Жаңа буын энергетигі: білім мен технология
Бүгінде цифрлық технологиялар көптеген мамандықтардың үйреншікті бөлігіне айналуда, бұл ретте энергетика да қалыс қалмайды. Болашақ маман үшін жабдықтар мен технологиялық процестерді жақсы білу ғана емес, сонымен қатар ақпаратпен, цифрлық құралдармен және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен сенімді жұмыс істей білу маңызды.

Сатпаев Университетінің үшінші курс студенттеріне арналған, «Самұрықнама» бастамасы мен Цифрлық сауаттылық күніне және Халықаралық ақпаратқа жалпыға бірдей қолжетімділік күніне орайластырылған іс-шаралар аясында өтіп жатқан сабақтар дәл осы тақырыптарға арналған.
Оқудан «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті» КЕАҚ-ның «Жылу энергетикасы» білім беру бағдарламасының 21 студенті өтуде. Сабақтар сенбі күндері өткізіледі.
Студенттермен «АлЭС» АҚ 3-ЖЭО-ның бас инженері Мұрат Олжабаев жұмыс істеуде. «ЖЭС және АЭС бу турбиналары» мен «Айдағыштар және жылу қозғалтқыштары» сияқты бейіндік пәндермен қатар, бүгінде цифрлық сауаттылыққа, заманауи цифрлық технологияларға және жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылуда.

Болашақ энергетиктер үшін бұл – үйреншікті инженерлік мамандықтың технологиялармен бірге қалай өзгеретінін көру мүмкіндігі. Сабақтарда цифрлық деректермен жұмыс істеу, қажетті ақпаратты табу және талдау, заманауи цифрлық құралдарды пайдалану, сондай-ақ оқу және кәсіби міндеттерді шешуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін түсіну жолдары талқыланады.
– Бүгінде энергетика барған сайын технологиялық салаға айналып келеді. Жас маманға жабдықтар мен технологиялық процесті білу ғана емес, сонымен қатар ақпаратпен, цифрлық жүйелермен сенімді жұмыс істеп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін түсіну маңызды. Бұл ретте ең бастысы – алынған деректерді талдай білу және оларды тәжірибеде қайда әрі қалай қолдануға болатынын түсіну, – дейді Мұрат Олжабаев.
АлЭС пен Сатпаев Университеті ынтымақтастығы бірнеше жылдан бері дамып келеді. Компания базасында «Энергетика» кафедрасының филиалы жұмыс істейді, соның арқасында студенттер жұмыс істеп тұрған энергетикалық кәсіпорын мамандарынан тікелей білім алуға мүмкіндік алады.

Студенттердің өздерінің айтуынша, жаңа технологиялардың болашақ мамандықтан бөлек емес, түсінікті салалық мысалдар негізінде қарастырылғаны өте құнды.
– Біз күнделікті өмірде цифрлық сервистер мен жасанды интеллектіні үнемі қолданамыз, бірақ сабақта бұл құралдарды дәл осы мамандықта қалай қолдануға болатынын түсіне бастайсың. Әсіресе энергетика саласындағы мысалдарды талдап, цифрлық технологиялардың инженерге қай жерде шынымен көмектесетінін көру өте қызықты, – дейді үшінші курс студенті Рамазан Қабланбеков.
Әділет Тұрсынбеков мұндай форматтың үйреншікті оқу пәндеріне жаңаша көзқараспен қарауға көмектесетінін атап өтті:
– Турбиналарды немесе жылу қозғалтқыштарын тек оқулықтан оқып-үйрену – бір бөлек. Мұнда оқытушы станцияда барлығы қалай жұмыс істейтінін және бүгінде қандай цифрлық технологиялар қолданылатынын бірден түсіндіре алады. Осылайша материалды әлдеқайда жеңіл түсінуге болады.

Мұндай сабақтардың ерекшелігі – бірнеше бағыттың ұштасуында. Студенттер жылу энергетикасы бойынша іргелі білім алады, сонымен бірге заманауи өндірістік ортаның бір бөлігіне айналып жатқан құралдармен танысады.
Бұл ретте жасанды интеллект кәсіби білімді алмастыратын емес, қосымша құрал ретінде қарастырылады. Оның мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану үшін болашақ инженер технологиялық процестің өзін түсінуі, ақпаратты тексере білуі, деректерді салыстырып, өз бетінше шешім қабылдай білуі қажет.

АлЭС үшін өндірістік мамандардың студенттерді даярлауға қатысуы – жинақталған тәжірибені энергетиктердің келесі буынына табыстау мүмкіндігі. Ал студенттер үшін – оқу кезінде-ақ нақты өндірісте қандай білім мен дағдылар сұранысқа ие болатынын түсіну мүмкіндігі.
Бүгінде аудиторияда 21 болашақ жылу энергетигі отыр. Бәлкім, бірнеше жылдан кейін олардың бірі электр станциясына жас маман болып жұмысқа келер. Сөйтіп, энергетикалық жабдықтарды білумен қатар, өзімен бірге тағы бір маңызды дағдыны – цифрлық ортада сенімді жұмыс істей білу қабілетін ала келеді.
Дәл осылай білім жалғасын табады: қызметтегі энергетиктердің тәжірибесі жаңа технологиялармен ұштасады, ал болашақ мамандық университет аудиториясынан-ақ басталады.