Таза қалаға ұмтылайық!
23 тамызда «АлЭС» АҚ-ның «Жарқын Болашақ» жастар ұйымы плоггинг – қатысушылары қоқыс жинауды жүгірумен ұштастыратын экологиялық жарыс өткізді. Жастар ұйымының көптеген мүшесі үшін бұл тың тәжірибе болса да, игі бастама бірден көңілдерінен шықты.
Плоггингтің мәні қарапайым: қатысушылар жүгіріп бара жатып, жол-жөнекей кездескен қоқысты жинайды. Осылайша, кәдімгі дене шынықтыру қалаға пайдалы іске ұласады.
«Жарқын Болашақ» мүшелері бұл бастамаға қызығушылықпен қолдау білдірді. Кейбірі жаңа дүниені байқап көру үшін, енді бірі қимыл-қозғалыс пен әріптестерімен араласу үшін келді. Алайда, бағыт бойынша жүгіре бастағанда, бәрі де іске бірден кірісіп кетті.
Қатысушылар бірге жүгіріп, қоқыс жинап, бір-біріне көмектесті. Нәтижесінде бұл жай ғана жүгіру емес, жемісі сол сәтте-ақ көрінген нағыз командалық іс болды.
Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның сынау және өлшеу жөніндегі электрмонтері Нұрсұлтан Аманқосов үшін плоггинг осындай алғашқы тәжірибе болды.
– Бұрын мұндай шара түрі туралы білмеппін. Жүгіру мен қоршаған ортаға қамқорлықты ұштастыру өте қызықты екен. Шара барысында таза ауада уақыт өткізіп қана қоймай, қаламызды сәл де болса тазартуға мүмкіндік туды. Осындай пайдалы бастама үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын! – деп бөлісті Нұрсұлтан.
Станцияның ҚжЕҚ инспекторы Тастемір Бейсеев те плоггингке алғаш рет қатысты.
– Бастапқыда жаңа дүниені байқап көру қызық болды, ақырында көптеген жағымды әсер алдым. Әсіресе, барлық қатысушының бір команда болып жұмыс істегені әрі спортпен шұғылданғаны ұнады. Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шынымен ынталандырады деп ойлаймын. Келесіде де міндетті түрде қатысамын! – деді Тастемір.
«Жарқын Болашақ» жастар ұйымы үшін мұндай кездесулер – жұмыстан тыс уақытта бас қосып, әңгіме-дүкен құруға, уақытты белсенді өткізуге және бірлесіп пайдалы іс тындыруға берілген тағы бір мүмкіндік.

Плоггинг тіпті қарапайым жүгірудің өзін игілікті ортақ іске айналдыруға болатынын көрсетті. Қатысушылардың көңіл-күйі мен пікірлеріне қарағанда, алғашқы тәжірибе сәтті өтіп, оның міндетті түрде жалғасын табатыны анық.
Кейде игі өзгерістер үшін көп нәрсе қажет емес – ыңғайлы аяқ киім, жақсы орта және қаланы сәл де болса тазартсам деген ниет болса жеткілікті.