Тәжірибе тағылым мектебіне айналғанда
Энергетика саласында көп нәрсе тәжірибеге сүйенеді. Бұл – жағдайды жедел бағалап, шешім қабылдау және жауапкершілікті өз мойнына ала білу. Ал сол тәжірибесін өзгелерге үйрете алатын мамандар ерекше құнды болып табылады. Райбек Рысбаев – сондай жандардың бірі.

Ол 2007 жылдан бері Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО электр цехының ауысым бастығы болып еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде оның жанында талай жас маман қанаттанды. Бірі мамандықтың қыр-сырын енді ғана меңгеріп бастаса, енді бірі тәжірибе жинап, өзіне сенімді бола түсті, ал кейбірі уақыт өте келе білікті маман әрі басшы болып қалыптасты.
Цехта Райбек Зукураұлын көпшілік жай ғана «Рәке» деп атайды. Бұл қарапайым қаратпа сөзден жылдар бойы қалыптасқан ерекше құрмет лебі сезіліп тұрады.

Ол – турашыл, қызуқанды әрі талап қоя білетін адам. Немқұрайдылық пен жауапсыздықты көрсе, ашуға бой алдыруы мүмкін, бірақ ешкімді қиындықта жалғыз қалдырмайды. Бағыт-бағдар беріп, жағдайды бүге-шігесіне дейін түсіндіреді және мәселенің шешімін табуға жәрдемдеседі.
Электр цехы бастығының орынбасары Алау Ахмадиев Райбек Зукураұлының қол астында жұмыс істеген кезінен бері оны өте жақсы біледі:
– Рәкеден үйренгеніміз көп. Кезінде ол менің де ауысым бастығым болды. Қызба мінезді болғанымен, өте тапқыр кісі. Оны қатты сыйлаймын, – дейді ол.
Мұндай жылы лебіз оның ұжым арасындағы шынайы беделін кез келген мінездемеден артық айқындай түсетіндей.
Еңбек еткен жылдары Райбек Зукураұлы түрлі жағдайды бастан өткерді, сан түрлі адаммен жұмыс істеді, талай күрделі шешімдер қабылдады. Осының бәрі жас мамандардың оның қасында жүріп шыңдалған өмірлік кәсіби мектебіне айналды.
Мерейтой иесінің көпжылдық еңбегі 1-ЖЭО-ның 80 жылдығына орай «АлЭС» АҚ Алғысымен, ал 2025 жылы Алматы қаласы әкімі орынбасарының Алғыс хатымен еленді.
Райбек Зукураұлының саналы ғұмырының басым бөлігі еңбекпен өрілгенімен, ол үшін ең асыл құндылық – отбасы. Жұбайы екеуі бірге бес баланы: төрт қыз бен бір ұлды өсіріп, тәрбиеледі. Шаңырағы, балалары мен жақындары – оның мызғымас сүйеніші әрі жұмыстан кейін бойына күш-қуат сыйлайтын сарқылмас қайнар көзі.
Бүгінде Райбек Зукураұлының еңбек жолында толайым кәсіби табыстар, әріптестерімен бөліскен мол тәжірибе және «Біз Рәкеңнен тәлім алдық» деп мақтанышпен айтатын шәкірттері бар.

Бұл – аса қымбат баға. Өйткені нағыз ұстаз кәсібінде тек өз тындырған ісімен ғана емес, кейінгі буынға берген өнегелі білімімен де өшпес із қалдырады.
Мерейтой күні әріптестері Райбек Зукураұлына мықты денсаулық, отбасына жылулық пен құт-береке, қажымас қайрат тілей отырып, жақындары мен туған ұжымының ортасында ұзақ та бақытты ғұмыр кешуіне шын жүректен тілектестік білдіреді.