Қуан Мухаммед – күш-қуат қайсар мінезден туады
Артқа
11.08.2026

Қуан Мухаммед – күш-қуат қайсар мінезден туады

Армрестлингте бәрі санаулы секунд ішінде шешіледі. Екі қарсылас, үстел, бастамас бұрынғы мығым қол алысу және тек қолдың күші ғана емес, сонымен бірге сабырлылық, техника, реакция мен лезде дұрыс шешім қабылдай білу маңызды болатын қас-қағым сәт.

Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның су жылыту қазандығы мен газ-мазут шаруашылығы өндірістік учаскесінің шебері Қуан Мұхамед Талғатұлы үшін армрестлинг жай ғана спорттық әуесқойлықтан әлдеқайда асып түсті. Бұл – өзіңді сынап, мықтырақ болуға және қиындықтарға мойымауға үйрететін мүмкіндік. Мұхамедтің армрестлингке деген қызығушылығы табиғи түрде оянған. Ол әрдайым өзін күш пен төзімділікке сынап көргенді ұнататын.

Уақыт өте келе қарапайым қызығушылық тұрақты жаттығуларға, содан соң спортқа деген байыпты көзқарас пен жарыстарға қатысуға ұласты.

– Әр жарыс сайын армрестлингке деген қызығушылығым арта түседі. Бүгін қолыңнан не келетінін және кешегі өзіңмен салыстырғанда қаншалықты өскеніңді білгің келіп тұрады, – дейді спортшы.

«Самұрық-Қазына» спартакиадасында Қуан Мұхамед төртінші орынға ие болды. Жеңіс тұғырына жетуге сәл-ақ қалды, бірақ спортшының өзі үшін мұндай жарыстар – ең алдымен, өзінің мықты тұстарын көріп, әлі немен жұмыс істеу керегін түсінуге берілген мүмкіндік.

Оның айтуынша, турнирдің ең басты қиындықтарының бірі – барлық белдесу барысында күш пен зейінді сақтай білу. Армрестлингте тек дене бітіміңнің мықты болуы жеткіліксіз. Қарсыласты жылдам бағалап, тактиканы таңдап, күшті дұрыс үлестіріп, эмоцияға бой алдырмау керек.

Белдесуге бірнеше секунд қалғанда ерекше бір күйге түсесің.

– Сол сәтте миыңнан барлық артық ой кетеді. Тек қарсылас, үстел және алдағы жекпе-жек қана қалады. Әрине, қобалжу болады, бірақ ол қосымша адреналин береді. Ең бастысы – уақытынан бұрын жанып кетпеу, – дейді Мұхамед.

Ол мықты армрестлерді, ең алдымен, мінезі, тәртібі мен сабырлылығы ерекшелейтініне сенімді. Техника, реакция және тактикалық ойлау қабілеті көп жағдайда дене күшінен кем маңызды емес.

Кейде әлдеқайда қуатты спортшы психологиялық тұрғыдан жақсы дайындалған, сабыр сақтап, белдесуді дұрыс өткізе білген қарсыласына есе жіберіп қоюы мүмкін.

Бұл қасиеттер Мұхамедке кәсіби өмірінде де көмектеседі. ЖЭО-дағы жұмыс жауапкершілікті, жинақылықты және түрлі өндірістік жағдайларда әрекет етуге дайын болуды талап етеді. Мұнда да, спорттағы сияқты, алғашқы қиындықтан кейін қол қусыруға болмайды.

– Спорт берілмеуге, қиындықтарға сабырмен қарап, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге үйретеді. Өндірісте де зейінді, сабырды сақтап, бір команда болып жұмыс істеу маңызды, – деп атап өтті ол.

Өндірістегі жұмыс пен спорттық дайындықты қатар алып жүру оңай емес. Мұхамед үшін жұмыс міндеттері әрдайым бірінші орында, сондықтан жаттығу кестесін өндіріске қарай ыңғайластыруға тура келеді.

Бірақ спортшы нағыз мақсат болса, оған уақыт табылатынына кәміл сенеді.

Тұрақты жаттығуға қажетті тәртіп бірте-бірте күнделікті өмірде де әдетке айналады. Дәл сол тәртіп күш-қуатты дұрыс бөлуге, ырғақты сақтауға және шаршау сезілген кезде де алға жылжуға көмектеседі.

Мұхамед АлЭС атынан жарысқа шыққанда ерекше сезімге бөленеді.

Бұл сәтте жеке нәтиженің артында тек өз есімің ғана тұрмайды. Спортшы үшін әріптестері, достары, станция ұжымы алаңдайды.

– Өз компанияңның атынан шыққанда, жауапкершілікті ерекше сезінесің. Лайықты өнер көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізіп, саған сенім артқан жандарды ұятқа қалдырғың келмейді, – дейді ол.

Қуан Мұхамед үшін төртінші орын – соңғы нүкте емес, жаңа бағдар. Алда – жаттығулар, техниканы шыңдау және келесі жарыстарда бұдан да жоғары көтерілу ниеті.

Ол өзіне қарсыласынан мықты болуды ғана мақсат етпейді. Оның спорттық қағидасы әлдеқайда ауқымды: әрқашан кешегі өзіңнен мықтырақ болу.

Бәлкім, спортшының нағыз мінезі де осы шығар: жеңістен кейін тоқмейілсімей, қиын белдесулерден соң еңсесін түсірмей, қайтадан үстел басына келіп, нық тұрып, күресті жалғастыру.