Талғат Таласбаев: қайсар мінез бен жылы жүз
Талғат Оразбекұлы Таласбаевтың сыртқы салмақтылығының астарында нәзік әзіл сезімі, адамдарға деген ілтипаты мен кез келген тақырыпта әңгіме өрбіте білу қабілеті жатыр. Әріптестері онымен байыпты мәселелерді талқылауға, ақыл-кеңес сұрауға немесе жай ғана жарасымды әзілге бірге күлуге болатынын жақсы біледі. 18 қарашада «АлЭС» АҚ Қауіпсіздік басқармасының бас менеджері 50 жасқа толған мерейтойын атап өтеді.
Талғат Оразбекұлы ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет атқарып, экономикалық қылмыспен күрес саласында еңбек етті. Бұл қызмет оны әрбір ұсақ-түйекке мән беруге, күрделі жағдайлардың байыбына баруға және асығыс байлам жасамауға үйретті. Қандай да бір шешім қабылдар алдында ол үшін мәселенің түп-төркінін түсініп алу аса маңызды.
Талғат Оразбекұлы «АлЭС» АҚ-да 2021 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол Қауіпсіздік басқармасында компанияның экономикалық мүдделерін қорғаумен айналысады. Мұнда оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімі, сондай-ақ адамдармен тіл табыса білу қасиеті кәдеге жарап келеді.
Қарым-қатынаста Талғат Оразбекұлы әрдайым сыпайы әрі ақжарқын. Ол өзгені тыңдай біледі, өз пікірін ешкімге күштеп таңбайды, сонымен қатар өз ұстанымдарынан да айнымайды. Ал қызмет бабындағы мәселелер ерекше назарды талап етіп, жағдай ушығып бара жатқан сәттерде оған тапқыр әзілі жиі көмекке келеді. Орынды әзіл көңілдегі кірбіңді сейілтіп, әңгімені жағымды арнада әрі қарай жалғастыруға септігін тигізеді.

Талғат Оразбекұлының өмірінде отбасы ерекше орын алады. Жұбайы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Қарбалас жұмыс күнінен кейін етене жақындарың күтіп отырған жылы ұяңа оралып, қызмет бабындағы уайым-қайғыны ұмытып, ең жақын жандардың ортасында уақыт өткізу – бір ғанибет.
Талғат Оразбекұлы 50 жасқа толған мерейтойын мол өмірлік тәжірибемен, сүйікті отбасының ортасында және әріптестерінің зор құрметіне бөленіп қарсы алып отыр. Әріптестері оны парасаттылығы, қайырымдылығы және кез келген жағдайда өзінің берік ұстанымына адал қала білуі үшін бағалайды.
«АлЭС» АҚ ұжымы Талғат Оразбекұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!
Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға құт-береке мен бақыт тілейміз. Жақындарыңызға, жағымды дидарласулар мен сүйікті істеріңізге көбірек уақыт табылсын. Алда жаңа жоспарлар, қызықты оқиғалар және жүзіңізден нұрлы күлкі кетпеуіне себеп болар қуаныштар көп болсын!