Сенімділік коды: «Энергоремонт» ӨЖК корпоративтік AI-челленджді жалғастырды
«АлЭС» АҚ-да «Жарқын Болашақ» жастар ұйымының бастамасымен «AI: болашақ энергиясы біздің қолымызда» атты корпоративтік челлендж жалғасып жатыр. Оған қатысушылар өндіріс, қауіпсіздік және энергетик мамандығы жайлы заманауи цифрлық технологиялар тілінде баяндауға талпынып келеді.
Челленджді БЖК мен Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС командалары бастаған болатын. Шілде айында Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның жас мамандары «Ереже бұзушылыққа – Game Over» атты бейнероликте өндірістік қауіпсіздік ережелерін компьютерлік ойын стиліндегі серпінді оқиғаға айналдырды.
Бұл эстафетаны келесі болып «Энергоремонт» ӨЖК қызметкерлері – кадрларды даярлау жөніндегі инженер Жұлдыз Баймұхамбет, 1-ЖЭО-дағы қазандық жабдықтарын жөндеу учаскесінің аға шебері Әлішер Телтай, электр станцияларының автоматикасы мен өлшеу құралдарына жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр слесарі Әлішер Тоқмолда және бу-газ турбиналық жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь Ермахан Серік жалғастырды. Олар жасанды интеллекттің энергетика мен өндірістік процестерге деген қалыптасқан көзқарасты қалай өзгерте алатыны туралы бейнеролик дайындады.
Авторлар негізгі идеяны «Энергоремонт» ӨЖК – сенімділік коды» деп қысқа да нұсқа жеткізді.
Команда құрған цифрлық әлемде өндірістік цехтар, жабдықтар мен мамандардың жұмысы деректер ағынымен, интерактивті панельдермен және зияткерлік жүйелермен толыға түседі. Жасанды интеллект көрсеткіштерді талдауға, жабдықтың күйін қадағалауға, ықтимал ауытқуларды болжауға және уақтылы шешім қабылдауға көмектеседі.
Дегенмен, бұл үдерістің басты кейіпкері – технологияларды басқаратын, алынған ақпаратты бағалайтын және нәтижеге жауап беретін адам, яғни маман болып қала береді.
Авторлар әуел бастан-ақ қарапайым техникалық презентация форматынан бас тартуға шешім қабылдады.
– Біз озық технологиялардың департаменттің нақты өндірістік және энергетикалық ерекшелігіне қалай енетінін көрсетіп, жасанды интеллект тақырыбын әрбір қызметкерге жақын, түсінікті әрі қызықты еткіміз келді, – дейді 1-ЖЭО қазандық жабдықтарын жөндеу учаскесінің аға шебері Әлішер Телтай.
Ең күрделі кезеңдердің бірі сценарий жазу болды. Кәсіби дәлдікті сақтай отырып, көрерменді күрделі терминдермен шамадан тыс жүктемеу қажет еді. Команда сюжетті біртіндеп құрып, мағыналық блоктарды ойластырып, ұғынықты визуалды бейнелер іздеді.
Бейнероликте жүктемелерді болжау, жұмыс процестерін оңтайландыру және жабдықты предиктивті талдау көрініс тапқан. Авторлар бұл бағыттарды алыс болашақтың технологиясы ретінде емес, қазірдің өзінде энергетиктердің жұмысына көмектесе алатын құрал ретінде көрсетуге тырысты.
– Басты қиындық – сараптамалық мазмұн мен оны қарапайым тілде жеткізудің арасындағы тепе-теңдікті табу болды. Біз үшін жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тізіп шығу ғана емес, олардың энергетика саласындағы нақты міндеттермен байланысын көрсету маңызды еді, – деп атап өтті электр станцияларының автоматикасы мен өлшеу құралдарын жөндеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі электр слесарі Әлішер Тоқмолда.
Сценарий бекітілген соң, жобаның визуалды бөлігіне қатысты жұмыс басталды. Өндірістің индустриялық көріністері нейрожелілердің футуристік эстетикасымен ұштастырылды. Авторлар интерфейстердің анимациясын жасап, деректердің қозғалысын көрнекілендірді және ролик біртұтас хикая ретінде қабылдануы үшін әрбір ауысымды мұқият ойластырды.
Музыка мен дыбыстау жұмыстың соңғы нүктесін қойды. Олар видеоға ырғақ беріп, эмоционалды әсерін күшейтті және оның заманауи сипатын айшықтай түсті.
Бұл челлендж қатысушыларға жаңа цифрлық құралдармен танысып қана қоймай, өздерінің шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік берді.
– Жобамен жұмыс істеу бүкіл командаға серпін беріп, өте нәтижелі болды. Біз «Энергоремонт» ӨЖК-ні болашаққа сеніммен қарайтын және озық технологияларға ашық өндірістік департамент ретінде көрсете алдық. Нәтиже біз күткеннен де асып түсті – ролик жарқын, заманауи әрі шынымен де әсерлі болып шықты, – деп бөлісті кадрларды даярлау жөніндегі инженер Жұлдыз Баймұхамбет.
Жаңа жұмыс корпоративтік челлендждің негізгі идеясын жалғастырды: жасанды интеллект кәсіби тәжірибе мен адамның шығармашылық қабілетін алмастырмайды, керісінше оларды жаңа қырынан ашуға көмектеседі. Цифрлық құралдардың арқасында өндірістік тақырыптар заманауи сипатқа ие болып, «АлЭС» АҚ қызметкерлері өз жұмысы туралы баяндаудың тың тәсілдерін табуда.
«AI: болашақ энергиясы біздің қолымызда» эстафетасы жалғасуда. Алда – жаңа командалар, идеялар және энергетиктердің цифрлық хикаялары.