«Сары штаттан тыс қызметкер»
Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-індегі ерекше жағдай: қызметкердің туған күнінде
қолда өскен тотықұс пайда болды
Әр мерекенің өз ерекшелігі бар. Бірақ Ш.Шокин атындағы Қапшағай ГЭС-інің материалдық құндылықтарды есепке алу жөніндегі бухгалтері Елена Наумованың туған күні барлық күтулерден асып түсті. Бұл күн… қанатты тосынсыймен есте қалды.
Бәрі кино секілді басталды: ашық күзгі таң, жеңіл самал, тамаша көңіл-күй. Бір қолында – торт, екінші қолында – шайға арналған тәттілер. Қасында – әріптесі Гүлжан Бақтыбаева. Екеуі сергек көңіл-күймен серпантин жолмен бақылау-өткізу пунктінен өтіп, таңғы тіршілікті, әрине, болашақ құттықтауларды қызу талқылап келе жатты.
Сол сәтте – ысқырыққа ұқсас, тіпті мінез-құлқы да бар бір таңғаларлық дыбыс шықты. Қыздар басын көтеріп еді… көздеріне сенбей қалды. Тура бір ертегі әлемінен ұшып келгендей, шыршаның ең биік бұтағында жарқыраған сары тотықұс отыр!
– Бұл мүмкін емес қой! – деп бір-біріне қарады олар. Бірақ бұл шындық еді. Құс сол жерде отырды. Ұшып кеткен де жоқ. Тіпті, біреуді күткендей көрінді.

Құстың үй жағдайында өскендігі бірден байқалды: күтімі жақсы, қолға үйренген, ал даланың қатал табиғатына мүлде бейім емес. Құтқару операциясы да көп күттірмеді – көмекке батыл әріптестер Санат Урманов пен Талғат Тохтиев келіп жетті. Екеуі де шеберлікпен, абайлап әрекет етіп, құсқа еш зиян келтірмей ағаштың басынан жерге қарай түсірді. Тотықұс кәдімгі қонақ сияқты болды – сыпайы, тыныш, ештеңеден қорықпай тұрды.
– Есімін Кеша деп қойдық, – дейді Елена күлімдеп. – Алғашында бухгалтериядағы шкафтың үстіне орналастырдық. Әуелі қолымыздан жем жеді, бірақ көп ұзамай торсыз болмайтынын түсіндік. Ертеңіне арнайы үйшік сатып алдым.
Енді бухгалтерияда есеп жүргізу – жай ғана жұмыс емес, ол қанатты көмекшінің қатысуымен өтетін ерекше сәтке айналды. Кеша – жай көңіл көтерер құс емес, ол – сөйлей алатын күйзеліске қарсы досымыз. Ең сүйікті ас мәзірі – ірімшік, алма, піскен шұжық және әріптестердің әңгімесі.
Алты айдан астам уақыт өтсе де, ол әлі де сол орнында – қонақтарды қарсы алып, шығарып салады, өз тілінде сөйлейді. Сырт көзге – жай құс болғанымен, шын мәнінде – ғажайыптың ескерткіші.
– Бұл менің өмірімдегі ең керемет туған күнім болды, – дейді Елена. – Себебі бұл күні сыйлықтардың көп болғандығы емес, сол күні жұмысқа кенеттен келген бір ерекше, штаттан тыс «қызметкердің» досқа айналғаны үшін ерекше болды.