Тарих жолдары: Юрий Александрович БУЯТДИНОВ, зейнеткер, Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО қазандық цехының бұрынғы ауысым бастығы
Артқа
10.07.2024

Тарих жолдары: Юрий Александрович БУЯТДИНОВ, зейнеткер, Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО қазандық цехының бұрынғы ауысым бастығы

Станцияға 1967 жылы келдім. Мені осында ЖЭО-да жұмыс істеген жолдасым шақырған болатын. Ол кезде мен энергия құрылысы техникумын бітірген едім. Бірақ мен жұмысты жұмысшы болып бастадым, жалпы 40 жыл жұмыс істедім және қазандық цехының ауысым бастығына дейін жеттім.

Мен станцияда жұмыс істей бастағанымда мұнда Кеңес одағы кезіндегі 6 шағын қазан болғаны есімде. Біз үш ауысымда 8 сағаттан жұмыс істедік. Жұмыс ауыр болды. Қазандар ескі, көмірмен жұмыс істейтін. Ол кезде тіпті отынжеткізгіштер де берілмеген еді. Көмір далада сақталатын. Қазір химиялық цех орналасқан жерде. Қыста үйілген көмірді ұрып құлатуға тура келетін. Бізде 2 диірмен болды, бірақ көмір бункерлерде тұрып қалатын. Сол кезде оны зілбалғамен қағып түсіретінбіз, шаң-тозаңды елестету мүмкін емес. Отынжеткізгішті салғаннан кейін көмір таспамен беріле бастады. Бұған дейін бәрі қолмен атқарылатын.

Қала өсіп, энергияны көбірек қажет ете бастады. Нәтижесінде станцияның жабдықтарына да берілген жүктеме артып, бірте-бірте ол өте жоғары болып кетті. Энергияға деген қажеттіліктің соңынан станция да біртіндеп кеңейе түсті. Мен жұмыс істеген кездің өзінде 10-шы, 11-ші, 12-ші, 13-ші қазандар, сонымен қатар 9-шы турбина салынса, соңын ала екінші түтіндік мұнарасы, кейіннен су қыздыру қазандығы салынды. Стацияны газға көшірген кезде ол жерде тазалық орнап, адамдар бізге қарай ағылды. Бірақ бастапқыда көмір резервтік отын ретінде бәрібір қалды. Газ өшірілген немесе жеткізілім көлемі төмендеген кезде көмірді қайта «қосуға» тура келетін.

Қай кезде болмасын, станцияға әрдайым сауатты адамдар керек болды. Сондықтан ЖЭО-да жұмыс істегендердің барлығы оқып, біліктіліктерін арттырып отырды. Лауазым бойынша жоғарылату зейнеткерлікке шыққан ескі кадрлардың жұмыстан кетуіне қарай жүргізілетін. Мысалы, мен машинистің көмекшісі, қазандар машинисі, аға машинист, содан кейін ауысым бастығы болдым. Бірақ зейнеткерліктен кейін де мені ЖЭО-да қалдырды – мұнда мен 70 жасқа дейін жұмыс істедім. Мені бағалады! Мен қазір де өзімнің тәрбиеленушім Ғазиз Киникеев арқылы станциямен байланыста болғаныма қуаныштымын, ол қазір қазандық цехының ауысым бастығы болып жұмыс істейді.

Тамара Мефодьевна ЧЕРНОВА, зейнеткер, Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО химиялық цехының аппаратшысы

1971 жылдың сәуірінде 1-ЖЭО-ға келген кезімде мен 20 жастан сәл асқан едім, осы жерден 55 жасымда зейнетке шықтым. Алматыға Шелек ауылынан келіп, астанада математик мамандығы бойынша педагогикалық техникумды бітірдім. Мектепте небәрі жарты жыл ғана жұмыс істедім, содан кейін мамандығымды күрт өзгертіп, энергетик болдым. Сол кезде 1-ЖЭО күрделі құрылыс бөлімінде әпкем жұмыс істейтін, мені осы жерге келуге сол кісі көндірген еді. Аяғында мен осында қалдым. Алдымен аппаратшы, кейін аға аппаратшы болып жұмыс істедім. Осы қызметтен зейнетке шықтым.

Біздің химиялық цех су тазарту бағыты бойынша жұмыс істейтін. Бұл қиын өндіріс еді, бірақ сіз бәрін үйреніп, меңгеріп алсаңыз, қиындықтарды байқамайсыз да. Оның үстіне, егер сізбен жақсы адамдар, сауатты мамандар, ынталы тәлімгерлер мен басшылар жұмыс істейтін болса. Цехқа енді ғана жұмысқа орналасқанымда бастығымыз Неля Викторовна Дворянинова болды; ол түсінігі мол, әрі байқампаз басшы еді. Қандай да бір мәселенің туындауы жағдайында оның тарапынан әрқашан қолдау көрсетіліп отыратын. Жыл өткен сайын мұндағының барлығы жаныңа жақынға айналып кетеді екен, сөйтіп зейнеткерлікке дейін қала береді екенсіз.

Біздің аппаратшылардың міндетіне тұзсыздандырылған сумен бірге, қышқылданған суды да дайындау кіретін. Суды арматурада, қазандар мен турбиналарда қақтың пайда болуына жол бермеу үшін өңдейтінбіз. Біз тұзсыздандырылған суға фосфат ерітіндісі мен аммиак қышқылының қажетті мөлшерін қосып, оны қазандық цехына беретінбіз.

Үлкен сүзгілерге сульфокөмір салынатын да, біз қышқылмен регенерация жүргізетінбіз. Қышқылдығы бойынша 1,5 мг деңгейіне дейін шаятынбыз. Содан кейін бұл су сорғылар арқылы қазандық цехына, ал тұзсыздандыратын су турбиналық цехқа жіберілетін. Сағатына 2000-3000 текше метр берілетін. Бұл су одан әрі өндіріске жіберілетін.

Цех өзіндік ерекшелігіне байланысты зиянды өндірістер қатарына жататын болса да, біз ешқандай жолмен қорғанбадық, дегенмен бұл жерде күйдіргіш бу, қышқыл, сілті, аммиак, фосфат болатын… Бірақ заңнамаға сәйкес цех жұмыскерлері күн сайын сүт алып отыратын, жылына бір рет толық медициналық тексеруден өтетін, бұл үшін бізге арнайы машина келетін.

Химикаттары бар цистерналарды түсіруге әкелген кезде реагентшілермен бірге (ол кезде мен аға аппаратшы едім) қышқылды цистернадан өз ыдыстарымызға айдайтынымыз есімде. Біз солардың буларымен, иістерімен тыныстайтынбыз; ешқандай маска, ешқандай қорғаныс құралы болған емес. Қорғаныс құралдарынан тек құрылыс қолғаптары ғана болатын. Біз реагенттерді әр сағат сайын пробирка арқылы айдап отыратынбыз, ал бұл дегеніңіз не сілтілі орта, не қышқыл орта.

Химиялық өңдеуде негізінен әйел адамдар жұмыс істейтін. Әр ауысымда 5 адам, барлығы 4 ауысым болды. Содан соң бізді 12 сағаттық жұмыс күніне – күндізгі және түнгі ауысымға ауыстырды. Ол кезде көлікпен тасымалдау жағы әлдеқайда жақсы болатын.

Өндiрiсте пайдаланылатын суға деген қажеттiлiк жыл сайын арта түстi. Дайындалған су жеткіліксіз болды, өйткені біздің цех қажетті көлемді өңдей алмады. Көп ұзамай станцияда цехтың 2-ші және 3-ші кезегі салынды. Осыдан кейін біздің жұмысымыз одан да көбейе түсті. Бірақ біз жұмысымызды сол күйімізше қолмен атқара бердік, сағат сайын судың сапасына талдау жасадық.

Станцияның қуаты ұлғая берді. Уақыт өте келе химиялық цехта көп нәрсе өзгеріп, автоматика пайда болды. Өндірісті қайта құру да жүргізілді. Мысалы, бес сүзгі іске қосылды. Менің зейнетке шығуыма аз уақыт қалғанда жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Өнімділіктің жеткіліксіз болуы салдарынан қышқылдың автоматты түрде мөлшерленуі іске асырылды, бұл біздің қышқылдықты қалыпты жағдайда ұстауымызға мүмкіндік берді.

Менің тәжірибелі жұмыскерлерден сабақ алғанымдай, өзімнен де үйренетіндердің қатары пайда болды. Мен үйреткен қыздар қазір станцияда жұмыс істеуде. Мәселен, Вера Бондаренко ауысым бастығы болып еңбек етіп жүр, ал Гүлнара Копабаева химиялық цех бастығы лауазымын атқарды.

Мен станциямызды, ұжымымызды жылулық сезімімен еске аламын. Ауысым бастығы Валентина Соловьян болды, ал вахтада Нина Покуменко, Татьяна Чингаева, Наташа Парфенова, Валя Душкина жұмыс істеді… Кейбір кезде вахтамызбен демалысқа барған сәттеріміз есіме түседі. Бәріміз сондай достық қарым-қатынаста болатынбыз.

Станцияның бір мерейтойына орай жұбайым Юрий Александрович Буятдинов екеумізді суретке түсіргендері жақсы есімде. 1-ЖЭО-да жұмыс істеген жылдар ішіндегі жемісті еңбегіміз үшін қазіргі тұрып жатқан пәтеріміз берілген еді. Ал станцияның 50 жылдығына орай бізге «Жигули» автокөлігі сыйға тартылды…