Станциядан розеткаға дейін: электр энергиясының жолы
Бөлмеде жарық жанғанша, компьютер қосылғанша немесе үйреншікті тұрмыстық техника жұмыс істей бастағанша электр энергиясының қандай жол жүргені туралы біз сирек ойланамыз. Электр станциясы мен қарапайым розетканың арасында әр кезеңі маңызды тұтас технологиялық тізбек жатыр.
Бұл жол электр станциясынан басталады.

Жылу-электр орталығында отын энергиясы алдымен жылу энергиясына айналады. Қазандықта арнайы дайындалған су қызып, жоғары температуралы әрі қысымды бу түзіледі. Ол турбинаға бағытталып, оның роторын айналдырады.

Одан әрі жұмысқа генератор қосылады. Турбина оған механикалық энергияны берсе, генератор оны электр энергиясына түрлендіреді. Электр энергиясы дәл осы жерде пайда болады.

Содан кейін трансформаторлардың күшімен кернеу көтеріледі, осылайша электр энергиясын үлкен қашықтыққа азырақ шығынмен беруге болады.

АлЭС-тің тікелей жауапкершілік аймағы осы кезеңде аяқталады. Компания электр энергиясын өндіріп, оны өзінің өндірістік нысанының шекарасына дейін жеткізеді. Одан әрі энергияның жолы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ желілері арқылы жалғасады.

Тұрғын үйлерге, кеңселер мен кәсіпорындарға жақындаған сайын қосалқы станцияларда кернеу соңғы тұтынушыға қажетті деңгейге дейін төмендетіледі. Содан кейін электр энергиясы тарату желілерімен өтіп, ғимаратқа электр қалқаны арқылы түседі де, содан кейін ғана әркімге таныс розеткаға жетеді.

Демек, ажыратқышты жай ғана басудың артында үлкен энергетикалық жүйенің бірнеше буынының жұмысы тұр: энергияны өндіру, тасымалдау, бөлу және тұтынушыға жеткізу.
АлЭС станцияларында бұл процесс бір сәтке де тоқтамайды. Өндірістің тұрақты әрі сенімді болуы үшін жедел персонал жабдық параметрлері мен оның жұмыс режимдерін тәулік бойы бақылайды.

Үйде жарық бір секундта жанады. Бірақ осы секундтың артында күрделі технология, орасан зор агрегаттар мен адамдардың еңбегі тұр. Соның арқасында энергия станциядан әрбір тұтынушыға дейінгі жолын жүріп өтеді.
АлЭС: әр үйге – жарық пен жылу.Күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған энергия.