Тәжірибе жүзендегі энергетика: Орталық Азиядан келген зерттеушілер «АлЭС» АҚ-ның ЖЭО-сы мен ГЭС-ін зерттеуде
2025 жылдың 16 маусымында Орталық Азия елдерінен келген студенттер, магистранттар мен жас зерттеушілер тобы білім беру сапары аясында «АлЭС» АҚ-ның негізгі энергетикалық объектілерінде, яғни Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інде және А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-да болды. Экскурсиялар ҚР Энергетика министрлігінің және Германияның Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өткізілді. Сапардың мақсаты жаңартылатын және жаңартылмайтын энергия көздерін пайдалану саласындағы үздік тәжірибелерді зерттеу және содан алынған білімді болашақ ғылыми және қолданбалы жобаларда қолдану болды.

Алдымен жас зерттеушілер Ш.Шөкин атындағы Қапшағай гидроэлектр станциясында, яғни жаңартылатын энергетика объектісінде болды. Студенттерді алғашқы минуттардан бастап су қоймасының көрінісі, содан кейін станция жұмысының ұйымдастырылуының нақты құрылымы таң қалдырды.
– «Біз тік тұрған үш турбинаны және резервтік турбинаның қаншалықты тез, яғни бір минут ішінде іске қосылатындығын көрдік. Қазіргі су деңгейінде қуаттылық 192 МВт болса, орнатылған қуаттылық 364 МВт құрайтындығы бізді таң қалдырды», – деді топ мүшесі Айдана Кабулова.
ГЭС-тегі экскурсия гидроэнергетика және орнықты даму бойынша академиялық курстардың тәжірибелік жалғасы болды. Қатысушылар жылу және гидроэлектр станцияларының жұмыс қағидаттарын салыстыра отырып, әрбір көздің негізгі айырмашылықтары мен артықшылықтарын атап өтті.

Кейіннен сапарға қатысушылар Алматылық А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ға барды, онда кездесуге келген қатысушыларды Өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Сергей Табакаев қарсы алды. Ол қызықты экскурсия өткізіп, басқару қалқандарының, салқындатқыш қондырғыларының, турбиналар мен генераторлардың жұмысын көрсетті. Станцияның тарихы, жұмыс технологиясы, бақылау жүйелері, шығарындылары, отын мен су көздері, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек жағдайлары туралы егжей-тегжейлі мәліметтер жастардың ерекше қызығушылықтарын тудырды.
– Маған, әсіресе, станция қызметкерлерінің біздің әрбір сұрақтарамызға тиянақты әрі түсінікті жауап бергендіктері ұнады. Бұл жай ғана экскурсия емес, бұл нағыз кәсіби кеңес болды, – деп атап өтті экскурсияға қатысушы Максим Дербенко.
Негізгі тақырыптардың бірі жаңа бу-газ қондырғыларының құрылысымен танысу болды. Қатысушыларға жоспар бойынша көмірден газға көшу, станцияның болашақ экологиялық артықшылықтары мен технологиялық айырмашылықтары туралы егжей-тегжейлі айтылды.

Бішкектен келген магистрант Нәзира Мұзафарова:
– Экскурсияны ұйымдастыру жоғары деңгейде өтті. Біз ЖЭО жұмысының барлық негізгі элементтерін көріп, әрбір өндірістік тораптың ауқымы мен маңыздылығын сезіндік. Бұл қуатты кәсіби тәжірибе болды – деп атап өтті ол.
Мұндай сапарлар – жай ғана экскурсия емес, ол академиялық дайындық пен ғылыми тереңдеудің маңызды элементі. Олар болашақ энергетиктерге ірі станциялар жұмысының нақты логикасын түсінуге, нақты сұрақтар қоюға, орнықты шешімдердің тәжірибелік көрінісін құруға көмектеседі.
«АлЭС» АҚ Орталық Азияның жас мамандарына алған білімдерін өз жобаларында, яғни ғылыми зерттеулерден бастап өңірдегі жаңғырту бағдарламаларына дейін зерттеуге және пайдалануға мүмкіндік бере отырып, өз тәжірибесімен әрдайым ашық бөліседі.