А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ны жөндеу науқаны: сенімді жұмыстың негізі жаздан бастау алады
А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-да 2026 жылғы жөндеу науқаны жалғасып жатыр. Жоспарлы жұмыстар – станцияны 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындаудың маңызды бөлігі. Ол Алматы қаласы мен Алматы өңірінің тұтынушыларын жылумен және электрмен сенімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаз мезгілі – энергетиктер үшін ауқымды әрі жауапты жұмыстар атқарылатын уақыт. Қала қалыпты тіршілігін жалғастырып жатқанда, 2-ЖЭО мен «Энергожөндеу» ӨЖК қызметкерлері негізгі және қосалқы жабдықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Олардың басты міндеті – станцияны қыстың максималды жүктемесі кезіндегі тұрақты жұмысқа дайындау.

Жөндеу науқанының негізгі нысандарының бірі – станцияның №4 қазандық агрегаты. Оған артқы экранды, екінші сатыдағы ауа жылытқыштың текшелерін (кубтарын) және газ жолдарын ауыстыру арқылы күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар станцияның №5 турбоагрегатында үлгілік көлемде ағымдағы жөндеу жүргізілуде: мамандар диагностика жасап, қажетті тораптарды тексеріп, қалпына келтіреді, тозған бөлшектерді ауыстырып, механизмдерді тексереді.

Бұл жұмыста әр мамандықтың орны бөлек. Слесарьлар жабдықты бөлшектеп, құрастырады, ақауын анықтайды, механизмдерді жөндеп, реттейді. «Энергожөндеу» ӨЖК негізгі қазандық жабдықтарын жөндеу учаскесінің слесарі Самат Сұлтанов:
– Жөндеу ісінде ұсақ-түйек деген болмайды. Әрбір операция дәл әрі сапалы орындалуы тиіс. Біз жабдықты барынша жоғары жүктеме кезіндегі жұмысқа дайындап жатқанымызды түсінеміз, сондықтан әрбір торапты мұқият тексереміз.
Дәнекерлеушілерге де ерекше жауапкершілік жүктеледі. Олар қазандық агрегатының бөлшектерін ауыстыруға қатысып, дәнекерлеу жұмыстарын орындайды және металл құрылымдарын қалпына келтіреді. «Энергожөндеу» ӨЖК турбиналық жабдықты жөндеу учаскесінің дәнекерлеушісі Талғат Ахаевтың айтуынша:
– Біздің жұмыс дәлдікті, тәжірибені және технологияны қатаң сақтауды талап етеді. Жабдықтың сенімділігі әрбір дәнекерлеу тігісінің сапасына байланысты, сондықтан барлық жұмыс ерекше ыждаһаттылықпен және міндетті түрде бақылаумен орындалады.

«Энергожөндеу» ӨЖК және мердігер ұйымдардың қызметкерлері бір команда болып жұмыс істейді. Олардың күнделікті еңбегі жоғары біліктілікті, тәртіпті, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауды және өзара қолдауды қажет етеді.

2-ЖЭО бас инженерінің жөндеу жөніндегі орынбасары Ермек Байғараев былай деп атап өтті:
– Жөндеу науқаны жоспарға сай өтіп жатыр. Біз әр кезеңдегі жұмыстың мерзімін, көлемі мен сапасын бақылаймыз. Басты мақсат – 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымында жабдықтың сенімді әрі апатсыз жұмысын қамтамасыз ету.

Атқарылып жатқан іс-шаралар жабдықтың пайдалану сенімділігін арттырып, қыс мезгілінде тұтынушыларды жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО алматылықтардың үйінде жарық пен жылу болсын деп, қысқа бүгіннен бастап дайындалуда.