«Жарқын болашақ» ЖБ: қаланы бірлесіп тазартайық
Артқа
27.07.2026

«Жарқын болашақ» ЖБ: қаланы бірлесіп тазартайық

Кейде айналамызды жақсарту үшін асқақ сөздердің қажеті жоқ. Сенбілікке бірге шығып, қолымызға тырма мен қолғап алып, бірнеше сағатымызды ортақ іске арнасақ жеткілікті. «АлЭС» АҚ «Жарқын болашақ» жастар бірлестігінің өкілдері 25 шілдеде Баум тоғайында өткен «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысып, дәл осылай істеді. Жас энергетиктер «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы әріптестерімен бірге Алматының жасыл аймақтарының бірін ретке келтіруге көмектесіп, табиғатқа қамқорлық әркімнің жеке қатысуынан басталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жұмыс алғашқы минуттардан-ақ қыза түсті: қатысушылар аумақты қоқыс пен қураған бұтақтардан тазартып, аллеялар мен жасыл аймақтарды ретке келтірді. Бірнеше сағат ішінде тоғай айтарлықтай жаңарып, бірлескен еңбек өзара араласып-құраласуға, бір-біріне қолдау көрсетуге және ортақ істің бір бөлшегі екенін сезінуге тағы бір мүмкіндік берді.

ГЭС Каскадының РҚжА инженері Әлижан Арыстарбаев акцияға қуана-қуана қосылғанын мойындады. Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар қаланы тазартып қана қоймай, командалық рухты да нығайтады:

– Сенбілікті ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Осындай пайдалы іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында аумақты таза әрі жайлы еттік. Мұндай акциялар ұжымды біріктіріп, қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен қамқорлыққа тәрбиелейді. Керемет ұйымдастыру мен ортақ іске үлес қосуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға рақмет!

Бұл пікірді ГЭС Каскадының инженер-метрологы Назерке Ахметова да қостайды. Ол ұйымшыл жұмыс өте жылы әсер қалдырғанын, ал мұндай бастамалар табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеп, қоршаған әлемнің тазалығын сақтаудың маңыздылығын еске салатынын атап өтті.

– Баум тоғайындағы сенбілікке қатысу өте жағымды әсер қалдырды. Іс-шара жақсы ұйымдастырылып, қатысушылар ұйымшылдықпен жұмыс істеді. Бірлескен күш-жігердің арқасында қоқыс жиналып, аумақ ретке келтірілді, сөйтіп тоғай тазарып, жайлы бола түсті. Әсіресе, мұндай акциялардың адамдарды біріктіріп, табиғатты аялауға баулитыны және қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың маңызын еске салатыны қуантады. Ұйымдастырушылар мен барша қатысушыға еңбегі мен тазалықты сақтауға қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Осындай іс-шаралар жиі өткізіліп, оған қатысуға ниет білдірушілердің қатары көбейе түседі деп үміттенемін.

Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ның өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы Ақан Серіков те атап өтті. Оның айтуынша, қатысушылар жұмысқа қажетті құрал-сайманмен және ауызсумен қамтамасыз етілген, ал жұмыс көлемі біркелкі бөлініп, бұл әркімнің тиімді еңбек етуіне мүмкіндік берген:

– Сенбілік өте жақсы өтті. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Құрал-сайман (тырма, қолғап) мен ауызсу жеткілікті болды. Жұмыс көлемі де біркелкі бөлінді.

«Жарқын болашақ» жастар ұйымы үшін мұндай бастамаларға қатысу игі дәстүрге айналды. Бұл іс-шаралар жас мамандарға табиғатты сақтауға нақты үлес қосып қана қоймай, бір-бірін жақынырақ тануға, ұжымдық жұмыстың күшін сезінуге және үлкен өзгерістердің шынымен де қарапайым істерден басталатынына тағы бір рет көз жеткізуге мүмкіндік береді.