SK TALKS: жаңа таныстық, пайдалы тәжірибе және болашақ жайлы әңгіме
15 қазанда Алматыда «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының жас қызметкерлерінің басын қосқан SK TALKS кездесуі өтті. Жиынға «Алматы электр станциялары» АҚ өкілдері де қатысты.
Іс-шара «Самұрық-Қазына» АҚ жастар саясатын іске асыру аясында Халықаралық көлік-гуманитарлық университетінде ұйымдастырылды. SK TALKS жобасы кәсіби тәжірибе алмасу, мансап жолында өсу мәселелерін талқылау және өндірістік міндеттерді шешудің жаңа тәсілдерін іздеу мақсатында құрылған.

Спикерлермен еркін форматта өткен ашық сұхбат кездесудің басты ерекшелігіне айналды. Олар өздерінің табысқа жету жолымен бөлісіп, кәсіби қиындықтар және оларды еңсеру тәсілдері туралы баяндады. Жас мамандар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, өз саласында жетістікке жеткен жандардың ақыл-кеңесін тыңдады.

ГЭС каскады Автоматика, өлшеу және байланыс цехы электротехникалық зертханасының метрология жөніндегі инженері Назерке Ахметова кездесуден алған әсерімен бөлісті:
– SK TALKS – жас мамандарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын тамаша бастама. Мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасуға, өндірістік мәселелерді талқылауға, мансаптық өсу болашағы туралы білуге және табысты тұлғалардың өмір жолынан шабыт алуға септігін тигізеді. Әсіресе, жастардың тәжірибелі мамандармен жүзбе-жүз тілдесуі өте құнды. Дәл осындай диалог барысында жұмысқа кәдеге жарайтын қызықты идеялар мен ұтымды шешімдер туады.
Қатысушыларға іс-шараның өту барысы мен ахуалы да ерекше ұнады. Мұнда ресми баяндамаларға тән қатаң шектеулер болған жоқ: еркін әңгімелесіп, көкейкесті мәселелерді сұрауға және нақты ұсыныстар алуға мүмкіндік туды.

– Бүгін SK TALKS алаңына қатысып, ерекше әсер алдым. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған, жылы әрі достық ахуал орнады. Спикерлер өз тәжірибелерін қуана бөлісіп, пайдалы кеңестерін айтты. Әсіресе, сұрақ-жауап форматы қатты ұнады. Кездесуден көтеріңкі көңіл күймен, зор жігер алып қайттым. Ұйымдастырушыларға көп рақмет! – деді БЖК электр станцияларының автоматикасы мен өлшеу құралдарына қызмет көрсету жөніндегі электр слесарі Әділ Мансұров.
«АлЭС»-тің жас энергетиктері үшін мұндай жобаларға қатысу – кәсіби ортаны кеңейтуге, өзге саладағы әріптестермен танысуға және алдағы жұмыста кәдеге жарайтын білім жинауға берілген таптырмас мүмкіндік.
Компания жас мамандардың біліктілігін арттыруға, корпоративтік бастамаларға атсалысуға және тәжірибе алмасуға деген талпынысын әрдайым қолдайды. Өйткені жаңа технологияларды меңгеріп, жауапты шешімдер қабылдайтын және аға буын энергетиктердің ісін алға апаратын – дәл осы жастар.
SK TALKS кездесуі қатысушыларға жақсы әсер сыйлап, жаңа таныстықтар орнатуға және алға ұмтылуға серпін берді. Осындай басқосулардың басты құндылығы да сонда: кейде құлақ шалған бір ғана кеңес немесе өзгенің үлгісі өз мүмкіндігіңді жаңа қырынан тануға жол ашады.