«Қыс-2025» оқу-жаттығулары: энергетиктер ТЖ-ға төтеп берді
Алматы қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің жергілікті атқарушы органдармен, азаматтық қорғау қызметтерімен және қаланың коммуналдық кәсіпорындарымен бірлесіп ұйымдастырған жоспарлы «Қыс-2025» оқу-жаттығулары өтті.
Оқу-жаттығудың тақырыбы – «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік кіші жүйесінің басқару органдары мен күштерін2025-2026 жылдардың қысқы кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою бойынша іс-қимылдарға дайындау».Ал олардың мақсаты әртүрлі қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау, техника мен жеке құрамның төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, соның ішінде өмірді қамтамасыз ету объектілеріндегі аварияларға, өрттерге, жылу берудің тоқтауына және адамдарды құтқаруға дайындығын тексеру болды.

Практикалық іс-шаралар төрт оқу полигонында өтті. Соның бірі – Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-дағы мазут қоймалары мен газ құбыры. Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес мұнда өрттіңшығу жағдайының келесідей сценарийі пысықталды: жөндеу жұмыстары кезінде көлемі 2000 м3 мазут резервуары отқа оранды, соның салдарынан бір жұмысшы күйік жарақатын алды. Сондай-ақ жылулық әсерден газ құбырының арматурасына зақым келді.

Мазут сақтайтын резервуардағы «өртті» сөндіру және 1-ЖЭО газ құбырында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін станциядағы турбиналық цех бастығының орынбасары Ринат Мақсұтовтың басшылығымен авариялық-қалпына келтіру бригадасы жіберілді.
– Біздің авариялық-құтқару бригадамызда 21 адам бар, оқу-жаттығуға соның бесеуі қатысты, – деді Ринат Қуанышбекұлы. – Өртті оқшаулағаннан кейін бірден мазут бактарындағы бу көпшігін жұмыс жағдайына келтіруге кірістік. Бұл жүйе мазуттың қазандарға берілуі үшін қажетті температурасын ұстап тұру үшін қажет. Жалпы оқу-жаттығу нәтижесіне ризамын: біздің бригада нақты әрі үйлесімді жұмыс істеді.

Оқу-жаттығуға қатысқандардың барлығы өз міндеттерін жақсы орындады. Оқу-жаттығуға қатысқан энергетиктердің бірі – турбиналық цехтың 5-разрядты кран машинисі Мархабат Изизов.
– Бізге зақымдалған құбырды жедел қалпына келтіру және сонымен қатар ысырмаларды тез арада жабу тапсырылды, – дейді Мархабат Махмұтұлы. – Бұл жерде бізде қарапайым құралдар – «болгарка», күрек, сүймен болды. Бірақ олардың өзі тапсырманы орындау үшін жеткілікті болды. Жалпы, мен бұл жұмысты да, осы учаскені де жақсы білемін, өйткені бригадада шамамен 10 жыл шамасында жұмыс істеп келемін. Бұндай тәжірибе өз көмегіносындаай жағдайларда тигізеді. Ал менің жалпы еңбек өтілім – 23 жыл.
Су қыздыру қазандығымен газ-мазут шаруашылығындағы газ жабдықтарын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарі Татьяна Аюповаға күрделі тапсырма жүктелді – ол күйік шалған жұмысшының рөлін орындауы тиіс болды.

Татьяна Аюпова – 4-разрядты маман, 1-ЖЭО-да 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді және станциядағы жұмыста қандай қауіптер туындауы мүмкін екенін өте жақсы біледі. Оның пікірінше, ең бастысы – еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын сақтау. Бұл қарапайым қағида көптеген қауіпті жағдайлар мен тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда ЖЭО сияқты күрделі өндірістерде төтенше жағдайларды толықтай болдырмау мүмкін емес, сондықтан әрдайым төтенше жағдайда әрекет етуге дайын болу қажет.
– Оқу-жаттығу сценарийі бойынша мен зардап шеккен жұмыскердің рөлін орындадым. Бірақ «жарақат алған» күйде жатып та, біздің жігіттердің қалай әрекет еткенін бақылай алдым, – деп өз әсерімен және әріптестерінің жұмысына берген бағасымен бөлісті Татьяна Анатольевна. – Жігіттер мені тез әрі ұқыпты көтеріп, зембілге жатқызып, өте абайлап қауіпсіз жерге алып шықты. Ал олардың зембілді екі үлкен құбырдың үстінен өткізуіне тура келгенін де ескеру керек! Олар бәрін дұрыс жасады. «Біздің жігіттер, жарайсыңдар!», – деп айта аламын.

Энергетиктерден бөлек, 1-ЖЭО-дағы шартты аварияның салдарын жоюға қаланың азаматтық қорғау қызметтері де қатысты. Осы объектідегі «өртті» жоюға 47 адам қатысып, техниканың 11 бірлігі тартылды.
Жалпы «Қыс-2025» оқу-жаттығуына 163 адам және техниканың 45 бірлігі жұмылдырылды. Іс-шаралардың қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар тарапынан қалалық қызметтердің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша жоғары дайындық деңгейінде екені атап өтілді.