Түп-тамырын қастерлей отырып: Каскад ГЭС-тің қызметкерлері ҮАК-те ауқымды сенбілік өткізді
Табиғатқа қамқорлық жасау – «АлЭС» АҚ корпоративтік мәдениетінің ажырамас бөлігі. Әсіресе, гидроэнергетикалық кешеннің жұмысына қатысты аумақтарды сақтауға ерекше назар аударылады. Сондай орындардың бірі – Үлкен Алматы көлі. Ол – ауыз судың маңызды көзі әрі Каскад ГЭС-тің жұмысын қамтамасыз ететін су жүйесінің бір бөлігі. Кәсіпорын қызметкерлері осы аумақта экологиялық сенбілік өткізді.

Қыс мезгілі, қатты жел және табиғи процестерден кейін жағалау бойына көп мөлшерде ағаш қалдықтары үйіліп қалған. Олардың негізгі бөлігі – құрғақ бұтақтар, құлаған ағаштар және су мен әкелінген немесе тау беткейлерінен түскен ірі дің сынықтары.
Қызметкерлер бөгет жағалауын тазартып, судан бұтақтарды шығарып, үйінділерді бұзып, ауыр ағаштарды қолмен тасыды. Кейбір діңдерді жалғыз көтеру мүмкін болмағандықтан, қатысушылар ең күрделі учаскелерде бір-біріне көмектесіп, топ болып жұмыс істеді. Осындай үйлесімді іс-қимылдың арқасында аумақтың едәуір бөлігін тазартып, жиналған ағаштарды әрі қарай тасымалдауға дайындаудың сәті түсті.

Сенбілік нәтижесінде екі «ГАЗель» көлігіне жүк толық тиелді. Олармен негізінен бұтақтар, ағаш бөліктері және басқа да ағаш қалдықтары шығарылды. Жиналған материалдың тағы бір бөлігі кептіру үшін сол жерде қалдырылды. Алдын ала бағалау бойынша, оның көлемі шамамен екі КамАЗ-ға жетеді. Кепкеннен кейін бұл ағаштар да толықтай шығарылады.
Жиналған ағашты шығару – үлкен бірлескен жұмыстың соңғы кезеңі болды. Біреулер жағалауды тазалап, үйінділерді аршып жатқанда, екіншілері одан әрі тазалауға орын босату үшін көліктерге жедел тиеді. Осындай үйлесімді ұйымдастырудың арқасында бір күннің ішінде едәуір көлемдегі ағаш қалдығын шығарудың сәті түсті.
– Атқарылған жұмыстың ауқымы рөлде отырғанда айқын көрінеді екен. Алғашқы «ГАЗельге» жүк тиелген кезде, негізгі бөлігі шығарылғандай көрінді, бірақ жағада ірі бұтақтар мен құлаған ағаштар қайтадан табылды. Барлығы бір кісідей жұмылып, бар ынта-жігерімен еңбек етті, бір-біріне артық сөзсіз көмектесті. Осы бірегей мекен мен су бастауының тазалығын сақтауға өз еңбегімізбен үлес қосқанымызды сезіну өте қуанышты, – деді автокөлік жүргізушісі Исмаил Хуршудов.
Жұмыстың қаншалықты ауыр болғанын сенбілікке қатысушылардың өздері де айтады. Тиелген әр көліктің артында бірнеше сағаттық ауыр еңбек, командалық жұмыс және көл жағасын тазартуға деген ынта тұрды.

– Жұмысқа кіріскенде, оның көлемі бір қарағандағыдан әлдеқайда көп екені белгілі болды. Бұтақтардың астында ірі діңдер жатыр, ағаштардың бір бөлігі судың дәл жағасында екен. Бірлесіп жұмыс істеуге тура келді, бірақ әріптестеріміздің қолдауының арқасында негізгі міндетті орындап шықтық, – деді гидротехникалық жабдықтарға кешенді қызмет көрсету жұмысшысы Михаил Колесников.
Ауыр физикалық жүктемеге қарамастан, жұмыс достық көңіл-күйде өтті. Қызметкерлер аумақты өзара бөліп алып, ауыр ағаштарды бірлесіп тасыды және тазалаудан кейін жағалаудың таза болып қалуын қадағалады. Көпшілік үшін сенбілікке қатысу – табиғатты сақтауға үлес қосып қана қоймай, әріптестермен бірге ортақ игі іспен айналысып, уақыт өткізудің мүмкіндігі болды.
– Үлкен Алматы көлі – әрбір алматылық үшін ерекше орын, ал Каскад ГЭС-тің қызметкерлері үшін ол кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Біз судың қандай күшке ие екенін және оның қайнар көздеріне ұқыпты қараудың қаншалықты маңызды екенін күн сайын көреміз. Сондықтан мұндай жұмысты ортақ жауапкершілігіміз деп білеміз, – деп бөлісті гидротехникалық цех бастығы Ерболат Мақанбаев.
Үлкен Алматы көлі Іле Алатауының биік тауларында орналасқан. Ол – өңірдің табиғи су жүйесінің маңызды бөлігі. Су ресурстарының сақталуы су жинау алабының, жағалау сызығы мен іргелес жатқан аумақтардың жағдайына тікелей байланысты, сондықтан мұнда тазалықты сақтау ұдайы назарда болуы тиіс.
Өткізілген сенбілік қоршаған ортаға деген қамқорлықтың нақты іс-әрекеттерден құралатынын көрсетті. Бұтақтарды жинап, құлаған ағаштарды тазалап, жағалауды аршып, сүректерді шығаруға дайындау – оңай жұмыс емес, бірақ оның нәтижесі бірден көрінеді.
– Сенбіліктен кейін тазартылған жағалауды көріп, мұның ортақ еңбектің жемісі екенін түсіну ерекше жағымды. Әркім өзінің шама-шарқынша үлесін қосты, ал бәріміз бірігіп, шынында да, ауқымды жұмыс атқардық, – деп атап өтті Каскад ГЭС-тің бас инженері Серік Қалиев.
Каскад ГЭС-тің қызметкерлері үшін су – жай ғана табиғи ресурс емес. Ол өмір сыйлайды, қала тұрғындарының үйлеріне жетеді және энергетикалық жабдықтарды қозғалысқа келтіреді. Сондықтан оның бастауындағы тазалықты сақтау – энергетиктердің кәсіби жауапкершілігінің жалғасы және өңірдің болашағына жасалған қамқорлық.
Үлкен Алматы көліндегі сенбілік – ортақ күш-жігердің арқасында бірегей табиғи мұраны қалай сақтауға болатынының тағы бір айқын мысалы. Өйткені суды оның бағыты басталатын жерден бастап аялау қажет.