Жұмыстағы дәлдік, қарым-қатынастағы жылылық
Артқа
08.10.2026

Жұмыстағы дәлдік, қарым-қатынастағы жылылық

Бірге қызмет етуге өте қолайлы адамдар болады. Оларға арқа сүйеуге, ақыл-кеңес сұрауға, кез келген істің тиянақты әрі мерзімінде орындалатынына толық сенуге болады. 50 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «АлЭС» АҚ Бухгалтерлік есеп және есептілік басқармасының бас маманы Ирина Пахомова туралы әріптестері дәл осылай дейді.

Ирина Николаевна өзінің кәсіби ғұмырының қомақты бөлігін «АлЭС» компаниясымен байланыстырды. Ол серіктестікке 2012 жылы жетекші бухгалтер болып келді. Осы жылдар ішінде бухгалтерлік есептің әртүрлі бағыттарын игеріп, қызметтер бойынша операциялармен және «Банк-Клиент» жүйесімен жұмыс істеді, бухгалтерлік әрі салық есептілігін дайындауға атсалысты.

2024 жылдан бері Ирина Николаевна Бухгалтерлік есеп және есептілік басқармасының бас маманы болып еңбек етуде. Бүгінде оның негізгі міндеттерінің бірі тауарлық-материалдық қорлардың есебімен байланысты. Құрғақ бухгалтерлік атаулардың астарында күнделікті тынымсыз еңбек жатыр, мұнда әсіресе дәлдік, қырағылық пен жауапкершілік аса маңызды.

Әріптестері де Ирина Николаевнаның бойындағы осы қасиеттерін ерекше бағалайды.

– Ирина Николаевнамен бірге жұмыс істеу көңілге сенімділік ұялатады. Ол ұсақ-түйекке дейін мән береді, мәселенің мән-жайын әрдайым соңына дейін анықтауға тырысады. Көмек сұрап жүгінгендерді ешқашан шеттетпейді. Қызметі аса жауапты әрі күрделі болғанымен, өзі өте ілтипатты әрі ашық-жарқын жан, – дейді ДМТСРиУ Қоймалық есепке алу қызметінің бас маманы Қайрат Есілбаев.

Жылдар бойы бірлесе атқарған қызмет барысында ол көпшілік үшін жай ғана білікті маман емес, кез келген уақытта ақыл-кеңес сұрап, қолдау табуға болатын арқасүйер жанға айналды.

– Ол жұмыс тығыз, уақыт тым тығырыққа тірелген сәттерде де сабыр сақтай біледі. Әрдайым жинақы, жауапкершілігі мол, сонымен бірге айналасындағыларға мейіріммен, құрметпен қарайды. Ұжымда мұндай әріптестер аса жоғары бағаланады, – дейді БЕжЕБ ҚЕХС сарапшысы Анна Землянская.

Бухгалтер мамандығының көлеңкеде қалатын тұстары көп: сансыз құжаттар, сандар, салыстырулар, есептер мен мерзімді қатаң қадағалау. Алайда тұтас бір үлкен кәсіпорынның іркіліссіз, үйлесімді жұмысы осы күнделікті мұқияттылыққа тікелей байланысты. Ирина Николаевна да өз ісіне дәл осылай – байыппен, тиянақты әрі адалдықпен қарайды.

Дегенмен, жұмыс – оның өмірінің бір бөлшегі ғана. Оның өміріндегі басты орын – отбасына тиесілі. Ирина Николаевна өмірлік жарымен бірге ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Жұбайы мен балалары – ол үшін қашанда медеу болатын, қуаныш сыйлайтын және қарбалас жұмыс күнінен кейін асыға жететін жылы ошақтың қайнар көзі.

50 жас – көркем де кемел шақ. Артта жүріп өткен мәнді де мазмұнды жылдар, қасында – өзін бағалап, жақсы көретін жақындары, ал алда – әлі де толағай жоспарлар, мазмұнды кездесулер, отбасылық қуаныштар мен жаңа жарқын әсерлер бар.