Жаңа 2-ЖЭО-ның алғашқы жылуы: қазандықтарды тұтатудан бастап желіге энергия беруге дейін
Артқа
03.11.2026

Жаңа 2-ЖЭО-ның алғашқы жылуы: қазандықтарды тұтатудан бастап желіге энергия беруге дейін

А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО жаңа газ станциясының құрылыс алаңында іске қосу-баптау жұмыстары жалғасуда. Су жылыту қазандықтарынан қала желісіне жылу энергиясының алғаш рет берілуі – айтулы оқиғалардың бірі болды. Бұл – жаңа жабдықты пайдалануға дайындаудың маңызды кезеңі.

Жылу желіге берілмес бұрын, мамандар кешенді тексеру мен сынақ жұмыстарын жүргізді. Ыстықтай іске қосу-баптау – жабдықты іске қосып, жүктемені біртіндеп арттыра отырып, оның жұмысын нақты пайдалануға жақын жағдайда тексеретін үдеріс.

Барлығы қазандықтардың, сорғылардың, құбырлардың, газбен жабдықтау және автоматика жүйелерінің дайындығын тексеруден басталады. Қорғаныш жүйелерінің ақаусыздығына, жабдықтардың саңылаусыздығына және су айналымына ерекше мән беріледі. Барлық жүйенің дайындығы расталғаннан кейін ғана мамандар оттық құрылғыларын тұтатуға кіріседі.

Одан әрі қазандықтарды біртіндеп қыздыру басталады. Баптаушы мамандар судың температурасы мен қысымын, жану тұрақтылығын және қосалқы жабдықтардың жұмысын бақылайды. Қажетті көрсеткіштерге жеткен сайын жылу жүктемесі арттырылып, қазандықтардың түрлі режимдегі жұмысы тексеріледі.

Келесі маңызды кезең – желіге жылу беру. Қазандықтарда қыздырылған су жылумен жабдықтау жүйесіне жіберіле бастайды. Бұл ретте мамандар жылу тасымалдағыштың температурасын, қысымын және шығынын үнемі қадағалап, сынақ бағдарламасына сәйкес жүктемені біртіндеп арттырып отырады.

Іске қосу-жөндеу жұмыстары мұнымен аяқталмайды. Алда жабдықты жүктеме кезінде одан әрі тексеру, автоматты реттеу жүйелерін баптау, технологиялық қорғанысты сынау және оңтайлы жұмыс режимдерін анықтау міндеттері тұр.

Осындай әрбір іске қосудың артында инженерлердің, баптаушылардың, пайдаланушы қызметкерлер мен мердігер ұйым мамандарының үйлесімді еңбегі жатыр. Бұл ретте ұсақ-түйек деген болмайды: бүкіл жүйенің сенімділігі әрбір тораптың дұрыс бапталуына тікелей байланысты.

Желіге алғаш рет жылу беру – жаңа 2-ЖЭО газ станциясы құрылысының маңызды нәтижесі. Алда әлі де біраз жұмыс бар, дегенмен жабдықтар жекелеген сынақтармен ғана емес, іс жүзінде жылу энергиясын өндіру арқылы да тексеруден өтіп жатыр.

Алматы үшін бұл – қаланы жылумен жабдықтаудың заманауи әрі экологиялық тұрғыдан таза жүйесін құру жолындағы тағы бір қадам.