Таза энергия алхимигі: 3-ЖЭО химиялық су тазалау аппаратшысы Гражданцева Светлана суды қалай жарыққа айналдырады
Бу химиямен кездесіп, ал қайнаған су ағыны тіршілік көзіне айналып жатқан 3-ЖЭО-да Светлана Гражданцева 12 жылдан бері кішкентай ғажайыптарды жасап келеді. Оның жұмыс орны – құбырлардың, сүзгілердің және сезбектердің лабиринті, ал ондағы әрбір клапан мен реактив –сәнгердің қолындағы жіп сиақты. Тек жібек пен пішіндердің орнына – формулалар, сынамалар және мінсіз дәлдік жатыр. Станцияның Химиялық цехының химиялық су тазалау аппаратшысы ретінде ол су ішіндегі кішігірім қоспаның өзі үлкен турбиналарды тоқтата алатынын біледі. Бірақ біреулер үшін бұл жұмыс жалықтыратындай болып көрінсе, ал Светлана болса бұл жұмыстан шабыт алып отырады.
Бала кезінен бастап, Светлана жоғары сән әлемін армандап, көйлек эскиздерін салып жүрді. Алматы технологиялық институтын бітіргеннен кейін, ол өзін мыңдаған адамды киіндіретін сән құрылымдаушысы ретінде көре бастады. Бірақ тағдыр – құтыдағы реактив қоспаларын араластырғандай, ол үшін басқа коктейль дайындап берді. «Мен Өтеген батыр кентінде өстім, – деп еске алады ол. – Мен күн сайын осы ЖЭО-ны көріп жүретінмін, бірақ мен бұл жерді шығармашылыққа орын жоқ – темір әлемі деп ойлайтынмын. Бірақ солай ойлап қателестім!»
2013 жылы тағдыр оны станцияға зертханашы ретінде алып келді. Көмір шаңы, күл сынамалары, яғни оның энергетикадағы алғашқы қадамдары – ол үшін гламурға қатысы жоқ болып көрінді. Бірақ, Светлана сол кезден-ақ, қазандықтарға арналған судың тазалығы – ол да бір өнер екенін түсіне бастады. «Модельер матаны таңдағандай, мен де реагенттерді де солай таңдаймын. Сондықтан қазандықтың мен таңдаған «киімі» – тот басқан, науқастанған, болмаса денсаулығының жарқырап тұруы маған байланысты», – дейді ол.
Оның мансабы – технологияның өзі мамандықты қалай өзгертетіні, бірақ адамды алмастыра алмайтыны туралы әңгіме. Күнделікті талдаулардан бастап, Светлана екі жыл ішінде 4-разрядты аппаратшыға дейін өсті. «Бұрын біз қауіпті, бірақ тиімді – гидразин мен фосфаттармен жұмыс істедік, – дейді ол. – Ғарышкерлер сияқты қорғаныш костюмдерін кидік. Бүгінде реагенттер қауіпсіз, ал автоматтандыру қол еңбегін қысқартты. Бірақ бәрібір адамның миынсыз болмайды!»
Ең басты жетістік – ол кері осмос қондырғысын енгізу болды. «Бұрын ондаған ысырмаларды қолмен айналдыру керек болатын, – деп еске алады Светлана. – Ал, қазіргі кезде жүйенің өзі автоматты түрде суды сүзгіден өткізіп отырады, бірақ дегенмен де, егер де қандай да бір себептермен бір сезбек «қырсығып қалса», онда оның істен шықаннын тек тәжірибелі адамның көзі ғана байқай алады. Бұл көйлек тігуге ұқсас, яғни тіпті автоматты тігін машинаң болса да, оның тігетін көйлек үлгісін тек адам ғана ойлап табады».
«Біздің жұмысымыз – химиялық би сияқты, – деп күледі Светлана. – Сен үнемі қозғалыстасың: реагенттің мөлшерін есептейсің, қысымды тексересің, ағып кетулерді жоясың. Ал егер ТЖ болса – автоматты түрде өрт сөндіруші сияқты әрекет етесің». Ол өзін поездарды емес, молекулаларды басқаратын диспетчермен салыстырады: «Бір қателік кетсе, бу орнына коррозия аласың. Бірақ бәрі керемет болса, онда судың өзі саған алғыс айтқандай болады».
Қазіргі кезде Светлана өзінің тәжірибесін жастарға жеткізуде. «Мен жаңадан келген қызметкерлерге: сіздер аппаратшылар емессіздер, сіздер детективсіздер деп айтамын. Су сынамасы – бұл айғақ. Лайлылық пайда болса? Демек, бір жердегі сүзгіде ақау бар. Жоғары қаттылық пайда болса? Онда жүйедегі «тесілген жерді» іздеңіз», – деп түсіндірді ол. Оның әдісі – метафоралар арқылы жеткізу. «Кері осмос туралы айтқанымда, мен оны тіпті көрінбейтін кірді өткізбейтін елеуішпен салыстырамын. Қиын техникалық терминдерден гөрі, осылай түсінікті болады деп ойлаймын».
«Егер компанияны дене ретінде елестейтін болсақ, онда химиялық цех – оның тазарту жүйесі, – деп күледі Светлана. – Уыттар қазандықтың жүрегін уландырмас үшін біз станцияның «қанын» сүземіз». Ол әр ауысымды: «Менің бүгінгі еңбегім біреудің үйін жылытады» деген оймен бастайды. Бірақ, оның есімі ЖЭО маңдайшасында жарқырамаса да, Светлананың өзі өзінің «химиялық жауһарынсыз» бір де бір шам жанбайтынын жақсы біледі.
Гражданцева Светлана көйлек туралы көп армандауға болатынын, бірақ одан да басқа көп нәрсе бар екендігін – ол таза энергия жасауға болатындығын дәлелдеді. «Бұрын мен адамдарды киіндіргім келетін, – дейді ол жылтыр құбырларға қарап. – Енді қазандықтар жылуды беруі үшін, оларды кристалды таза суға «киіндіремін». Бұл менің ең үздік дизайным».