Татьяна Андреевна СОЛОДИЛОВА, зейнеткерлікке шыққанға дейін – 3-ЖЭО-ның пайдалану техникасы жөніндегі аға инспекторы Тағылымдамадан өтушіден тәлімгерге дейінгі еңбек жолы: мамандыққа адалдық хикаясы
Мектеп бітірген соң құрбыларым сауда саласына бет алды, ал мен Алматы энергетикалық құрылыс техникумына оқуға түстім. Маған әрдайым өндірісте жұмыс істеген ұнайтын. Ата-анам станция құрылысына келген болатын. Анам – Галина Валентиновна Ушакова – сылақшы-маляр, ал әкем – Андрей Ворфоломеевич Ушаков – ағаш ұстасы әрі балташы еді. Біз бұрынғы МАЭС, қазіргі Өтеген батыр кентінде тұрдық.
Техникумды «техник-жылу технигі» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, мен Энергопром ҒЖЗИ мекемесіне жолдама алдым. Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бөлімінде техник-жобалаушы болып жұмыс істедім, бірақ маған босату қағазын берген соң, 1976 жылы МАЭС-ке жұмысқа орналастым. Станция біз оқыған №8 мектептің демеушісі болды және жоғары сынып оқушылары үшін қазіргі 3-ЖЭО, яғни Алматы МАЭС-іне (қалалық аудандық электр станциясы) экскурсиялар ұйымдастырылатын. Ол бастапқыда жылу кешенінсіз, тек электр станциясы ретінде салынған. Бірінші блок – №1 қазандық (Қ№1) пен №1 турбогенератор (ТГ№1) және биіктігі 50 метрлік №1 мұржа 1962 жылы іске қосылды. 1965 жылға дейін кезең-кезеңімен №2, №3, №4, №5, №6 қазандықтар мен №2, №3, №4 турбогенераторлар, сондай-ақ бес қазандықтан шығатын газды тартып әкететін 100 метрлік мұржа пайдалануға берілді.
1974 жылы мен МЭС-те күл үйіндісін бақылаушы ретінде өндірістік практикадан өттім. Күл үйіндісі дегеніміз – үйінді бөгеті бар үлкен тостаған тәрізді, күлді жинап сақтауға арналған гидротехникалық құрылыс. Бөгеттің үстімен күл құбыры тартылған, одан күл үйіндісі тостағанының периметрі бойынша шығару құбырлары жалғанған. Күл пульпасы тостағанға сол шығару құбырлары арқылы келіп түседі. Тостаған біркелкі толуы үшін бір шығару құбырынан екіншісіне кезек-кезек ауыстырылып отырады. Менің міндетім – тостағанның біркелкі толуын қадағалап, бір шығарудан екіншісіне ауысу қажеттігі туралы жедел қызметкерлерге хабарлау еді. Күл пульпасы тұнғаннан кейін (күлі шөгеді), тазартылған су сорғы станциясы арқылы су қайта пайдалану үшін станцияға кері қайтарылады. Сондай-ақ міндетіме бөгеттің тұтастығын тексеру және оны биіктеткен кезде дұрыс үйілуін қадағалау кірді.
Техникумнан кейін АЭС-ке (АГРЭС) уақытша ӨТБ-ға (ПТО) жұмысқа қабылдандым. Маған 35, 110, әсіресе 220 кВ АТҚ (ОРУ) қосалқы станциялары, трансформаторлар, генераторлар және т.б. қатты әсер етті. Жылу техникасы, жылу-механикалық жабдықтар маған түсінікті болғандықтан, қазандық және турбина цехтарында өзімді үйімдегідей сезінетінмін. АЭС-тің (АГРЭС) ұжымы өте ұйымшыл еді. Станция қала құраушы кәсіпорын болғандықтан, кенттің көптеген тұрғыны осында жұмыс істеп, станцияны туған үйіндей көретін.

Станциядағы алғашқы мамандығым – көбейткіш машиналардың операторы. Ол кезде жарыққа сезімтал машиналар, яғни болашақ ксерокстардың прототипі саналатын ВЕГА аппараттары болатын. Кейін есеп тобына, содан соң конструкторлық топқа техник-конструктор болып тұрақты жұмысқа ауыстым. Ұжымымыз жас еді. Өндірістік бөлімнің бастығы Немичев Валентин Михайлович менің басшым ғана емес, сонымен қатар тәлімгерім де болды. Біз машиналармен басып, сызбаларды көшіретінбіз, сондай-ақ шағын жобаларды әзірлеп, сол бойынша механизмдердің бөлшектерін дайындап, құбыр желілерін тартатынбыз. Сонымен қатар, бізде демалыс аймағы болғандықтан, оның аумағын абаттандыру бойынша жоспарлау жұмыстарын жүргізіп, тиісті жобаларды әзірлейтінбіз.
Бастапқыда АМЭС (Алматы мемлекеттік аймақтық электр станциясы) – жылуды бөлмей, тек электр энергиясын өндіруге арналған станция болатын. Онда төрт К-50МВт конденсациялық турбинасы және 50 МВт-тық К-90 турбинасы орнатылған еді. Мен станцияға жұмысқа келген кезде турбиналарға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатты. Үш турбина (ТГ №1, №2, №3) Т-41 МВт жылумен қамту режиміне көшірілді. Жоба бойынша станция қаланың төменгі бөлігін жылумен қамтамасыз етуі тиіс болды. Үш турбинаны жылумен қамту режиміне ауыстырған кезде станцияның есептік қуаты 200 МВт/сағаттан 173 МВт/сағатқа дейін төмендеді. Алайда, өкінішке қарай, біз күткен жылу энергиясын тұтынушылар саны сол күйі көбеймеді.
3-ЖЭО бастапқыда ең жоғары жүктемеде жұмыс істейтін станция ретінде салынған еді. Оның қызметкерлері білікті әрі ұйымшыл болып, кез келген жағдайға жедел әрекет ететін. Станцияда апатқа қарсы және өртке қарсы жаттығулар міндетті түрде өткізілетін. Олар жоғары деңгейде өтетін. Жаттығулар барысында түрлі апатты жағдайлар пысықталатын. Бұл станциялық жаттығуларға барлық цех қатысатын. Онда қызметкерлердің апатты жою жөніндегі міндеттері мен іс-әрекеттер тізбегі пысықталатын. Ал бақылаушылар жаттығудың барысын қадағалайтын.
Әрине, барлық жайтты ескеру мүмкін емес, бірақ станцияның «нөлге отыру» сценарийі негізінен пысықталған болатын. Бұл жағдайда станция басқа станциялардан ажыратылады, ал кез келген ауысым бастығы осындай төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмін біледі. Станция «нөлге отырғанда» қазандық тоқтайды, бірақ турбина бірден тоқтамай, инерциямен айналып, 4 МВт қуат өндіруін жалғастырады. Сондықтан апатты жағдайды жою және 3-ЖЭО-ны қайта іске қосу кезекші персоналдың жедел әрекеттеріне байланысты.
Дегенмен, штаттан тыс жағдайлар да болып тұрды. Соның бірі есімде өшпестей сақталыпты. Бұл 2000-жылдардың басында болған оқиға еді. Майлы ажыратқышта апат болып, 3-ЖЭО-дан әуежайға тарайтын электр беру желісі істен шықты. Дәл сол сәтте әуеде Мемлекет басшысының борты болған. Кейін анықталғандай, бұл таза конструкторлық қателіктен болған екен, себебі мұндай желілердің қосалқы сыңары болуы тиіс. Алайда жоба бойынша желі жалғыз болған, сондықтан технологиялық ақаудың орын алуына 3-ЖЭО-ның еш кінәсі жоқ еді. Екі сағат ішінде бәрі қалпына келтірілді. Бірақ ұшақ жарты сағаттан артық әуеде тұра алмайды. Сол себепті борт басқа әуежайға жіберілді. Осы төтенше жағдайдан кейін қосалқы электр беру желісі тартылды. Енді желілердің бірі кенеттен ажырап қалса, жүйе автоматты түрде қосалқы желіге қосылады.

1996 жылы «Алматыэнерго» компаниясын бельгиялық компания сатып алып, атауы «АЭК» АҚ болып өзгертілді. Компания басшылығы 3-ЖЭО-ның (АМЭС) дамуына қаржы салуды қажет деп таппады. Жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілген жоқ. Олар үшін басты басымдық 2-ЖЭО станциясы болды. Мұны ішінара түсінуге де болады, өйткені сол кезеңде экономика құлдырап, электр энергиясын тұтыну күрт төмендеген еді. Оның үстіне, 3-ЖЭО жылу энергиясын өндіру бойынша басқа жылу станцияларынан қалып қойды, ал электр энергиясын өндіру ең төменгі деңгейге дейін азайтылды. Соның салдарынан 3-ЖЭО-ның қызметкерлері қысқартуға ұшырады.
Әрине, станция жөндеуді де, қызметкерлерді де қажет етті. Бельгиялық компанияның басқаруы кезінде 3-ЖЭО-дағы құбырлардың металы қатты коррозияға ұшырап, жаңғыртуды талап етті. Жабдықтың технологиялық ақаулары 3-4 есеге өсіп, ал жөндеу жұмыстары тек сыртқы келбетін реттеумен шектелді. Сол кезде жиі қолданылған жабдықты «жұлқылау» (бір режимнен екіншісіне ауыстыру) турбиналар мен қазандықтар үшін қауіпті еді. «АлЭС» АҚ қазірдің өзінде жабдықты тиімсіз пайдаланудың зардабын тартып отыр. Мәселен, 4-турбина белгіленген жұмыс сағатын толық атқармаса да, суық және ыстық күйден жиі іске қосылуына байланысты пайдаланудан шығарылды. Жиі іске қосу мен тоқтату салдарынан оның корпусында микрожарықтар пайда болып, роторын ауыстыруға тура келді.

Мен металл мен дәнекерлеуді бақылау инженері болып 16 жыл жұмыс істедім. Бұл өте үлкен әрі қызықты тәжірибе болды. Алматы энергокешені қалаға қайтарылып, «АлЭС» АҚ болып қайта құрылғанда, 3-ЖЭО-да жөндеу жұмыстары қолға алынды: су жылыту құбырлары ауыстырылып, градирнялар жаңғыртылды, жаңа буындағы күл тұтқыш қондырғылар орнатылды. Сонда біз қыста қардың аппақ болатынын кенеттен байқадық. Себебі станция алғаш салынғанда, мұнда тек күлдің ұсақ бөлшектерін ғана тұтып қалатын электрсүзгілер орнатылған еді, сол себепті қыста кенттегі қардың түсі қара болатын. Кейіннен станцияға шығатын газдардың құрамындағы қатты бөлшектердің 96-97%-на дейін тұтып қалатын эмульгаторлар қойылды.
Сонымен қатар күлқоймаларға қатысты шешім қабылданды. Қоршаған ортаның ластануын азайту үшін тиімді шешім – құрғақ қож шығару тәсілі табылды. Бұл – жаңа күлқоймалар салу үшін қосымша аумақты қажет етпейтін жүйе. Оның жұмыс істеу қағидаты үш алаңға негізделген: екеуі кезек-кезек толтырылып, кептіріледі, кепкен күлқоймадан алынған күл үшінші күлқоймаға жиналады да, босаған күлқоймада қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ 2000-жылдардың басында бетон бұйымдарын жасауда күлді қолдану бойынша тәжірибелік жоба болған, алайда ол ішінара ғана жүзеге асырылып, жұмыстар тоқтап қалды. Дегенмен бұл бағыттағы идеядан бүгінде де бас тартылған жоқ.
2002 жылы мені қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспектор етіп тағайындады. Бұған дейін атқарған жұмыстарымның бәрі өзіме түсінікті еді. Ал бұл салада бәрін өзім меңгеруім керек болды. Ол кезде еңбекті қорғау бөлімінде білікті мамандар, нағыз кәсіби шеберлер: еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Анатолий Васильевич Глушков, Сергей Васильевич Галактионов және басқалар жұмыс істейтін. Булахова Л.У. Дәл сол кісілердің арқасында, олардың көмегі мен қолдауының нәтижесінде мен инспектор мамандығын игеріп шықтым.
Бұл жұмыс маған ұнағанымен, оңайға түспеді. Адамдармен жұмыс істеп, олардың мені инспектор ретінде мойындауына қол жеткізу қиынға соқты: алдымен өз құзыреттілігімді дәлелдеуім керек болды. Маған қызметкерлермен жұмыс істеудегі тәжірибем, яғни 16 жыл бойы кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары болғаным көмектесті.
Ол кезде қызметкерлерді оқытуға қатысты жұмыс көп болатын. Жаңа заңдар мен ережелер шыққан кезде, мен қызметкерлерге шағын семинарлар ұйымдастыратынмын. Еңбекті қорғау, алғашқы көмек көрсету, біріктірілген менеджмент жүйесі аясында техникалық оқуларды өткізуге атсалыстым.

Зейнетке шықсам да, «АлЭС» АҚ-дағы жұмысымды жалғастыра бердім. Мені компанияның Персоналды даярлау бөліміне сабақ беруге шақырды. Алғашында еңбекті қорғауды, кейіннен жауапты тұлғалар мен инженерлік-техникалық қызметкерлерге (ИТҚ) арналған жүк көтергіш механизмдер бойынша материалдарды оқыттым. Қазір ыдыстар, құбырлар, қазандықтар, химия өнеркәсібі, прекурсорлар, жүк көтергіш механизмдер тақырыптары бойынша пәндерден сабақ беремін. Инспекторлар мен ИТҚ-ның біліктілігін арттыру курстарын жүргіземін. Биыл біз үш жаңа бағдарлама әзірледік: биіктіктегі жұмыс, отпен жұмыс істеу, жер жұмыстары. Мен үшін білім беріп қана қоймай, адамдардың қызығушылығын ояту да маңызды.

Қазір бізде бес оқытушы бар, бәрі де – осы мекеменің бұрынғы қызметкерлері. Галина Сергеевна Суминова көп жыл қазандық цехы бастығының орынбасары болып еңбек етті, Анатолий Михайлович Скрипкин отын-көлік цехы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Ал Александр Михайлович Орлов – нағыз кәсіпқой, ол турбиналарды баптайды да, жөндейді де, пайдалану ісін де жетік меңгерген маман. Барлық оқытушыларымыз қажетті білімге ие, жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар.
Қазір көптеген кәсіпорында оқу орталықтары бар. Әр сала өз маманын өз саласы бойынша даярлағысы келеді. Алайда біз тек талаптар мен нормаларға сай мамандыққа оқытып қана қоймай, өз кәсібіне құрметпен қарауға да тәрбиелейміз. Бәріміз өндірістен келгендіктен, біздің тыңдаушыларымызға деген көзқарасымыз сырттан келген оқытушыларға қарағанда сәл өзгеше. Олар біз үшін бөтен емес, бауырымыздай болып кетеді.