Төртінші орыннан – күміс жүлдеге дейін: Лаура Қойшыбаеваның жетістігі
Кейде спорт адам өміріне бала кезден енбей, көпжылдық жаттығулардан басталмай жатады. Бір рет тәуекел етіп, бұрын өзің байқамаған қабілетіңді ашудың өзі жеткілікті.
«АлЭС» АҚ Материалдық-техникалық жабдықтау, жұмыстар және қызметтер департаментінің Жоспарлау және ел ішіндегі құндылық қызметінің бас маманы Лаура Қойшыбаеваның оқиғасы – соның бір дәлелі. Ол компанияда 14 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді.
Лаура «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасында өткен спартакиадада 35-39 жас санатындағы әйелдер арасында жүзуден күміс медаль иеленді.
Бұл марапаттың астарында ерекше спорттық оқиға жатыр. Лаура жүзумен ересек жасында, шамамен 38-ге келгенде, өзінің алғашқы спартакиадасының қарсаңында ғана айналыса бастаған. Бұған дейін оның бассейнде кәсіби спорттық тәжірибесі болмапты.
Алғашқы жарыс өз мүмкіндіктерін сынау болды да, бірден төртінші орынды иеленді. Жеңіс тұғырына бір-ақ қадам қалған еді. Дәл сол кезде келесі спартакиадаға мықтап дайындалып келуге деген ынта пайда болды.
– Бірінші жылы, шынымды айтсам, жай ғана бағымды сынап көрдім. Жарыстан кейін «егер шындап дайындалсам, қаншалықты жақсы нәтиже көрсете алар едім?» деген ой келді. Осылайша, өзімді сынап көру ниеті бірте-бірте спорттық мақсатқа ұласты, – дейді Лаура.
Жаттығу үстінде
Жаңа жарысқа дайындықты жұмыспен қатар алып жүруге тура келді. Лаура бассейнге көбіне жұмыс күнінен кейін баратын. Сондықтан дене дайындығы мен техника ғана емес, сондай-ақ жаттығуға күш тауып, таңдалған ырғақты ұстана білу, яғни тәртіп те маңызды рөл атқарды.
Спартакиада алдында жаттығулар мақсатты бола түсті, бірақ болашақ нәтиженің негізі жарысқа дейін көп уақыт бұрын қаланған еді.
– Нәтиже жаттығу сайын біртіндеп атқаратын жұмысыңнан құралады, – дейді Лаура.
Ал қашықтықтың өзінде басты міндет – эмоцияны тізгіндеп, күшті дұрыс бөле білу және мәреге дейін зейінді жоғалтпау болды.
– Соңғы метрлерге дейін жүлделі орын алатыныма сенімді болмадым. Жаттығу кезінде пысықтағандарымның бәрін орындап, соңына дейін күресуге тырыстым. Тек мәреге жақындағанда ғана көшбасшылар қатарында бола алатынымды сезіндім.
Содан кейін екінші орын алғанын түсінді.
– Әуелі таңғалып қалдым. Бұл шынымен күміс екенін ұғыну үшін бірнеше секунд қажет болды. Содан кейін атқарылған жұмысым үшін зор қуаныш пен мақтаныш сезіміне бөлендім.
Қасыңда командаң болса
Бассейнде спортшы қашықтықпен жеке-дара қалады. Бірақ одан тыс жерде ол үшін алаңдап, жанкүйер болатындар бар.
Лаура үшін АлЭС командасы сондай тірек болды.
– Жүзу кезінде айналаңдағыны қабылдау қиын, себебі барынша зейін қоясың. Бірақ әріптестеріңнің саған жанкүйер екенін білу қосымша күш береді. Ал мәреден кейін таныс жүздерді көріп, қолдау сөздерін есту ерекше жағымды. Бұл шынымен де қуат береді.
Спартакиада корпоративтік спорттың тек секундтар, орындар мен медальдар ғана емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – бір адамның жетістігі бүкіл команданың ортақ қуанышына айналатын ұжымның бір бөлшегі екеніңді сезінудің тағы бір мүмкіндігі.
Тәртіп – жұмыста да, жолақта да маңызды
Лаура спорт пен кәсіби қызметінің көп жағдайда бір-бірімен үндесіп жататынын айтады. Екеуінде де зейін қою, жауапкершілік, сабырлылық және мақсатқа қарай қадамдап жүре білу қажет.
– Қашықтықта басқа нәрсеге алаңдауға болмайды: өз міндетіңді түсініп, оны соңына дейін орындауың керек. Жүзу сабырлылыққа үйретеді. Нәтиже бірден келмеуі мүмкін, бірақ еңбектене берсең, ілгерілеу міндетті түрде болады.
Оның тағы бір пайдасы бар: бассейн жұмыс күнінен кейін ойды сергітіп, күш-қуатты қалпына келтіруге және жұмысқа жаңа көңіл-күймен оралуға көмектеседі.

Бүгінде Лаура үшін күміс медаль – соңғы меже емес, таңдаған жолының дұрыстығын растайтын дәлел.
– Бұл нәтижеме өте қуаныштымын. Бірақ жарыстан кейін «қай жерде жылдамдықты арттыруға болар еді, нені жақсырақ істеуге болар еді» деп үнемі ойланасың. Сондықтан мен үшін күміс – алға қарай ұмтылуға берілген қосымша ынталандыру. Келесі жолы алтын үшін күресу керек.
Жақында ғана Лаура Қойшыбаева жарысқа тек бағын сынап көру үшін ғана шығатын. Бүгінде ол жеңіс тұғырынан көрініп, алдына жаңа мақсат қойып отыр.
Төртінші орыннан күміске жүлдеге дейін – бір жыл. Күмістен алтын медальға дейін – жаңа қашықтық жатыр.