Владимир Регер, ӨЖК 2-ЖЭО-дағы турбиналық жабдықтарды жөндеу учаскесінің бастығы
Артқа
21.04.2026

Владимир Регер, ӨЖК 2-ЖЭО-дағы турбиналық жабдықтарды жөндеу учаскесінің бастығы

Энергетик мамандығына деген қызығушылығым ерте оянды. Мектеп оқушысы кезімде-ақ сағаттап отырып түрлі механизмдерді бөлшектеп, олардың құрылымының қалай жасалғанын және неге дәл солай жұмыс істейтінін түсінуге тырысатынмын. Алайда шешуші таңдау кейінірек – мен энергетиканың жай ғана кәсіп емес, әр агрегатының сенімді жұмысы тұтас бір қаланың тіршілігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін тұтас бір жүйе екенін ұққан кезімде жасалды.

Энергетиканың маңызы мен қуаты менің энергетика институтына түсуіме басты себеп болды. Бұл бағытты таңдай отырып, мен тек мамандық иесі болуды емес, бүкіл өмірлік ісімді табуды мақсат еттім. Энергетика дәл сондай өмірлік ісім болып шықты.

Мен өзімнің еңбек жолымды 1990 жылдардың соңында Алматының энергетика жүйесінде қарапайым маман ретінде бастадым. Ол кезең сала үшін оңайға соққан жоқ. Сол уақытта ауыр дене еңбегімен, механикаландырудың төмен деңгейімен және жабдықтардың қатты тозуымен бетпе-бет келуге тура келді, сонымен қатар жауапкершілік те өте жоғары еді. Көп нәрсе қолмен атқарылатын, бұл күш-қайратты, төзімділікті және инженерлік тапқырлықты қажет ететін.

Дегенмен дәл осы жылдар мен қиындықтар кәсіби мақтанышымды нығайтып, жеке өзімнің дамуыма серпін берді. Қысқа уақыт ішінде мен слесарьдан шеберге, кейін учаске басшысына дейінгі қызмет баспалдағын жүріп өттім. Бүгінгі күні АлЭС станцияларына арналған турбиналық жабдықтарды жөндеудің негізгі операциялары дәл осы біздің учаскеде жүзеге асырылады.

Мен ұжымды басқару үшін адамдарды жұмысқа жұмылдыратын сабырлылық пен салқынқандылықтың, жылдамдықтан гөрі маңызды болып табылатын нақтылықтың, барлық істің өлшемі болып табылатын жауапкершілік пен сапаның қажет екенін әлдеқашан түсіндім. Жұмысқа қатысты осындай ұстанымдарды мен өз тәлімгерлерімнен үйрендім. Дәл солардың даналығы мен тәжірибесі маған тек білім мен тәжірибе жинақтауға ғана емес, өз-өзіме деген сенімділіктің қалыптасуына да көмектесті. Ал қазіргі уақытта өзім де тәлімгерге айналған жайым бар. Үдерістер логикасын көрсете отырып, күрделі нәрселерді қарапайым сөзбен түсіндіруге, шамадан тыс қатаңдық танытпай үйретуге тырысамын. Өйткені маман оған ойлануға мүмкіндік берілген жерде ғана өсіп-жетіледі.

Мені қуантатыны – бізде жөндеу үдерістері математикалық дәлдікпен дерлік жолға қойылған тұрақты әрі сенімді учаске қалыптасты. Энергетикада күрделі мамандықтар аз болмағанымен, турбиналық жабдықтармен жұмыстың өзі ерекше бір төбе десе де болады. Бұл – білімнің жоғары деңгейде ұштасуын, инженерлік нақтылықты және адам жауапкершілігін қажет ететін сала. Біз машиналарды тыңдап, «естуге» тырысамыз. Мұндай дағды көпжылдық тәжірибе арқылы, өз ісіне шынайы берілген адамдарда ғана қалыптасады. Сонда ғана басқаларға кездейсоқ дыбыс болып көрінетін нәрседен мән табуға, механизмнің «мінезін» сезінуге және турбинаның өз гуілі, өз мінез-құлқы арқылы не «айтқысы келетінін» түсінуге болады.

Қазіргі таңда энергетика саласы үлкен өзгерістерді бастан өткеру үстінде: автоматтандыру жүріп жатыр, цифрлық мониторинг жүйелері енгізіліп, жаңа диагностикалық әдістер қолданысқа енуде. Алайда мұның бәрі біздің кәсіп үшін қауіп төндірмейді, керісінше оның келешегі болып табылады. Технологиялар қаншалықты қарқынды дамитын болса да, негізгі рөлді адам атқара береді, өйткені ешбір жүйе инженерлік түйсікті де, тәжірибені де алмастыра алмайды. Сондықтан да біз қазіргі кезде заманауи тәсілдерді енгізуге, жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылып, үздіксіз біліктілікті арттыру режимін сақтап келеміз. Бұл біздің жаңа талаптарға тез бейімделуімізге, тиімділікті сақтауымызға мүмкіндік береді, сондықтан біздің учаскедегі технологиялық шешімдер жедел әрі сауатты қабылданады.

Мен энергетиканың күші – адамдарда екеніне сенімдімін. Біз аса маңызды істі атқарып келеміз, сондықтан да осы кәсіптің бір бөлшегі екенімді мақтан тұтамын.