жинақ бойынша Орск-Халил металлургия комбинатының ЖЭО-ға жұмысқа барып, сол жерде анамды кездестірді».

Флотта өткізген алты жыл – теңіз жаны өмір бойына серік болады! Көп нәрсесі флотты еске түсіретін – «палуба», «трюм» – Алматы МАЭС-інің кейіннен оның энергетикалық қызмет орнына айналуы, сірә, сондықтан болар. Айтпақшы, Алматы МАЭС (қазіргі 3-ЖЭО) энергетиктерінің лексиконына «трюм» мен «палуба» сияқты ұғымдарды дәл осы теңізшілер әкелген еді. Бұл бір жағынан станция құрылымының ерекшеліктеріне, екінші жағынан солтүстік және оңтүстік ендіктерде флотта қызмет етіп, Алматыға келіп, станцияға жұмысқа орналасқан теңізшілердің көптігіне байланысты болды.

Бірақ оған дейін жас Петр Неверов металлургия комбинатының ЖЭО-да қазандық қондырғысының машинисі болып еңбек жолын бастап, көп ұзамай ауысым бастығы болды. Станция басшылығының пікірінше, білікті әрі болашағынан зор үміт күттіретін маман Неверовтың бір ғана кемшілігі болды: білімі жеткіліксіз еді. Сол себепті Петр партаға отырып, кешкі мектептің жеті сыныбын бітіруге мәжбүр болды. Жұмысшы табының оқуды өндірістегі жұмыспен қалай ұштастырғанын көпшілік режиссерлер Марлен Хуциев пен Феликс Миронердің «Весна на Заречной улице» атты тамаша кеңестік фильмінен жақсы біледі. Петр жеті сыныпты бітіру міндетін ойдағыдай еңсеріп, одан кейін техникумға оқуға түсті.

Одан әрі тағдырдың жазуымен Алматы ГРЭС-інің жуық арада іске қосылатынынан хабардар болған жас маман Петр Неверов 1961 жылдың жазында Алматыға келеді.

«Станцияда дәл сол кезде пайдалану персоналы жасақталып жатқан еді, әкем ГРЭС-тің пайдалану жөніндегі бірінші директоры Я.Ф. Лазунинмен кездесіп, қазандық цехының ауысым бастығы ретінде жұмысын жалғастыру туралы ұсыныс алды, – деп бөлісті өз әулетінің тарихымен Александр Петрович Неверов. – Әкем 1961 жылдың күзінен бастап станцияда еңбек ете бастады. Сол уақытта монтаждаушылар мен құрылысшылардан жабдықтарды қабылдау және сынама іске қосу жұмыстары жүріп жатты. Ал 1962 жылдың 2 наурызында станция іске қосылды. Әкемнің айтуынша, ол сол күні өз ауысымында жұмыс істеп жатқан екен».

1964 жылы жас әрі үлкен үміт күттіретін маманға білімін жалғастыру қажеттілігі есіне салынады. Александр Неверовтың айтуынша, «әкеме таңдау берілмеді деуге болады: не оқуға барасың, не лауазымыңнан кетесің». Алайда сол кездегі қиындық Алматыда техник-жылу технигі мамандығын сырттай оқытатын оқу орнын табу еді. Сондықтан Петрге Алматы құрылыс техникумына электрик мамандығына оқуға түсуге тура келді.

«Оқудың оған қаншалықты қиын соққаны есімде, бірақ 1969 жылы дипломын қорғап, көп ұзамай ГРЭС басшылығынан станция ауысымының бастығы қызметіне ауысу туралы ұсыныс алды, – дейді Александр Петрович әкесін мақтан тұта отырып. – Айта кету керек, бұл лауазымға, әдетте, электр цехындағы барлық сатыдан өткен электриктер ғана тағайындалады. Ал қазандықшы болған оған мұндай ұсыныс бірінші рет жасалған еді. Менің білуімше, станция тарихында бұл қызмет жалғыз соған ұсынылған. Әкем барлық емтиханды бірінші реттен-ақ тапсырып, зейнет жасына жеткенше осы қызметті атқарды. Дәл сол кезде ол бізге – үш ұлына – тек электрик мамандығын таңдауға кеңес берген болатын!»

Өз ісінің кәсіби маманы, жоғары білікті Петр Неверов зейнетке шыққаннан кейін де, өткен ғасырдың 90-жылдары Ил АЭЖ-де бірнеше жыл электр монтері болып еңбек етті. Ол кез экономика құлдырап, байланыстар үзіліп, энергетика саласының жағдайы нашарлаған қиын жылдар еді. Саладағы барлық жүк ескі мектеп мамандарының жауапкершілігі мен иығына артылған болатын. Тек Алматы энергия кешені Бельгияның «Трактебель» компаниясының басқаруына өткен кезде ғана Петр Неверов зейнетке шықты. Дәлірек айтсақ, өзі кетпей, оны кетірді: сол кезде бельгиялықтар мамандардың тәжірибесіне де, білімі мен шеберлігіне де қарамай, барлық зейнеткерді жұмыстан босату туралы қатаң бұйрық берген.

Неверовтар әулеті марқұмның компанияға әлі де талай пайдасын тигізер еді деп сенеді. Десе де, ол ГРЭС үшін адал әрі жауапкершілікпен еңбек етіп, көп іс тындырды. Артында өшпес есімі мен мықты әулеті қалды. Оның үш ұлы да ата-анасының жолын қуып, энергетик мамандығын таңдады. Енді, міне, немерелерінің арасында да осы кәсіпті жалғастырушылар бар…