Жұмыста әрбір бөлшек маңызды
Қараша айында «Энергоремонт» ӨЖК-нің 4-разрядты бу-газ турбиналық жабдықтарын жөндеуші слесарі Елубай Алмасаев өзінің 50 жасқа толған мерейтойын атап өтеді.
Елубай Әбділдаұлы 2-ЖЭО-дағы энергия жабдықтарын жөндеу цехының турбиналық жабдықтарды жөндеу учаскесінде еңбек етеді. Мұнда техниканы жетік білумен қатар, ұсақ-түйекке дейін мұқият болу өте маңызды. Себебі жабдықтың алдағы уақытта сенімді әрі ақаусыз жұмыс істеуі жөндеу жұмыстарының сапасына тікелей байланысты.
Ол «АлЭС» АҚ ұжымына 2022 жылдың шілдесінде 3-разрядты слесарь болып қабылданған. Осы уақыт аралығында мол тәжірибе жинақтап, жаңа кәсіби дағдыларды меңгерді және біліктілігін 4-разрядқа дейін көтерді.
Жөндеу учаскесі мамандарының еңбегі сырт көзге бірден байқала бермеуі мүмкін. Дегенмен жабдықтардың мүлтіксіз жұмысының астарында сағаттап төгілген тынымсыз еңбек жатыр: механизмдерді қарап-тексеру, ақауларды анықтау, бөлшектерді қалпына келтіру және орындалған жөндеу сапасын бақылау. Әрбір іс-әрекет аса дәлдікті, төзімділік пен терең кәсіби білімді талап етеді.

«Энергоремонт» ӨЖК ұжымы Елубай Әбділдаұлын 50 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтайды! Оған зор денсаулық, бақ-береке және отбасы амандығын тілейді. Шаңырағынан әрдайым жылылық пен жақындарының мейірімі арылмасын, еңбегі жемісті болып, алда тек қуанышты күндер көп болсын.
Мерейтойыңыз құтты болсын, Елубай Әбділдаұлы!