Қауіпсіздікке балаларымыздың көзімен қарағанда: «АлЭС» АҚ-да суреттер байқауының қорытындысы шығарылды
Артқа
04.05.2026

Қауіпсіздікке балаларымыздың көзімен қарағанда: «АлЭС» АҚ-да суреттер байқауының қорытындысы шығарылды

Кейбір кезде ең маңызды нәрсені нұсқаулықтар мен регламенттер емес, балалардың суреттері жеткізіп жатады. Олардан қарапайым болғанымен, нақтылығы бар мағынаны ұғуға болады: каска киген әке, жұмыстағы ана, және де ең бастысы – олардың үйіне оралуы. «АлЭС» АҚ-да еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырумен және жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына мұқият қараумен орайластырылған «Еңбек қауіпсіздігі бала көзімен» атты сурет байқауының қорытындысы шығарылды.

Компанияның барлық өндірістік департаменттері жұмыскерлерінің 62 баласы 2026 жылғы 7 сәуірден бастап 24 сәуірді қоса алған уақытта ата-аналарының жұмыс орындарындағы қауіпсіздігі жөнінде өздерінің көзқарастарын білдіре отырып, байқауға қатысты. Байқау Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылған өндірістік қауіпсіздік бойынша корпоративтік бағдарлама аясында өтті.

Жұмыстар әртүрлі болып шықты – көз тартарлықтай қанық, әсерлі, кей тұстарынан аңғалдық байқалып жатты, бірақ әрқайсысынан ең бастысы: қауіпсіздікті жай қағида деп қана емес, жақындарына деген қамқорлық ретінде түсінетіні сезіліп тұрды. Қазылар алқасы балалардың тақырыпты терең ұғынуы мен белсенді түрде қатысуын жоғары бағалады. Үздіктерді таңдау комиссия үшін оңайға соққан жоқ, өйткені әр жұмыс риясыздық пен тақырыпқа деген терең түсіністікке тұнып тұрған еді. Биылғы байқаудың ерекше тұсын – бағалаудың жоғары деңгейде өткенін: конкурстық комиссия жұмысына А.Қастеев атындағы Өнер мектебі суретшілерінің қатысқанын атап өткен жөн.

Бірінші орынды Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің электр станциясы ауысымының бастығы Денис Переверзевтің ұлы – он бір жастағы Иван Переверзев иеленді. Оның суреті егжей-тегжейлі ойластырылуымен және айқын мағыналық мазмұнымен ерекшеленді.

– Мен әкемнің жұмыстағы кезін және де оның әрдайым каска киіп жүргенін, үйге уақытында оралуын қалайтынымды бейнеледім, – дейді Иван.

Екінші орынды Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО бухгалтерлік есеп бөлімінің бухгалтері Жанар Кожанаеваның ұлы – алты жастағы Алан Исаханов иеленді. Ол өз жұмысында өндірістегі сақтық пен мұқияттылықтың маңызын көрсете білді.

Үшінші орынға ОҚТО жетекші инженер-технологы Гүлдана Әділбекованың ұлы – он екі жастағы Бақыт Ислам ие болды. Ол өнеркәсіптік қауіпсіздік сияқты маңызды тақырыпқа қатысты шығармашылық әрі саналы көзқарасын танытты.

– Қауіпсіздік жөнінде баланың салған суреті сөйлеген кезде ол басқаша қабылданады. Бұл дегеніміз есімізге отбасымызды және біздің күнделікті кім үшін жұмыс істеп жүргенімізді салу ғой, – деп атап өтті байқау жүлдегерінің әкесі – Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің электр станциясы ауысымының бастығы Денис Переверзев.

Бұл байқау жай ғана шығармашылық жоба ауқымынан асып түсті. Ол ұрпақтарды біріктіріп, қауіпсіздік мәдениеті тек өндірісте ғана емес, отбасында да – әңгіме құру, қамқорлық таныту кезінде, балалардың қарапайым ғана сөздері мен суреттерінде қалыптасатынын тағы бір мәрте еске салды.

«АлЭС» АҚ барлық қатысушыларға олардың риясыз көңілдері мен танытқан дарындары үшін алғыс білдіреді. Жас суретшілерге грамоталар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Кішкентай жеңімпаздарымызды құттықтаймыз және ата-аналарына қауіпсіз еңбек тілейміз – өйткені оларды үйлерінде әрдайым күтіп отырады емес пе.