Серіктестік энергиясы: «АлЭС» және сала болашағы
Артқа
20.04.2026

Серіктестік энергиясы: «АлЭС» және сала болашағы

Сәуір айы заманауи энергетика – тек өндіріс қана емес, бұл білім беру саласымен де үздіксіз диалог екенін көрсетті. «АлЭС» АҚ Қызметкерлерді даярлау бөлімінің басшысы Жанар Сабикенова мен Пайдалану қызметінің бас маманы Бағлан Азимханов осы бағыттағы екі салалық іс-шараға – META UNIVERSITY-де өткен халықаралық конференцияға және Energo University-де ұйымдастырылған инфо-турға қатысты.

14 сәуірде META UNIVERSITY-де «Sci Tech Central Asian: тәуекелдер мен перспективалар» атты II Халықаралық конференция аясында электр энергетикасы бойынша оқу-ғылыми-зерттеу зертханасының ашылу рәсімі өтті. Символдық лентаны қию – салтанатты шараның негізгі сәті – болды. Бұл құрмет Жанар Сабикеноваға беріліп, зертхананың ресми жұмысына жол ашылды. Ол – нақты өндірістің, жұмыс берушінің өкілі және студенттер енді зерттейтін үдерістермен күнделікті жұмыс істейтін маман.

Жаңа зертхана заманауи құрал-жабдықтармен: релелік қорғаныс және автоматтандыру жүйелерінен бастап, электрмен жабдықтаудың интеллектуалды шешімдеріне дейін қамтамасыз етілген. Бұл – теория бірден тәжірибеге ұласатын, ал білім кәсіби дағдыға айналатын кеңістік.

– Студент үдерістерді «қолымен ұстап», сызбаларды құрастырып, нәтижесін көргенде – мүлде басқа деңгейдегі дайындық басталады, – деп атап өтті Жанар Сабикенова. – Біз үшін жас мамандардың салаға қатысты нақты түсінікпен келгені маңызды.

Іс-шара барысында жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. «АлЭС» АҚ бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде: оқу бағдарламаларын қалыптастыру, өндірістік тәжірибелерді ұйымдастыру және тағылымдамаларды дамыту арқылы білім беру мен өндіріс талаптарының арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді.

16 сәуірде бұл жұмыс Energo University базасында өткен инфо-тур аясында жалғасын тапты.

Бұл жолы негізгі назар қолданыстағы мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға аударылды. Бағлан Азимханов SPPA T3000 оқу симуляторының таныстырылымы туралы өз пікірімен бөлісті:

– Бұл – шынайы жағдайға барынша жақын жүйе. Мұнда түрлі режимдерді пысықтап, жабдықтардың жұмыс логикасын түсініп, күрделі жағдайларға алдын ала дайындалуға болады.

Аталған симулятор бу-газ қондырғысының іске қосылуын, тоқтатылуын және апаттық сценарийлерін модельдеуге мүмкіндік береді. Бұл оқыту үдерісін тиімді және қатар қауіпсіз етеді.

«АлЭС» үшін мұндай бастамаларға қатысу – саланы дамытудың жүйелі тәсілі. Компания бүгінгі күнмен ғана шектелмей, білім, тәжірибе және адами капитал арқылы энергетиканың ертеңін қалыптастыруға үлес қосып келеді.