Суреттерге жан біткенде
Кейде тұтас бір әлемді тану үшін бір-ақ күн жеткілікті болып жатады. «АлЭС» АҚ «Жарқын болашақ» жастар ұйымының өкілдері үшін Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне бару дәл сондай жаңалық болды. Бұл кездесу жас энергетиктерге өнер әлеміне үңіліп, атақты туындылардың таңғажайып тарихын тыңдауға және әрбір кенептің артында адами тағдыр, талант пен дәуір рухы жасырынып жатқанын сезінуге мүмкіндік берді.

Кәсіби гидпен өткен экскурсия кескіндеме әлеміне жасалған нағыз саяхатқа айналды. Әрбір зал тарихтың жаңа беттерін ашса, көпке таныс картиналар мүлдем күтпеген қырынан танылды. Жөндеу басқармасының Жөндеуді жоспарлау қызметінің бас маманы Ұлбике Серікболқызы атап өткендей, экскурсоводтың әңгімесі бұл кездесуді ерекше есте қаларлықтай еткен:
– Біз жастар ұйымымен бірге музейді гидпен араладық. Өте қызықты әрі танымды болды. Картиналардың қалай салынғанын біліп, олардың дүниеге келу тарихын естідік. Осындай экскурсиядан кейін өнер туындыларына мүлдем басқа көзбен қарай бастайды екенсің.
Бұл сапардың жалғасы ретінде әртүрлі елдер мен дәуірлердің өнеріне арналған экспозицияларға саяхат жасалды. Қатысушылар кескіндеме, мүсін және графика әлемінің қаншалықты алуан түрлі екенін көріп, түрлі халықтардың көркемдік дәстүрлерін салыстырып, бейнелеу өнерінің жаңа бағыттарын тани түсті. Бұл туралы Батыс жылу кешенінің 4-разрядты РҚжА жөндеу жөніндегі электр монтері Марлен Айтмағамбет былай деді:
– Біз Қазақстанның ғана емес, Ресей мен Батыс Еуропа елдерінің де өнерімен таныстық. Бейнелеу өнерінің түрлері туралы білдік. Бұл өте қызықты болып, көптеген жаңа дүниені тануымызға мүмкіндік берді.
Еліміздің тарихы, салт-дәстүрі мен мәдени мұрасы айрықша сезілетін ұлттық өнер залдары қатысушылардың жүрегінен ерекше орын алды. Каскад ГЭС қоймасының меңгерушісі Юлиана Виницкаяға ең көп әсер еткен осылар:
– Қастеев атындағы өнер музейінде тамаша күн өткіздік. Дәуірлер, стильдер мен тағдырлар тоғысқан орасан зор коллекция. Әсіресе ұлттық өнер залдары қатты таңғалдырды – қандай тереңдік пен реңк! Егер сіз бұл жерде әлі болмасаңыз, келіп көруге шын жүректен кеңес беремін. Экскурсиямызды ұйымдастырғаныңыз үшін зор алғыс.

Мұражайға бару жас қызметкерлер үшін жай ғана мәдени іс-шара емес, өнерге жаңа көзқараспен қарау, әлемдік және қазақстандық мәдени мұраның байлығын ашу, әріптестермен бейресми жағдайда сөйлесу және ұзақ уақыт есте қалатын жарқын эмоциялар алу мүмкіндігі болды.
Мұндай кездесулер адамның үйлесімді дамуы тек кәсіби жетістіктерден ғана тұрмайтынын еске салады. Тарихқа, мәдениетке және өнерге деген қызығушылық ой-өрісті кеңейтіп, жаңа идеяларға шабыттандырады және айналадағы әлемнен сұлулықты көруге көмектеседі. Дәл осы себепті «Жарқын болашақ» жастар ұйымы «АлЭС» АҚ-ның жас қызметкерлері үшін ұжымды біріктіріп, оны одан әрі тату ете түсетін қарым-қатынасқа, бірлескен жаңалықтар ашуға және жаңа әсерлер алуға мүмкіндіктер жасауды жалғастыруда.